Үшінші сессияның жұмысы барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қоржынына 125 заң жобасы келіп түскен. Оның ішінде 114 заң жобасын Үкімет енгізген болса, 11 заң жобасына депутаттар бастамашы болған. Бұған қоса, Палатаның заңнамалық портфелінде Палатаның қарауына алдыңғы сессиялардан өткен 29 заң жобасы болды.
Мәжіліс 108 заң жобасын мақұлдады және Парламент Сенатының қарауына жіберді.
Сенат қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін 78 заң жобасы заң күшіне ие болып, Қазақстан Республикасының құқықтық базасын толықтырды.
Құқықтық реттеу заңнаманың бірнеше салаларына қатысты болды. Атап айтқанда, конституциялық құрылыс және мемлекеттік басқару негіздері туралы заңнама бойынша кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін, сондай-ақ кейбір заңнамалық актілерге еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар қабылданды.
Қаржы заңнамасы саласында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңдар қабылданды. Сонымен бірге, кейбір заңнамалық актілерге екінші деңгейдегі банктерді қайта ұйымдастыру мәселелері бойынша түзетулер енгізілді. Қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жетілдірілді. «Оңалту және банкроттық туралы» және еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық, салық салу мәселелері бойынша түзету енгізуді қарастыратын заңдар қабылданған болатын.
Ал салық заңнамасы бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
Әлеуметтік саланы жетілдіру мақсатында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң қабылданып, күшіне енді.
Сондай-ақ ғылым және инновация туралы заңнама аясында «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды.
Шаруашылық қызметті мемлекеттік реттеуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша, сол секілді сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі жөнінде түзетулер қарастырылған заңдар қабылданғанын айта кеткен жөн.
Сонымен бірге шұғыл қабылдау қажет деп жарияланған «Рұқсаттар және хабарламалар», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Сондай-ақ этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері де заңмен айқындалды.
Сот ісін жүргізуге қатысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
Қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтау саласында бірқатар заң жобалары қаралып, қабылданды. Атап айтқанда, еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа іс-қимыл мәселелері бойынша, сондай-ақ сыртқы барлау мәселелері бойынша түзетулер енгізілген заңдар қабылданды. «Азаматтық қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгеріс енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заңдар еліміздің құқықтық базасын толықтырды. Үшінші сессияда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қабылданды.
Көлік және байланыс саласын дамыту мақсатында «Жол жүрісі туралы» және соған сәйкес ілеспе заң қабылданды.
Халықаралық құқық және халықаралық қатынастар бойынша аталған кезеңде сыртқы саяси және сыртқы экономикалық сипаттағы мәселелердің кең аясын қамтитын 38 халықаралық келісім, конвенция және шарт ратификацияланды. Оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер, сол секілді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер арасында қол жеткізілген келісімдер мен шарттар бар. Сонымен бірге, Қазақстан мен Корея, Қазақстан мен Люксембург ұлы Герцогтігінің Үкіметтері, Қазақстан мен Қытай, Қазақстан мен Швейцария Федералдық Кеңесi, Қазақстан мен Вьетнам Социалистік Республикасы Үкіметтері арасындағы келісімдер мен шарттар да заңмен бекітілді. Мемлекетіміздің Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, Чех, Ресей, Қырғыз, Өзбекстан елдерімен жасасқан келісім-шарттары да осы сессия барысында ратификацияланды.
Ағымдағы жылғы 30 маусымдағы мәлімет бойынша, Мәжіліске келіп түскен және өткен сессиялардан ауысқан заң жобаларын қосқанда, Палатаның қарауында 40 заң жобасы бар. Оның ішінде 10 заң жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашы болған. 30-ы Үкіметтен келіп түскен.