Үшінші елдердің импортынан түсетін кедендік түсімдер Қазақстан үшін 7,33 пайызға дейін артып отыр - Б.Жәмішев

ЛМАТЫ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Екатерина Ионова/ - Үшінші елдердің импортынан түсетін кедендік түсімдегі Қазақстанның үлесі 3,5 пайызды құрайды, бірақ Кеден одағы аясында түсімдерді бөлу туралы келісімге сәйкес Қазақстанның үлесі 7,33 пайызға дейін өсіп отыр.

Бұл туралы Қаржы министрі Болат Жәмішев еліміздің үшжақты Кеден одағына кіру мәселелеріне арналған Алматыдағы «дөңгелек үстелдің» басында мәлім етті.

Қазақстанның іс жүзіндегі үлесін қазіргі көрсеткіштен екі еседен астамға арттыруға Ресей мен Беларустың неліктен келіскеніне түсінік беріп өткен министр, «Ресей мен Беларус, қарапайым экономикалық логикаға сүйене отырып, Қазақстанның үлесін көтеруге келісті, яғни - тарифтерді көтерген кезде бюджет түсімдері де екі есеге артады. Бұл мәселеде қандай да бір саяси астар жоқ - бұл экономикалық логикадан туындап отырған мүмкіндік», деді Болат Жәмішев өз сөзінде.

«Осыдан кейін, Кеден одағына қосылудан бюджетке қандай да бір шығынның келетіні туралы есту немесе оқу ерсі мәселе. Үлестерді бөлісу туралы келісімнен кейін ел бюджетіне келетін түсімді біз 61 миллиард теңгеге арттырып отырмыз. Бюджет туралы заң қазір Елбасының қол қоюында жатыр», деді Қаржы министрі.