«Үшарал-Достық» тасжолында 12 көпір салынады

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – «Үшарал-Достық» тасжолының 60 шақырымы биыл қолданысқа тапсырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

«Ұзындығы 184 шақырымды құрайтын «Үшарал-Достық» автомобиль жолы Алматы облысына қарасты Ынталы, Көктума, Жалаңашкөл және Достық елді мекендері арқылы өтетін болады. Бүгінгі таңда бас мердігер «Қыран» ЖШС мен «АБК Автодор НС» ЖШС негізгі жұмыстарға кірісіп кетті. Жұмыстың сапасын «Аймерке» ЖШС, «Альянс» ИӨО» ЖШС мен «Сапаинжиниринг» ЖШС бірлесіп бақылайды», - делінген ақпаратта.

Реконструкциядан кейін Үшарал және Достық елді мекендерін жалғайтын 184 шақырымдық күре жол ІІ-техникалық санатқа сай болады. Екіжолақты болатын трассаның бойына барлығы 12 көпір, 278 құбыр салынатыны жоспарланған. Сондай-ақ демалыс алаңдары, елді мекендер маңына автопавильондар орнатылады.

Бұл жұмыстарға 363 жол-құрылыс техникасы мен 571 маман жұмылдырылмақ.

«Ағымдағы жылдың соңына дейін аталмыш жолдың 60 шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланған. Жоба аясындағы жұмыстар 2022 жылы толықтай аяқталауы тиіс», - деді министрліктен.