Ұшақтан екі жазба құрылғысы табылды — вице-министр оқиға айқындала түсетінін айтты

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL компаниясының ұшағында екі сағаттық жады бар өздігінен жазатын құрылғы орнатылған.

Бұл туралы ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастындағы эксклюзивті сұхбатында айтты.

— Әдетте, бұл екі жазба құрылғысы әуе кемесінің артқы бөлігінде орналасады. Аталған ұшақтан (Embraer E190 — ред.) екеуі де табылды және қазіргі уақытта оларды оқу үшін тасымалдап жатыр. Нақты әуе кемесінде экипаж бен ұшақтың екі сағаттық қызметін жазатын жазба құрылғысы орнатылған. Тергеушілерге оқиғаның барлық дерлік бейнесі айқын көрінеді, — деді вице-министр.

Сондай-ақ, подкаст қонағы «қара жәшіктердің» екі түрге бөлінетінін айтуда.

— Біріншісі — CVR деп аталатын дыбыстық өздігінен жазатын құрылғы. Ол ұшақта болған барлық оқиғаларды, экипаж мүшелерінің арасындағы хабарламалар мен аудиодиалогтарын жазады. Ұшу басталған сәттен-ақ бұл құрылғы автоматты түрде экипаждың қандай сөздерді айтқаны, қалай жауап қатқаны секілді барлық параметрлерді жазады. Екіншісі — FDR атты техникалық жазба құрылғысы. Ол ұшақтың техникалық параметрлерін — қозғалтқыштың айналу жылдамдығы, май қысымы, гидравликалық қысым, джойстиктің немесе рульдің орналасу бұрышы, аэронавигациялық мәліметтер және басқа да деректерді жазып отырады, — деп түсіндірді Т. Ластаев.

Эксклюзивті сұхбаттың толық нұсқасы Kazinform агенттігінің Youtube-арнасында және Jibek Joly телеарнасының эфирінде жарияланады.