Үшарал-Достық жолында 5 көліктің соқтығысуы: ҚазАвтоЖол жүргізушілерге үндеу жасады

Фото: Әскербек Қаракөз / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 14 ақпан сағат 13:30 шамасында республикалық маңызы бар KZ19-02 «Үшарал – Достық – ҚХР шекарасы (Достық шекара өткелі)» автожолының 98 шақырымындағы Көктума елді мекені маңында 5 жеңіл автокөлік соқтығысты.

ҚАзАвтоЖол мекемесінің хабарлауынша, апат салдарынан 6 адам түрлі дәрежеде жарақат алып, Алакөл аудандық ауруханасына жеткізілді.

Оқиға болған сәтте аталған жол учаскесі қолайсыз ауа райына (боран, қатты жел және нөлдік көріну) байланысты барлық көлік түрлері үшін ресми түрде жабық болған. Шектеу 2026 жылғы 13 ақпанда сағат 12:00-де енгізіліп, синоптиктер болжамына сәйкес 17 ақпан сағат 09:00-де ашу жоспарланған.

Алдын ала мәлімет бойынша, бір бағытта келе жатқан көліктер соқтығысқан. Жол апатына ұшыраған көлік иелері полиция бекеттері мен енгізілген тыйымды елемей, далалық айналма жолмен жүріп, жабық республикалық автожолдың ортасына шығып кеткен.

Сонымен қатар апаттық-құтқару жұмыстары барысында жол қызметкерлері қар құрсауында қалған 12 автокөлікті шығарып, 9 адамды құтқарды.

Осы ретте ҚазАвтоЖол өкілдері жүргізушілерге үндеу жасады.

-Құрметті жол қозғалысына қатысушылар!

Жол қызметі мамандары:

•енгізілген қозғалыс шектеулерін қатаң сақтауды;

• жабық учаскелерді бейресми және далалық жолдармен айналып өтпеуді;

• жолға шығар алдында жолдың жай-күйі мен ауа райы туралы ақпаратты нақтылауды;

• боран мен қатты жел кезінде алыс сапардан бас тартуды сұраймыз,-делінген үндеуде.

Сондай-ақ онда уақытша шектеулерді елемеу азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, құтқару қызметтерінің жұмысын да күрделендіретіні, жолдағы қауіпсіздік - әр жүргізушінің жауапкершілігі екені айтылған.