Ұшақпен жер шарын айналып өтуді армандаған америкалық жасөспірім Тынық мұхитында апатқа ұшырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір моторлы ұшақпен жер шарын айналып өткен ең жас адам болуды армандаған америкалық жасөспірім сәрсенбі күні Самоа архипелагына жақын маңда Тынық мұхитының оңтүстік бөлігіне құлады.

17 жасар Харис Сулеман әкесі Бабармен бірге 19 маусымда сапарға аттанған, олар туған жері Плейнфилдке (Индиана штаты) 26 шілдеде оралмақ болған. Бір айдан астам уақыт ішінде 26 рет аялдап, 42 мың шақырымды ұшып өтпекке бел буған еді. Алайда армандарына жете алмады. Олардың Beechcraft Bonanza A36 шағын ұшағы белгісіз себептермен мұхитқа құлады. Харис қаза тапты, ал әкесін әзірге құтқарушылар таба алмауда.

Харистің тек әлемдік рекорд жасап қана қоймай, Пәкістанда мектеп ашу үшін қаражат жинамақ болғандығын да атап өткен жөн. Ол арнайы интернет-сайт ашып, суретін орналастырып, өзінің бұл сапары жайында жазған еді.