«Ұшқан ұя»: Отан отбасынан басталады
Тәуелсіздік - ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Тәуелсіздік бізге бір күнде берілген жоқ, оның тарихы тым тереңде.
Кешегі 90 жылдары, тәуелсіздіктің ақ таңы атып, қазақ өз тамырынан, өзегінен нәр ала бастады. Әрине, бұл күнде Қазақстан әлем таныған елдердің қатарында. Өзін тану, өз болмысын түпкілікті білуге деген құштарлық тәуелсіздіктің алғашқы тұсында үлкен екпінмен басталған-ды. Тарихтың ақтаңдақ беттері ашылып, кешегі күнімізге еркін үңіле бастадық. Мұның барлығы жарқын тәуелсіздіктің арқасы. Бұл күнге қазақ елі оңай жеткен жоқ, қаншама қиын-қыстау зұлмат күндерді басынан өткізді. Қазақ жазушылары өткен күндердің куәсі ретінде, сол кезеңдердегі тарихи шындықты, нақты қоғамдық өмірді бейнелейтін том-том кітаптар, кесек-кесек туындылар жазды. Тарихын білмейтін ұлттың болашағы бұлыңғыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі «ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫМ» атты жаңа жобаны іске қоспақ. Бұнда оқырман назарына еліміздің танымал жазушылары жазған, кешегі күніміздің келбетін көз алдымызға әкелетін құнды шығармалар ұсынылмақ.
Бұл жобаның басты мақсаты: Еліміздің тарих қойнауына кеткен кезеңдеріне, қоғамдық өміріне қайта үңілу, сол арқылы жас ұрпаққа бүгінгі жарқын тәуелсіздіктің қадірін сезіндіру, маңызын ұғындыру, сонымен бірге қазіргі ақпараттық заманда құнды шығармаларды «интернет тіліне аударып» оқырманымен қайта қауыштыру.
«...Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды. Сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін» (Н.Назарбаев)
***
«Отан отбасынан басталады» деп бабаларымыз бекер айтпағаны рас. Осы орайда оқырмандар назарына, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, кемеңгерлікпен қол бастаған, батырлық пен батылдықтың иесіндей, асылдық пен жасындықтың үлгісіндей аты аңызға айналған баһадүр батырларымыздың бірі халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты романын ұсынамыз.
Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романы(1974) - халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы. Салт-сана, дәстүр, ұлттық келбеті өте шынайы суреттеледі. Бауыржан Момышұлы Мемлекеттік сыйлыққа (1976) ие болған «Ұшқан ұя» кітабында 1916 жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары кеңінен қамтылған.
«Ұшқан ұяда» әлем тарихы, жаратылыс шежіресі, жан-жануарлар болмысы, қауымының қалыптасуы, әлемнің пайда болуы, тірлік, өмір туралы алғашқы мағлұматтарды, азаматтық тұрғыдағы аңыз-әңгімелерді әжесінен естігенін үлкен сүйіспеншілік сезімімен есіне алған, сондай-ақ ненің жақсы, ненің жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді әжесінен үйренгенін мақтан етеді. Әкесі Момыш өз бетімен сауат ашқан, сол кездегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын. Бауыржан 3 жасқа келген соң анасы Рәзия қайтыс болады да, әжесі Қызтумастың қолында өседі. Ендеше тағылымы терең құнды кітапты бірге оқиық.
Бауыржан Момышұлы Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Туған жері - Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені. Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады. 1941 ж. Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды. Бауыржан Момышұлы - әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тасжолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Кеңес Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналысып, Кеңес Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.
***
ҰШҚАН ҰЯ (роман)
Менің бабам Имаш мың да тоғыз жүз он бірінші жылы тоқсан екі жасында дүние салған. Орта бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті - менің әкем Момыналы екен. Оны жұрт Момыш деп кеткен. Әжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған. Жарықтық, аса ажарлы, ақ дидарлы кісі екен. Ондай ару ол кезде ел арасында некен-саяқ. «Ұл біткеннің бәрі қазанның түп күйесіндей әкесіне тартып қара болды, қыз жағы өзіме тартып аққұбаша ажарлы шықты» деп отыратын еді, жарықтық. Әжем өзінің ұлдарына өңшең аққұбаша аруларды айттыруға ынтық болған. Соның кесірінен менің әкем Момыш отыз үш жасына дейін салт басты, сабау қамшылы жүріпті. Әжем оған: - Әй, қара құл, мен құдайдан саған ай көрікті ақ перизат жолықтырғай деп тілеймін. Тым болмаса, немерелерімді жиіркенбей сүйейін, - дейді екен. Бірде көрші ауылда үлкен той өтіпті. Той ойын-сауықсыз болған ба? Үлкен киіз үйдің ішінде жігіттер мен қыздар айтысып жатса керек. Той дегенде қу бас та домалайды. Кемпір-сампырлармен ілесіп менің Қызтумас әжем де келген екен. Кәрі құлағы елең етіп, киіз үйден шыққан айтыс әнін естіп қалады. Біздің ауыл Мыңбұлақ басын ала, Басыңдағы орамал жасыл ала. Көңілің бізде болса, а құдаша, Біразырақ отыршы қасыңа ала. Қыздың даусы жайдары естілсе де, жалтара жауап қатып отыр екен. Кәдімгі бас қосқан жердегі бастама өлеңнен ұзай қоймапты. Дегенмен сөз арасында «жақсы жігіт» дегенді жиілете берсе керек. Қызтумас әжем оны да сезіпті. Қарашаға, ендеше, қарашаға, Кисе киім жарасар аласаға. Бас қосыппыз бұл тойда, жақсы жігіт, Өлең айтсақ болмай ма тамашаға. Бірақ жігіт жағы алғашқы екпінінен танбай ынтық көңілін ұсына беріпті: Мыңбұлақтың сулары сылдырайды, Сұлу қыздың бұрышы бұлдырайды. Құдаша деп сыртыңнан құмартушы ем, Ескергейсің ендігі біздің жайды. «Құдашасына сонша өзеуреп отырған кім екен», - деп әжем есіктен сығалап қараса: Қара батыр, құдаша, қара батыр, Жау қайырар жасқанбай дара батыр. Тәңір айдап өзіңмен бас қосыппыз Осы кесе сіз жаққа бара жатыр, - деп өлеңмен бір бойжеткен қара қызға аяқты бұрып тұрған өз Момышы екен. Әжем сонда ұлына айғай салып: - Өзің қазанның түп күйесіндейсің, күйеге күйе жұқса - не болмақ, құдайым-ау! - деп баласын үйден қуып шығыпты. Анасының айтқанын ішінен ұнатпаса да, әкем оның ырқына көнеді екен. Баласына қанша ұрсып, қатал болса да, әжем менің әкемді жақсы көріп, мақтан тұтып: - Бұл қара құлдың түрі маған тартпаса да, ақылдылығы тартты, соған да құдайға шүкір, - деп отырар еді.
Әкем содан айтыс қуып, әндетіп жүре-жүре отыз үш жасында Байтана руынан Әбдірахманның Рәзия атты қызына үйленіпті. Ол менің шешем еді. Ол кісі мен үш 6 жасқа толар-толмаста қайтыс болған. Анамның қандай кісі болғанын тек әжем мен әкемнің әңгімелерінен ғана білемін. Қайран әжем өле-өлгенше Рәзия келінінің қазасына қайғырып өтті. Мезгіл-мезгіл тоқаш қуырып, ас пісіріп, келінінің әруағына бағыштап құран оқытар еді. - Жатқан жерің жаннат болсын, маңдайыма сыймай кеткен періштем, Рәзия, - деп өзінен-өзі отырып, көзіне жас алып қайғыратын. Сөйтіп, Рәзиядан қалған немерелерінің басынан сипап, маңдайымыздан сүйетін. Рәзияның тұңғышы Үбіш, онан кейінгілер Үбиан, Сәлима, Әлима кілең қыз бала болады. Момыш әкемнің айтуынша, мен мың да тоғыз жүз оныншы жылдың қысында, ескіше декабрьдің жиырма төртінде туыппын. Әкем ол күні Әулиеата шаһарында екен. Мен туған соң, Имаш бабам жан-жаққа кісі шаптырып, әкеме де хабаршы жіберіпті. Біздің ауылдың Байтоқ деген кісісі алпыс шақырым Әулиеатаға ат сабылтып жетіп, әкем жатқан үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтуға дәрмені келмей, Момышты құшақтап жылай беріпті. Әкемнің қарындасының үй-іші үрпиісіп, бір жаманат хабар жеткен екен деп қорқып қалады. Ақыры бөрі Байтоқты жұлмалай, «не боп қалды, айтсаңшы» деп тақақтағанда ғана, Байтоқ: - Жеңешем ұл тапты, - депті. Үрейден үрпиіскен жұрт енді мәз-мәйрам болып, қуаныштары қойындарына сыймай, Байтоққа сүйіншісін беріп аттандырыпты! Әулиеатадан әкем қайтып келгенде, ағайын-жекжат құтты болсынға жиналып қалған екен. - О, Момыш, балаңның бауы берік болсын! - Ақментей бабасындай батыр болсын! - Ақмолда Батыр бабасындай мәрт болсын! - Бәйдібек батырдың әруағы қолдасын! - Домалақ анамыз жар болсын! - десіпті. Сөйтіп, шілдехана тойға ұласыпты. Той соңында Имаш ағам алақан жайып ел қарияларынан бата сұраған екен. - Төл немерең, бел немерең ғой. Бата жөні де өзіңдікі, - десіпті ақсақалдар. Сонда Имаш бабам былай деген екен: Алатаудың қыраны мол еді - Қырағы болсын, құлыным - Қойнауы суға мол еді - Бұлағы болсын, құлыным. Елінің тілегі зор еді - Шырағы болсын, құлыным. Ата тілегі оң еді - Құмары болсын, құлыным. Бұл жер батырлар төрі еді -Сыңары болсын, құлыным. Жарық дүниеге келгеніме екі-үш ай болғанда, шешем мені күн көзіне шығарып, Имаш атамның алдына әкеліпті. Атам ерте көктем алдында ағаш отырғызып жүр екен. Ағасының қолын ұзартып. қолғабыс беруге келді, - депті шешем ізетпен иіліп. Атам еміреніп мені алақанына алыпты. Қолыма жас бұтақ ұстатып: Құрық деп берсем - құл болма, Шыбық деп берсем - шіл болма. Бәрінен де, шырағым, Баяны жоқ ұл болма, - деп келініне мені қайтарып берген екен. Атасымен алғашқы дидарласуының құрметіне деп, алғашқы өсиет өмірлік өнеге болсын деп әкем сол күні кешке мал сойып, ауыл ақсақалдарының басын қайта қосыпты.
* * *
Мен туғанда, әкем елуді еңсеріп қалған кісі екен. Әжем жарықтық әкемді балаларымның ішіндегі еті тірісі осы болды деп отырар еді. Әкем өз бетінше талпынып жүріп ескіше сауатын ашып алыпты. Содан өле-өлгенше өз бетінше оқып-тоқыған адам. Ол есеп-қисапты тәуір білетін. Тіпті орыс алфавитін де ежіктеп шығара беруші еді. Жас күнінде ағаш ұста болыпты, етікші де атаныпты, тәуіпшілдігі де бар екен. Әсіресе, зергерлікті жақсы көрген. Біздің елде одан өткен зергер ұста болмаған. Жігіт күнінде қыз-келіншектің көңілін аулау амалымен үйренген зергерлік өнерін әкем қартайғанда тастамаған. Мұнда ол соққан сақина-білезікті салып жүрген көзі тірі кемпірлер бар. Ал, ол кемпірлер бір кезде уылжыған жас еді ғой. Әкем өз жанынан өлең шығарып, жиын-тойда айтысқа да түсіп жүріпті. Ескі ақын жыраулардың термелерін, қиссаларын жақсы көріп тыңдайтын. Бірақ жатқа айта алмаушы еді. Момыш әкем ат жалын тартып мініп, бозбала халге жеткенде, Имаш бабам шаруа билігін соның қолына беріпті. Ауылдағы келін-кепшікті бір шыбықпен айдайтын адуынды Қызтумас әжемнің өзі де: - Момыштан сұраңдар, Момыш біледі, - деп отырады екен. Ағайын-туған арасындағы алыс-беріс, көші-қон мәселесі, ас-той, дау-дамай - бәрі-бәрі Момыштың араласуынсыз шешілмеген. Әлдеқалай ол жол жүріп кетсе, сапардан қайтып келгенше тірлікті соған қаратып, жолын күтіп отыратын болған. Имаш бабамның көзінің тірісінің өзінде біздің шағын ауылды - Момыш ауылы дейді екен. Шаруамыз шап-шағын еді. Біздің үйдің іші қартайған Имаш бабамнан бастап, есін енді- енді біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табан ақы, маңдай терімен тапқан. Ешкімді жалдамаған, ешкімге жалданбаған. Жас кезінде әкемді әйелдер жағы «Молда бала» дейді екен, кейін «Ұста бала» дейтін болыпты. Ал, әжем оны «Қара қатпа» деуші еді. Әкем орта бойлы, арық қара кісі еді. Маңдайы жап-жазық, қасы қалың, көзі шүңгіл еді. Сол арықтығына қарамай, керемет күшті болатын. Әжем оны «Тарамыс» деп те атайтын. Сол күштілігіне бола атаса керек. Мен бірде әжеме: - Неге «Тарамыс» дейсіз? - деппін, әкемді кемсіткен екен деп. - Не десе де шешемнің еркі, - деп күлді әкем.- Қарай гөр, мына жаманды, әкесіне болысып жатыр-ей, - деп әжем өтірік ашуланған болды. Әлі есімде, бір рет әкемнің Момынқұл дейтін інісі әжеме: - Қойшы, апа! - деп дауыс көтеріп қалып еді, әжем тарс кете жаздап: - Сен тұрмақ, Момыш маған осы күнге дейін бетіме тік қарап сөйлеген емес. Сен қайдан шықтың, иттің күшігі! Жоғал, көзіме көрінбе! - деп үйден қуып шықты. - Не боп қалды? - деп әкем кіріп келді, әжем оны аймалап, арқасынан қағып: - Апау інің көргенсіздеу боп бара жатыр. Жөнге сал туысқаныңды, - деді. - Мақұл, апа, сазайын тарттырайын. Бірақ ұрмай-ақ қояйын, мақұл ма, апа, - деді. - Мейлің, - деп күрсінді әжем. Момынқұл көкем сол түні қой қорада түнеп шықты. Таңертең әкем оны жақсылап сөгіп салып, басқа бір ауылға бір аптаға аттандырып жіберді. Сол екі ортада әжем енді Момынқұлын сағынып: Әй, әлгі тентек неме қашан келеді? - деп қайта-қайта сұрай бергені ғой, жарықтық.
* * *
Ол кезде біздің елде хат жазып, қара танитын адам некен-саяқ. Молда дейтін молдалардың өзі құранның о жер, бұ жерінен шала-шарпы жаттап алғаны болмаса, нағыз дүмшелер. Ал, Момыш болса, өз бетінше тырмысып сауатын ашқан кісі, сонысымен бүкіл аймаққа әйгілі, сыйлы адам еді. Жаңадан билік құра бастаған орыс әкімдері алым-салық қағаздарын шығарып, қол қою, бармақ басу деген әдетке айналды. Шағым жазу, арыз жазу салт болды. Ал, қара танымайтындар арыз жазып бер деп әкеме келеді. Әкемнің әділдігіне сенеді. Ояздың қасында о кезде тілмаш болар еді. Тілмаш дегенің елді билеп-төстеген сұмпайының өзі. Соның аузы дуалы. Ұлыққа сол не десе - сол болады. Арызды тілмаш оязға не деп аударып жатқанын сауатсыз қазақ қайдан білсін. Әкемнің айтуына қарағанда, тілмаш дегенің пара жегіш, дауласкер, екі жақты бірдей сорушы жемқор болған. «Сенің сөзіңді сөйлеймін», - дейді де, ұлыққа әңгіменің өңін айналдырып жеткізе береді. Ел ішінде неғұрлым дау-дамай, айтыс-тартыс, жанжал көп болса, ұлық пен тілмашқа соғұрлым тиімді. Екі жақты бір-біріне айдап салып шабындырып, сабылдырып, шығындатып, арандатып, алдап ұрып ала беру со кездегі шиновниктердің, атқамінерлердің тәсілі болған. Ол кезде әрбір үш жылда ояз болыстар мен билердің төтенше съезін шақырар еді. Оның қарсаңында сайлау науқаны сапырылысып, екі ұдай тартыс, жік-жік айтыс, пара беру, жала жабу, бірін-бірі тірсектен қағып, орға жығу,айла-тәсіл, қулық-сұмдық, болыстыққа талас өрттей қаулай берер еді. Сайлау тәртібі бойынша тас салуға елу түтіннен бір кісі өкілдік алады. Ал, іс жүзінде бір рудың атынан бір мықты ғана сайлаушы. Бір ру елдің еркін сыртынан сатып, сол елдің азаматтарының атынан сөйлеп, сонысы үшін пара алып жүретін пысықтар аз емес.
Шынтуайттап келгенде, дауыс беріп, тас салу деген де жай сөз. Чиновник оған қарамайды, болыстыққа таласқандардың қай жағы дүниені көп берсе - сол жағына қарай қағазды икем деп жібереді, сайлау қағаздарын қалай жасаймын десе де өз қолында. Соны білген атқамінерлер ояздың чиновнигінің аузын алуға жанын салып бағады. «Ояз шықты, сияз бардың» кері келеді. Күштінің алдында байғұстар «бас изейді шыбындап». Бақталастар бірін-бірі балағаттап, қаралап бағады. Домалақ арыз ағылады-ай келіп, арызды оқып жатқан ұлық болмаса да, қайран қазекең арыз жазып қалуды парыз санайды. Ол болмаса басы ауыратындай көрінеді, бойына ас батпайтындай көрінеді, ұйқысы шала, күлкі жоқ, есі-дерті айбақтатып арыз жазсам дейді, баяғы. Бір жолы өңшең атқамінер пысықтар сайлау алдында жиналып алып, қатты сассын. Жандары алқымға келіп, қиналып, тығырыққа тіреліпті. - Ойбай, қағаз тоқтап қалды! Қағаз тоқтап қалды! - дейді ғой бір-біріне қатты сасып. Асу бермес асқар белдің алдында амалы құрығандай боп тұрған кездері екен. Ішінде әкемнің нағашысы Байтана Текебай би де бар екен. Ол кісі қайта сайланудың сары уайымымен аһылап-үһілеп берекесі кете беріпті. Оязға дер кезінде мына қағаз бармайтын болды деп қатты қайғырғаны сонша, соны көріп менің әкем Момыш: - Не боп қалды? Неге қиналдыңыз? - деп сұрайды. - «Жартыны» ешкім жаза алмай қойды ғой, құдай-ау, - депті би. «Жарты» дегені 1/2 екен. - Мен жаза аламын, - депті менің жиырма төрт жасар әкем. Сен жаман неме. не жазып жарытамын дейсің. Екі күннің жүзі болды, ол қиын жазуды мына оқыған молдалардың өзі түсіре алмай отыр, - деп Текебай сене қоймайды. - Мен жазып берсем, қайтесіз, - депті әкем. Әкемді салы суға кетіп отырған молдалардың ішіне алып барады.
Сонда Момыш 1/2 деп жазып, жарты дегеннің осы екенін түсіндіріп беріпті, қанша күн басы қатып, қамалып отырғандар өңі кіріп, кайта тіріліп, қуанып, құнжындасып, әкеме тәнті болып қалса керек. Текебайдың бақталасы - Талас Алатауының бөктерін жайлаған Жаңабайдан шыққан Байзақ датқаның баласы Қабылбек деген кісі екен. Байзақ датқа заманында Қоқан ханына қарсы шығып, содан қапыда қолға түсіп, Құдияр ханның жарлығымен зеңбіректің аузына байланып, атылып кеткен. Енді, міне, сол Байзақтың елу жастағы ұлы Қабылбек Текебаймен тіресіп қалған кезі екен. Қабылбек жағы Текебайды ұры деп, әділдігі жоқ парақор деп, ұлыққа жамандап жаза берсе керек. Сонда Текебайдың отыз жастағы үлкен ұлы Серкебай Қабылбек жағының әлгіндей жаласына шыдай алмай, жанына он жігіт ертіп, Қабылбектің аулына тасырлатып жетіп барған дейді. Қабылбектің қарсы алдына отырып алып, қамшысын жерге шиіріп тастап, бір бәлеге бастап, қалың жұрттың арасында Байзақ датқаның баласын ой, балағаттайды келіп. Айтпағанды айтады. Елде зәре қалмайды. Қан төгілмесе неғылсын деп қалтылдаған халық. Ақ орданың сыртындағы әйелдер жағы әруақ, құдайға сыйынып, сыбырласып қана сөйлеседі. Ал, Серкебай ақиланып алса керек, ар-намысқа тиетін ауыр сөздер айтыпайғайлап отыр. Қабылбек сонда қыбыр етпепті. Ләм деп тіс жармапты. Қабағын да қақпапты. Жаңабай жағы улап-шулап, намыс буып, кек қысып, орындарынан тұра-тұра ұмтыла бастаса, Қабылбек оларға тек қолымен белгі беріп басып тастап отырады. Бірақ тіс жармайды. Аталас ағайын-туғаны бұған шыдамай, қаны қайнайды. Қабылбек тырс етпейді. Оның бұл қылығына ыза болған сотқар Серкебай одан бетер одыраңдап, айтпағанды айтса керек. Ақырында атына қарғып мініп, он жігіті жанында, ауылына салып ұрып қайтып келіпті.
Серкебай кеткен соң Жаңабай жағы жабылып Қабылбекке наразылық айтып жатса керек: - Ойбай-ау, неге бізді бөгедіңіз? - Ақ орданы басындырып қойғанымыз қалай? - Әруақ! Әруақ! Әруақтың сай-сүйегін сырқыратып қайтіп тірі жүреміз, ойбай! - Байзақ датқаның басынан ешкім асып көрмеген! Біз не боп барамыз! - Әлгі әупілдеген төбеттің көтінен қуып барып, қара қап құстырмасақ, жер басып тірі жүргеніміз құрысын! Аяғынан салбыратып ағашқа іліп қоймасақ, атымыз өшсін! - Аттанайық! Аттан! Аттан! Байзақ! Байзақ! Дес бермей, елеуреп, өкпелері өрекпіп, өршеленіп алған ағайындарын Қабылбек бір-ақ сөзбен қайырып салып: - Тоқтат! - деп ақырып қалған. - Опық жейтін сол Серкебайдың өзі болады әлі, - депті. Ағайындары, амал жоқ, тыйылыпты. Ал, Серкебай әкесі Текебайдың алдына барып мақтанып тұрса керек: «Екі аяғын бір етікке тықтым Байзақ әулетінің. Қаһарлы Қабылбектің өзі жұмған аузын аша алмай қалды. Былай деп боқтадым, былай деп балағаттадым». Текебай сонда баласына: - Ақымақ! - депті. Серкебай үйден атып шығып, өз отауына барып, екі күн қатарынан нәр татпай, өкпелеп жатып алыпты. Ал, сайлауға дайындық қыз-қыз қайнап жатса керек. Үшінші күн дегенде Серкебай әкесіне келіп, аяғына жығылады. - Мені құдай сыйлады. Өзімнен жиырма жас үлкен Қабылбектің бетінен алып, тілім тиді. Ел көзіне қарайтын бет қалмады.
Текебай ат-шапан айыбын дайындап, жанына жиын ертіп, Қабылбектің ордасына өзі барған екен. Жаңабай жағы Текебай қол жиып соғысқалы келе жатыр екен деп қалса керек, өздері де caп түзеп, сақадай сай қарсы шығады. Қабылбектің ордасына ат шаптырым қалғанда Текебай қасына Серкебайды алып, басқалардан оқ бойы озып шығып, әкелі-балалы екеуі Қабылбек жағына келе жатады. Қабылбек те: «Е, мынау соғысатын жерді айт деп келе жатыр ғой», - деп өзі жеке шығып, Текебайға тура тартады. Сонда Текебай сонадайдан аттан түсіп, Қабылбектің қасына келіп: -Менің күшігім саған қарап шәуілдесе керек, Қабылбек! Айыбын көтергелі келдім алдыңа. Кешіремісің, сірә! - депті. Мына сөзден Қабылбектің қабырғасы сөгіліп,қалбалақтап атынан аунап түседі: - О, текті би Текебай! Сенің балаңның айыбынан менің айыбым асып кетті білем. Аға болсаң да, сені мен аттан түспей тыңдаппын-ау. Сен кешіремісің мені? Бұл әдепсіздігім бүкіл әулетімізге таңба болатын болды ғой, ой әттегене-ай. Ат-шапан айып сенен емес, менен, ақсақал! - деп үстіндегі зерлі шекпенін шешіп Текебайдың иығына жауыпты. Сөйтіп тұрып Жаңабай жағына қарап: - Уа, ағайым! Сайлауда Текебайға дауыс беріңдер! Мен қойдым дауысқа түскенді! - деп айғай салған. Әлбетте, ағайын арасы аз күн араз-құразсыз болғанмен, мансап, дәреже, атаққа таласу, айқай-шу, дырду тоқталмаған. Аз күн жарық дүниеде атақ үшін, билік үшін алысып, жұлысып ғұмырын өткізген қу заман екі жақты итжығыспен, алма-кезек арандатып қойған. Дүниеден Текебай би де, Қабылбек болыс та өтті. Ал олардың аттандаулы аламан- тасыр өміріндегі бір парасатты сәт әлгі сол екеуі де аттан түсіп бір-бірінен кешірім сұраған кез екен.
Текебай бидің тоқтап қалған қағазын «жүргізіп» жібергеннен кейін, Момыш әкеме талай рет болыстың писары бол деп қолқа салса керек. Бірақ әкем көнбепті. Ұлыққа писарь болған соң бас бостандық жоқ, басыбайлы, болыстан кіріптар боп қаламын дейді екен. Жалғыз атты кедей болса да, кісіден кіріптар болғанды қорлық санап, аз күн жарық дүниеде азаттық аңсап, қатықсыз қара су ішсе де, бай-манапқа алақанын жаймаған. Әкемді жиырма сегіз жасында ауылдың старшыны сайлапты. Он жеті жыл старшын боп тұрып, он сегізінші жыл дегенде бұл дәрежесін өз ықтиярымен құрдасы Ереш деген кісіге берген екен. Әкем жарықтық өмірінің ақырына дейін ел арасында «Тура Момыш» атанып кетті. Қанша жыл аз ауылдың кішігірім әкімі болса да, бүйірі томпайып, мал біткен емес. Бар байлығы жалғыз аттан артпапты. Әйтсе де кедейдің қолы жомарт. Әкемнің қызғаншақтық. бақталастық дейтін қу мінезі жоқ, қолы ашық кісі болған. Бары болса, кісі шақырып, той-томалақ өткізуге құмар боп тұрар еді. Дүние, мал жиюды жек көретін. Бір жолымен, ес білігі, етек жиған кезім, базар барып азын-аулақ ақшаны жаратып қойсам керек, өгей шешеміз мұныма күңкілдеп ұрса берді: - Әлден ұрма, ақша бітсе шашып жүреді, тұра бара не болады?! Әкем сонда өгей шешеме жай ғана: - Е, ақша дегеннің өзі шашуға шығарылған нәрсе де, - деп тастады. Бала кезімде алыстағы ауылымызға арбаменен бақалшылар келер еді. Өрік-мейіз, алма- алқоры, қант-науат, тәтті-мәмпәси деген соларда. Бала біткен әкемізден ақша сұрап қыңқылдаймыз келіп. Бақалшы да сұм-ақ: көзімізді қыздырып қызыл алмасын көрсетіп,бірлі-жарымын топ баланың ортасына лақтырып жібереді.
Әлгі алмаға сонда жатып кеп таласамыз-ай келіп. - Алма бар, өрік бар, Алмасаң да көріп қал, - деп бір жағынан саудагер де сұңқылдап жан қоймайды. Алма бізге таңсық. Қайран қазақ. Сөйтсек, алма дегенің біздің Мыңбұлақтың бойына өскенде де мәуелеп қалады екен. Ол кезде бағбандықты құнттамаған елміз. Ал, бақалшы айқайлап бара жатады. Айна бар, тарақ бар, Алмасаң да қарап қал! Біздің апаларымыз алма-алқоры алғаннан гөрі, сол құрғыр айна-тарақ, ине. жіп алғанды пайда көреді. Тек әкем Момыш қана бала құмарлығын түсінетін еді. Әке-шешесі ақша бермей, бұртиып тұрған балалардың бәрін қаз-қатар тізіп қояды да бақалшыға: - Әй, сарт, өрігіңнен бір қадақ, мейізіңнен бір қадақ, мәмпәсиден бір қадақ тарт,- дейді. Соның бәрін тепе-тең бәрімізге бөліп береді. Тіпті сонда бала көтерген келіндері де келіп: - Ал, атаңа бар, атаңа бар, тәтті береді, - деп тұрар еді. Әкем базардан қайтқан күні біздің үйде кішігірім той сияқты жиын болатын. Қоржынның екі басы базарлыққа толып келеді. Сонда өрік-мейізге бір тойып қаламыз. Бала біткен сондықтан әкемді жақсы көретін. Асылы, істеген жақсылығыңды бала тәуір біледі. Кейбір үлкенге істеген жақсылығың зая кетеді. Қолдан келсе, баланы қуанту керек. Ол қуанса - шын қуанады. Ал, ересектердің арасында «сырты жылмаң, іші арамдары» кездесетінін, құдайға шүкір, көріп жүрміз. Қолдан келсе, баланы қуанту керек. Әкем менің сондай кісі еді, жарықтық.
* * *
Аспанмен тілдескен ақбас шоқылар есімде. Күн шығып келе жатса керек. Ақ шоқылар алаулап көз қарығар алмастай жарқырап ала жөнелді. Күнде бұл уақытта киіз үйде пырылдап ұйықтап жататын бала, әлдеқалай оянып кетсем керек, әлгі күннің, тау шоқыға асыла шығып келе жатқанын көргенде, дүниенің бұл кереметіне түсіне алмай тұрып қалған болармын. Тау бөктерінің таңғы самалы тіс сақылдатады. Мына күннің шығып келе жатқан суретіне қадала қарап қалған қалпымды салқын самал да бұза алмаған болар. Ойпаңда қаз-қатар киіз үйлер. Бөктерді жағалай қой өріп барады. Қойтас екенін, қой екенін біліп болмас, тау бөктері толы мал. Күн көтерілгенше, шығыстағы шоқының ұзын көлеңкесі шатқалды көлегейлеп жатып алады. Күн көтеріле, көлеңке де қысқара береді. Шатқал алтын нұрға малынып, дүниенің бір шалқыған шағы басталады. - Ойбай-ау, мына күшіктің әлден тұрып кеткені несі, - деп киіз үйден апам шығады. Әжемді мен апа деймін. - Кішкентай ғана құлыным менің, ерте тұрып кеткенің қалай? - деп апам мені қолымнан жетектеп алады. Мен тырмысып, үйге басқым келмейді. Әлгі бір күн шоқыдан шығып келе жатқан шақтағы ғажайып суреттен айрылғым жоқ-ақ. - Жүр, қымыз құйып берейін, ақыр ерте тұрыпсың ғой, - дейді апам. Мен жалаң аяғымды тасқа тіреп, тыртысып бағамын. Сөйтсем кәрі апам: - Жүрмесең мейлің, қымызды түк қалдырмай өзім ішіп қоямын, - деп үйге кіріп кетеді. Сонда барып мен бақыра жылап апамның соңынан тұра жүгіремін.Қайран, балалық-ай десеңші! Алыста қалған арайлы адал таңдарым менің. Онда мен кіп- кішкентай сәби едім. Ал айнала таулар да, үйлер де, қойтастар да, жылқылар да - бәрі- бәрі үлкен болатын. Адамдардың бәрі «айналайыннан» басқа сөзі жоқ, кілең мейірімді жандар болып көрінетін... Қария кісілердің сақалынан қасиет-қадір белгісі көрініп тұрар еді маған. Ер мінез жігіттердің кесек тұлғаларынан, шашбаулары сылдыраған қыз- келіншектердің жүріс-тұрысынан мен адамзаттың асқақ сұлулығын түйсіксіз байқағандай болармын. Солардың бәрі мені аймалап, сүю үшін жаратылған жандар сияқты сезілуші еді. Ол-ол ма, анау асқар таулар, етектегі еңісті шексіз дала, көгілдір аспан, түнде жымыңдаған жұлдыздар, толықсып туған ай, жасыл жайлау - бәрі-бәрі тек маған ғана елжірей қарап, мені ғана аймалап әлдилейтін сияқты еді. Дүние сенің сәби кезіңмен көргендегідей өмір бойы қайырымды, аспаны - күмбез, желі - жібек, әдемі ертек болып тұра берсе, кәне. Тек оқта-текте ауылдың үстін, тау бөктерін тұнжыр бұлт торлайтын.
Бұлт сонда үн-түнсіз шаруақор менің әкеме ұқсайтын. Ал күн күркіресе, апамның ересек балаларына ақырып- зекіргені есіме түсіп, жым боламын. Жаңбыр жауса - жас баланың көз жасындай, кімді аяйтынымды білмеймін, әлдекімге жаным ашып, жаңбыр жауса жылағым келер. Биелер шұрқырап, құлындар құтырып, ауылды айнала шауып еріксіз елеңдетеді. Алақұйын айдалаға сен де жүгіре жөнелгің келеді. Енді бірде аспанға аң-таң боп қарап қаласың. Буда-буда бұлттар жалы желбіреп шауып бара жатқан асау айырлар сияқты. Кейде шөгіп жатқан түйелер сияқты. Кішкентай қолдарыңды созып, сол керемет дүниеге ұшып барып, әлгі қанатты тұлпардың жалынан сипалағың келеді. Баланың бақытты шағы сол кереметке сенгенінде шығар. Кейін есейе келе әлгі бұлттың су екенін, күннің қызуымен бу болып ұшатынын білу қандай қатал. Ертексіз өскен бала - рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті! Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда. Бөстекке отырып алып, басымды бауырына қысып, кәрі алақанымен арқамнан томп-томп қағып қойып: Балам менің қайда екен? Қыздарменен тауда екен. Тауда неғып жүр екен? Алма теріп жүр екен. Алмасынан кәнеки? Жаңа теріп жүр екен.
Қызыл алма қолында Қыз-бозбала соңында, - деуші еді-ау. Кейде қиястықпен қыңқылдап мазасын ала берсем, алдына алып отырып: Жылама бөпем, жылама, Жілік шағып берейін, Жілігінің майы жоқ Жіпке тағып берейін. Көк сиырдың сүтінен Көже жасап берейін. Оның тұзын кім татар Жыламайтын ұл татар, - деп мәпелейтін еді. Сол кезде әдемі әнге елтіп жатып балбырап ұйықтап кетер едім.Қайран сол балалық, қайта келермісің, сен! Кей кезде сол бір алаңсыз балалығыңды аңсап, еріксіз сағынасың. Әлдеқайдан асыр салып, жол шаңын бұрқыратып, тұлымын жалбыратып, екі бетін албыратып, дүниені даңғыратып сол балалығым шыға келетіндей, айналаңа жалтақтай беретін кездерің жиі болады. Алайда бал балалық қайдан келсін. Ойыңа сол шақтардың өрнектері ғана, үзік-үзік бөлшектері ғана, сапырылысқан ретсіз саздары ғана оралады. Сен соны тұшынасың да тамсанасың. Тамсанасың да еріксіз жымиясың. Осы сәтте бір шеттен балалық дәуірдің бір елесі де жымиып тұрғандай сезіледі. Біздің кейде өткенді еске алсақ, тұтас тұлға іздеп, бүтін бір жүйелі оқиға іздеп, кесек- кесек кереметтер іздеп, ерекше мән беріп қарайтынымыз бар. Дәл осы өлшем балғын кезге келе бермейді. Өйткені бала жүрегі, бала көңілі, бала ойы алғашқы көргенін, алғашқы сезгенін, алғашқы тұшынғанын қаз-қалпында, тұнық күйінде болмысына ұйытып алады да, сол қалпында сақтай біледі. Бала қиялы ол көргендерінен көлемді ой түйіп жатпайды, қайта үзік-үзік үміттің өзінен рахат сезімге бөлене береді. Дәл қазір менің көз алдыма да сонау сәби кездегі қызық пен қуаныштың елестері түйдек-түйдек жаңғырып, жанымды жай таптырмай отыр. Көзге ыстық көне суреттерді қайта қарағандай, соның бір- екеуін келтіре кетейін. ...
Міне Үбиан әпкем үлкен үйден шықты да, қазан басына бет алды. Мен оны көре сала борсаңдап, сүріне-қабына еркелей жүгірем. Әпкем аяғымды жерге тигізбей қағып алып, аспанға көтереді. Мен сықылықтай берем. Әпкем биікке мені бой создырып мәз болады. Сонан соң ол кенет ет бауыры елжіреп мені қамзолының омырауын ашып, қойнына жасырып алады да, жүгіре жөнеледі. Бауыр құшағы қаңдай ыстық еді, шіркін... Енді бірде ортаншы әпкем Әлиман мені ойнатып жүріп, үйдің ескі-құсқысынан дөңгелек қора жасады. Сол қораға еліктіріп әкеп қамап, аузын ермен бекіткені бар. Өзі көрші қыздармен кетіпті. Содан қоршаудан шыға алмай, жалғыз өзім бақыра беріппін, бақыра беріппін. Бұл «азаптан» жеңгем келіп құтқарып, «әй, жаман қыз-ай!» - деп әпкемді жазғырып, мені әлдилеп еді. Көпке дейін ортаншы әпкемді жек көріп жүрдім...
* * *
Әлі есімде... Әкемнің кенже інісі мені оң алақанына тік тұрғызып алып, алты қанат үйдің ортасында арлы-берлі жүріп алды. Мен болсам зәре құтым қалмай қорықсам да, тіземді бүкпей қаздиып тұра беріппін. Көкем «Қаз! қаз!», - деп өзімен-өзі. Атамның ескі түлкі тұмағына отырғызып, мені керегеге іліп қойған да сол көкем ғой. Өзі киізге жайғасып алып ұзақ уақыт әуестікпен әурелеп еді. «Ал, кәне, балапаным? Қанаттанып қашан ұшасың?..» деп қояды. Мен қыңқылдап жылай бастағанымда, «дуана келіп қалады» деп қорқытқан... Содан бастап көкемнің көзіне түспеуге тырысатынмын...
* * *
Әкем базардан келе жатқан. Үлкен әпкем мені әкемнің алдынан алып шықты. Әкем қоржынды түзулеп, ерге мені отырғызды. Жалма-жан ердің қасынан шап беріп ұстай алдым. Әкем ат тізгінін жетектеп келеді. Үйге дейін отыз шақты қадам болса да, мен ердің екі жағына алма кезек ауытқып, қоржын ішіне сырғып түсе бердім. Әкем рахаттана күліп алып қайтадан ерге отырғызады. Әпкем болса қатарласа жүріп: «Қорықпа, қорықпа! Берік отыр!» - дейді. Бұл менің ат жалына алғашқы қол артуым еді.
* * *
Тағы бір жай ойыма оралады... Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен... Әкем дастарқан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?!» - деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассялам алейкүм, аталар» деп әр сөзді қадай-қадап айттым. Бұған, әрине, бәрі күлісіп жатыр. Өткенмен мені араз етіп алмау үшін бәрі де бір ауыздан «алейкүм салам!» десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді», - дейтін.
* * *
Әкем маған ата-тегіміздің аты-жөнін үйретуші еді. - Кімнің баласысың? - деп сұрайтын ол. - Мен Момыштың ұлымын. - Момыш кімнің баласы? - Момыш - Имаштың баласы. Осылайша жеті атаға дейін жетелеп отырып санатады. Ал келген қонақ ең алдымен атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді тексеретін. Ел танудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кезде кім білген.
* * *
Әжем малдың «тілін» ұғуды үйретуші еді. - «Қозы маңырайды, бұзау мөңірейді, құлын кісінейді, бота көзі мөлдіреп ақсайды, қодық ақырады...» Әжем маған зұлым қасқыр, жымысқы түлкі, дәрменсіз қоян, сүйкімді құс, сұрапыл сұңқар жайлы ертегілер айтатын...
* * *
Кавказды аралаған кезімде үш күн қатарынан ашық аспан астында түнегенім бар. Сонда ұзақ уақыт ұйқым келмей елес қуып, өмір өткелдерінің теңізіне жүзіп кеткен кездерім көп болды. Сол өткелдердің көбіне аялдамай, балалық шағым мен әскери өмірімнің белестеріне қайта-қайта көтеріле бергенімді өзім де аңғармай жаттым. Қасымдағы серіктерім ұйқыда жатқанда, мен ұшып тұрып әлгі елестерімді, ойға түскен оқиғаларымды қағазға түртіп алғым да келді. Алайда оған жарық қайда. Мен тек аспанға қарай бердім. Менің шарасыз күйімді түсінгендей жамыраған жұлдыздар жан-жақтан жымыңдап көз қысады. Әлдеқайда алыс тоғай ішінен, тау жынысының тыныштығын қорғағандай, үкінің үні құлаққа келеді. Қылаусыз ашық аспан... Жарқын күлкісі жүзін жайнатып жібергендей биікте ай баяу жылжиды. Майда, мамық сыбдыр бар - бұл түнгі ұйқыдағы ағаштардың тынысындай секілді... Өркеш-өркеш жота. Жоқ, бұл қаз тізілген түйелердің өркешіндей елестеді. Сонау көгілдір аспан жиегінде шөккен түйенің өркештері көз алдымнан кетпей тұрып алды... Бұл Алатаудың айғыз-айғыз шындарына тіпті де ұқсамайтын еді. Нағыз алып өркештер көргендей болдым. Сол сәтте тағы да бала кезім ойға оралып еді... Онда мен бесте ме, әлде алты жаста шығармын. Әжеммен бірге жатушы ем. Әже құшағы қандай ыстық, қандай мейірбан десеңші. Көзім ұйқыға кеткенше, әжем айналып- толғаныпарқамнан қағып жатқаны. Еркелеп жатып қалғып кеткеніңді өзің де аңғармай қаласың. Бір күні түн жарымында оянып кеттім. Орнымнан сездірмей тұрдым да, әжемнің төсегінен алыстай бердім. Ондағы ойым қораның екінші бетіндегі .жем жатқан үйге бару еді. Екі үйдің ортасында иін тіресіп, мойындарын көкке созған күйі маңғаз түйелер жатыр екен. Жүндері үлпілдеп түнгі самалға желпілдегендей сезілді. Түйелердің арасымен жүріп келе жатып мен мамық жүнді ақ ботаның қасына еріксіз тоқтадым. Осы жерде отырып жұлдызды аспанға телміріп ұзақ қарағаным есімде. Ай мені еркелете күлгендей сезілді. Ал қаз тізілген түйелердің өркеші тау жоталарындай көлбеңдеп көрінгендей еді. Түннің мамықтығы сонша, мен боталардың баяу демін айқын естіп тұрдым. Мен әкеме келе жатқанымды ұмытып, осы жерде таңырқап тұра беріппін...
Ертеңіне үйдегілер мені екі ботаның ортасында ұйықтап жатқан жерімнен тауып алды. Әкем мейірлене күліп алды, ал әжем қатты ашуланды. Содан бастап әжем үйдің есігін бекітіп алатын болды... Осы бір алыста қалған балалық шақтың бал түні сұрапыл соғыс кезінде елестер деп үш ұйықтасам түсіме енген емес еді. Алайда қан майданда жүріп мен сондай түнді елестеткенім бар. Өзімді көп өркештің ортасында, тау ішінде, нұрлы айдың аясында баяғыдай кіп-кішкентай сәби сәтімде тұрғандай сезіндім... Сөйтіп мен бес жаста едім. Ауылымыз Алатаудың Ақсай және Көксай шатқалынан төмен ауып, жаз жайлаудан Мыңбұлақ ойпаңына келіп қонып жатқан. Бұл жер шөбі шүйгін, айналасы ашық, жалпақ жазық. Сол жазыққа ауылымыз жағалай үй тіге бастады. Ерте күздің еріншек күні қоңырқай жылуын себелейді. Ел іші көші-қоннан әлі басыла алмай абыр-сабыр. Көз жеткен жердің бәріне мал қаптап, жағалай жайылып жатыр. Үлкендер қамқор тірліктің қамымен жүргенде біз емін-еркін ен жазықта жалықпай ойнаушы едік-ау. Өстіп жүріп есейе бергенімізді де аңғармай қалыппыз. Даланың «дарқан балабақшасынан» қол үзер сәт жақындай беріпті.
* * *
Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата-аналарымның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола береді... Өйткені есейе келе көрген көп ұстаздарым талай-талай тағылымға бой ұрғызғанымен, солардың бірде-бірі нақ өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың қадірлі ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған жоқ, молынан құлаш сермете алған жоқ десем, ардақты ұстаздарымның көңіліне келмес. Бұл сезім өзіме қанымның тартқанынан немесе жақыныма сезімімнің бөлектігінен, әлде ата-анаға деген парызымның молдығынан ғана туып отырған жоқ. Өмір шындығының өзі ақиқатқа бас ұрары даусыз. Дүние тарихы. жаратылыс шежіресі, жан-жануар болмысы жайлы алғашқы әңгімені әжемнен естігенімді, адамзат қауымының қалыптасуы туралы тұңғыш мағлұматты әжемнен алғанымды қалай ғана ұмытармын... Иә, әлемнің пайда болуы, тірлік дамуы, адамзаттың шығуы, өмір жайлы шынайы сезіммен азаматтық тұрғысындағы жан баурайтын аңыздарды айтқан; ненің жақсы, не жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді үйреткен; ар заңының, әдеттің жинағынан алғашқы тарауларды таныстырған да, ең алдымен, ата-ана, ағайын- туған еді. Әрине, ол кезде мен де өзге сәбилер сияқты әжем айтқан ертегі мен аңыздардың түпкі байыбына бара бермейтінмін, әке әңгімесінің өсиетін ұға бермейтінмін және үлкендердің талай-талай өнегесін орындай бермейтінмін... Ол кезде мені қызықтыратыны ертегі-аңыздардың ғажайып оқиғалары еді... Енді, міне, есейіп ер ағасы болғанымда ойласам, мен сол әңгімелерден адамзат өресінің өрісін тани берген екем ғой...
Менің ұстаздарым әріптен бастап буынға дейін, сонан соң ақ қағазға қаламмен өрнек жазуға дейін үйретті. Келе-келе жүйелі оқып. есепті жүйрік шығаруға қол жетті... Ал өмірдің өзі ше? Осынша ғұмырымның ішінде түрлі-түрлі күрделі жағдайда; толқымалы тоқсан сырлы кезеңде кездесіп дидарласқан, тағдырлас болған, табақтас болған адамдар ше? Мамыражай сәттерден мазасыз майданға көшіріп, көбік шашқан өмір дариясының бір толқынынан екінші толқынына аямай лақтырған уақыт ше? Осының бәрі де менің тірлігімдегі тірек болған, жүрек болған, қол ұшын берген, қорған көрсеткен ұстаздарым деп білем. Осындай уақыт талқысы ғана. өмір өткелдері ғана, тірлік тізбегі ғана менің әжемнен үйренген «жақсы», жаман», «мақұл», «иемақұл» деген сөздердің байыбына терең бойлата алды. Әжемнің «осылай болған екен» деген сөздері мені бірде ғасырлардың шыңырауына сапар шектірсе, бірде құс қанатындай демеп ілгері ұмтылдырды, биікке самғатты... Міне, енді өзім де әке болып ұл өсіріп, қыз өсіріп отырғанда, немере сүйіп мейірленген сәттерде, олар да маған аңғал да адал, бірақ құштарлыққа толы шынайы сұрақтар береді. Тағы сол сәтте осы балаларымның дәл менікі сияқты ғұлама әжелері азайып бара жатқанына қайта өкінем, қабырғам қайысады. «Қаншаға келдің, қарағым»... - деп қай баладан сұрасаң да, өз жасын мақтанышпен айтатыны мәлім. Қазір жыл сайын баланың туған күнін тойлау дәстүрге сіңіп болған әдет. Ал менің балалық шағымда туған жылды, туған күнді емес, мүшелді кезеңдерді тойлаушы еді. Алғашқы мүшел - нәрестенің қырқынан шығатын күн. Бұл күні үй ішінде елдің ауыл- аймақта да көтеріңкі көңіл, көп шаттық үстем болатын. Екінші мүшел - баланың жеті жасқа толған күні. «Жетіге келгенше бала жерден таяқ жейді» деп тегін айтылмаған ғой. Сол жетіге толған күні әрең аяғын жерде нық басты деп санайды. Азаматтыққа аттанар жолдың алғашқы қадамы да осы жерден басталса керек. Ата-ана мен төңірекке бұл үлкен қуаныш. Ендігі мүшел - 13 жас. «Он үште отау иесі» деген мақал бар. Бұл енді оңды- солыңды тани бастадың, ер санатына іліктің, сенімен есендесер, ақыл бөлісер кезең келді деген сөз. Енді сен өзгенің жетегінен гөрі өзің тізгін ұстағанды, өзің ат жалын тартып мінгенді қалайсың. Азамат мүшелінің алды осы.
Ең ақыры толықсыған жігіт шақтың мүшелі - жиырма бес жас. Әкем маған жастайымнан қазақша жыл қайыруды, күн мен ай аттарын, жыл аттарын жаттатты. «Тышқан жылы, сиыр жылы, жылан жылы, жылқы жылы, мешін жылы, тауық жылы, доңыз жылы, қоян жылы, қой жылы, барыс жылы, ит жылы, ұлу жылы» деп жаттаушы едім. Алайда әкем сол жылдардың мәнін, неліктен осылай аталатынын түсіндірген емес. Бірде әкеме жаттағандарымды жаңылмай айтып бердім. Ол мені мақтап арқамнан қақты. Осы мақтауға масаттанып, әжем отырған үйге жүгіре жөнелдім. Сондағы ойым - білгенімді тақпақтап, олардан да құптау сөз есту еді... Үй іші қоңыр салқын екен. Әжем қос сабаумен тулақты кезек-кезек тарсылдатып жүн сабап отыр. Сабау дыбысына құлақ тоссаң, әлдебір әуен сазын ойнағандай сезіледі. Екі әпкем мен жиен қызымыз біреуі жүн тасып, екіншісі тулаққа төсеп, үшіншісі ұршық иіріп көмектесіп жүр... Мен дүниені көшіріп жіберердей ентелей келіп, әжемнің иығынан сілкілей беріппін: - Әже, әже, тоқташы! Не үйренгенімді айтып берейінші. - Құлыным-ау, сабыр етші. Мен жүнімді сабап алайын. Сонан соң асықпай тыңдаймын ғой, -дейді әжем еркелетіп.Енді менің екпінім бәсеңдеп, әжемнің қасына отыра кеттім де, жүн шашып ойнай бастадым. Кіші әпкем түйдекті жұлып алып итеріп жіберді. Қатты ызаланып мен оны «маймылсың» деп келемеждедім. Әпкем өкпелеп жағымнан тартып жіберді. - Неге маймыл дейсің? - Өйткені сен маймыл - мешін жылы туғансың. - Ал онда сен доңызсың. Өйткені сен доңыз жылы туғансың! - деп әпкем маған тілін шығарып келеке етті. Мен шыдап тұрайын ба, ызаға булығып әпкеммен жұлқыса кеттім. Әжем мейірлене күліп, екеумізді арашалап жүр. - Құрманкүл қай жылы туған? - деп сұрадық біз. - Тауық жылы, - деді әжем. Құрманкүл тұлымы желбіреген жіп-жіңішке нәзік қыз еді. Бәріміз енді оны «жүнін жұлған тауық» деп мазақтадық. Құрманкүл сөз таба алмай жылап жіберді... Сонда ғой, әжемнің бәрімізді отырғызып ыстық күлше үлестіргені. Сөйтіп өзі ортаға отырып алып әдемі аңыз айтып еді-ау. - Балаларым, құлақ салып тыңдаңдар. Көңілге түйіп, ұғып алыңдар. Жаппар ием жарық дүниені, Күн мен Айды, ж арық пен қараңғыны жаратарда күнге, аптаға, айға және жылға ат қоюды ұмытып кетіпті...
Жер бетіндегі тірі дүниенің бәрі, жан-жануар күн санауды, уақыт өлшеуді білмей бейберекет жүре берген екен. Ақыры дүниенің сапырылысқаны сонша, тіптен кімнің үлкен, кімнің жас екенін ажыратудан қалыпты. Жасты бойға қарап өлшейтін болыпты. Кімнің бойы ұзын болса, үлкені сол деп есептеліпті. Қытымыр қыс қашан түсіп, көгілдір көктем қай кезде келерін, жадыраған жаз мөлшерін, берекелі күз кезеңін ешкім де ажырата алмайды екен. Сондықтан қой мен түйенің жүні түлемей сабалақ боп жүріпті. Адамдар болса, қойдың өлі жүнін, күзем жүнін қырқуды да білмепті. Жаратушы ием, осы сан-сапалақ сапырылысқан тірлікке зер сап тұрып, дүниеге көңілі толмайды. Сондықтан да адамдарды саналы тірлікке үйретпек болады. Адамдар уақытты өлшей білсін, уақытпен санаса білсін, уақытты қастерлей білсін, ол үшін айды аптаға, аптаны күндерге, ал жылды он екі айға болу керек деп түйіпті тәңірі. Сонда адамдар мал төлдеп, аққа ауызы жетер кезді біледі; жүн қырқып, киіз басатын уақытты біледі; жаз жайлауға шығатын шақты сезетін болар депті. Сөйтіп тәңірі әр айды жыл мезгілімен атайтын болыпты. Ал Айға адамдардың көмекшісі бол, жүзіңді ашып-жауып тұрып, есеп жүргізуге көмектес депті. Жұлдыздар күн райының хабаршысы болады деген екен. Осылайша адамзат ұзақ жыл өмір сүріпті. Күндердің күнінде жыл мезгілдері қайтадан ауысып кетіп, адамдар жаңылысып қалады. Бір жыл бір жылға ұқсас: көктемнен көктемнің, қыстан қыстың айырмасын аңғара алмай, адамдар аңтарылып отырыпты. Сондықтан да олар өткені ізсіз, болашақтан бейхабар қала берген екен. Жаратушы тәңірінің жар құлағы жастыққа тимей күндіз-түні ойға батыпты.
Ақыры жан- жануар аң біткенді жинаған екен. Осы жиында өз ойын білдіріпті. Енді есеп жүргізуді он екі ай бойынша енгізетінін айтады. Ол үшін он екі жылдың әр жылын жануарлар атымен атайтынын баяндайды. Сондықтан жан-жануар тегіс жазық далаға шығып, таң сәулесін күтсін. Шығыстан күн көтеріліп алғашқы алтын нұры жер бетіне төгілген сәт жыл басыболсын. Сол нұрды бұрын көргеніңнің атымен бірінші жылды атаймын. Екінші көргендері екінші жылға ие боласыңдар. Осылайша он екі жануар он екі жылға иеленеді деген екен. Аң біткеннің барлығы ашық алаңға жиналып, бозала таң атқанша бір-біріне мақтана бастайды. Біреулер көзінің қырағылығына, біреулер өзінің жүйріктігіне сеніп, күн сәулесіне бәрінен ерте жететініне шүбәсіз болады. Ал түйе болса маңғаз басып, ырғала ыңыранып, ернінен көбік шұбыртып, мойнын сан құбылтып, төңірегіндегінің біреуін де көзіне ілмей жатқан екен... «Таласып таусыла беріңдер, бейшаралар, босқа болдырғанша алаңсыз тыныға берейін. Мен сендер сияқты күн сәулесін күтіп шығысқа жүгірмеймін де, көз майын тауысып төңірекке үңілмеймін де. Құбажондай бойым бар, құлаш-құлаш мойын бар. Осы жатқан күйімде мойнымды бір созсам, бәрің жер бауырлап қаласыңдар. Күн шапағы шашырарда, мен мойнымды созып жіберіп, жыл басын өзім көрермін әлі. Тәңірден алғашқы жылдың атын өзім алып қайтам», - деп тікенек күйсеп жата береді. Бишара тышқан өзінің дәрменсіздігін мойындап жан ұшыра безек қағады. Мынау жатқан алып түйенің қасында ол өзін құмырсқадай сезінгенде, бар болмысы шиыршық ата шиқылдапты. Сонда да жылдан дәмелі неме емес пе, әркімге жалбарына қарап, жалына сұрақ берумен болған екен: «Мен қайтемін?! Мен қайтемін?!» - дей беріпті. Тіптен түйенің қасына келіп шыңғыра шиқылдап одан да әлгі сұрағына жауап іздейді. Маңғаз түйе мойнын да бұрмай, ақкөбік жынын тышқанға бүркіп жіберіпті де былай депті: «Масадай болған бишара, мазамды алмай көзіңді жоғалтшы. Сенің бойың шөптен де аласа, шөңгемен тең емессің бе? Кеудеңде жаның бар демесең, кесек құрлы мыжып кетуге жарамайтын сорлы, сен жылдан дәметпей-ақ жайыңа жүрсең қайтеді...» - деп көзін жұмып ыңыраныпты түйе.
Тымық түн төңіректі әлдилеп, дүниені теп-тегіс маужыратқан кез орнапты. Сонан соң көгілдір аспанның көздеріндей болып жұлдыздар ойнақшыпты. Сар далада тек қана әлсін- әлсін алыстан шие бөрінің ұлыған үні естіліп тұрған екен. Онан өзге дыбыс та, онан өзге сыбыс та білінбепті... Айналаны торуылдаған аң біткеннің бәрі күншығысқа қадалған күйі көз ілмей күткен екен... Miнe, таң арайы таңдайланып алыс көкжиекті ақ сүтке шомылдыра бастапты. Түнімен тағатсыз күткен жан-жануар безек қағып берекесі кетеді. Біреуі мойнын созып, бірі секіріп, алғашқы сәулені алдымен көруге арпалысып жүр. Қу түлкі болса құйрығын бұлғақтатып әр тұстан жылт етіп бой көрсете береді... - Е-е, осыларды қойшы... Маған не асығыс бар, - деп есінепті түйе. Кенет оның төбе тұсынан шіңкілдеген үн естіліпті: - Мен көрдім, мен көрдім. Алтын сәулеге шомылған ақша бұлт көтеріліп келеді. Бұл - түйенің төбесіне шығып алып бәрінен бұрын жыл басын көрген тышқан еді. - Үнің қайдан шығып тұр, құмалақтай болған сен бәленің? - деп бұрылыпты түйе. - Мен сенің төбеңде тұрмын. Бәрі анық, бәрі әдемі көрінеді екен. Алғаш көрген өзіммін, жыл басы да өзіммін, - деп тышқан мәз болып шиқылдапты. Ашулы түйе басын сілкіп қалғанда, байғұс тышқан атқан кесектей ұшып «мен бірінші көрдім» деп айқайлаған күйі алысқа топ ете түскен екен. Жыл басы тышқаннан басталатыны содан, құлындарым. «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» деген мақал осыдан шыққан ғой. Кейде «түйедей бойың болса да, тышқандай ақылың жоқ» деп неге ұрсады дейсің адамдар. Бұл бойыңа сенбе, ойыңа сен, мақтан сөзгеерме, мағыналы тірлікке ер дегені. Сондықтан түйеге ұқсап орынсыз түксие бермеңдер, шырақтарым. Ақылға жүгініңдер, - деп күліп еді әжем. Осы сәтте үйдің шаңырағынан бір қарлығаш ұшып кірді. Мұны сезген ұядағы шақалақ балапандар аузын ашып қорек тілей бастады. Бәріміз де төбеге қараппыз. Қарлығаш төбедегі ұясының шетіне жайғасты да, балапандарын кезектеп жемдей бастады. Алғашқы шақалақтың аузына жем тастап жіберген қарлығаш қайта ұшты. Қарлығаштың аспанға тік атылып, канат қақпай қайтадан төмен құйылғаны шаңырақтан айқын көрініп тұр. Көп ұзамай ол екінші балапанға жем әкелді. Осылайша қалқып ұшып, қайта кіріп қанаты талды ма, ақырғы балапанын жемдеген қарлығаш енді ұя аузында отырып тарана бастады.
Шіркіннің сүйкімдісін-ай. - Фью-ю! -деп ысқырып жібердім де, әжемнің сабауын ала салып, қарлығашқа сілтеп үркіттім. - Е-е! Жаман бала болмасаң етті! Бұзақының тірлігі ғой мынауың, - деп әжем қолымнан ұстай алды. - Қарлығашқа неге тиесің? Бұл киелі құс екенін, адамның досы екенін білмеуші ме ең, сен бейбақ? Балапанын емін-еркін ұшырып, бақытын тапқанша, бұл құс менің үйімнің төріндегі ең қадірлі қонағым ғой... Қонағыма қол көтергенің - менің де сыйламағаның емес пе, шұнағым, - деп ұялтып тастады. Қыздар мені мұқатқанына мәз болып күліседі. Сонда әжем мені бауырына тартып, маңдайымнан иіскеп былай деп еді: - Қоя қой, құлыным. Кел, алдыма отыршы, мен саған қарлығаштың құйрығы неге айыр болғанын, масаның тілі неге жоқ екенін айтып берейін. Мен қуанып кеттім. Өйткені әжемнің әңгімесі ерекше баурап, жанымызды жайлап алатын: - Ұлы патша Сүлеймен деген өтіпті баяғыда, - деп бастайтын әжем әңгімесін. - Ақылы асқан, жер бетінде де, су астында да, аспан әлемінде де әділдігімен әйгілі екен. Патша барлық жан-жануардың, құрт-құмырсқа, бақа-шаянның, балықтың тілін біліпті. Күндердің күнінде патшалығына жау шауып, әлек салғанда, жау бетін у себелеп қайтарған жылан екен. Бұл баға жетпес ерлікке риза болған Сүлеймен патша жыланға: - Қалауыңды айт, не тілесең соны берем, - депті. - О, ұлы патшам, - депті жылан үш оралып жатқан күйінде басын қаздитып, - жалғыз- ақ тілегім бар. Мен және менің ұрпақтарым жер бетінде ең тәтті қанды сорып өтсе деп тілеймін... Сүлеймен біраз ойланып қалыпты. Алайдахан сөзі қашан да біреу емес пе. - Айтқаның болсын. Кімнің қаны тәтті екенін өзің ата, - деген екен. - О, ұлы патшам, - деп шағыныпты жылан, - кімнің қаны тәтті екенін мен қайдан білем. Мен бір құдайдың сүйкімсіз жаратылған жәндігі емеспін бе. Көргеннің бәрі жиіркене жиырылады, бар денем тастай, он бойымда жылу жоқ, ешкімнің мейірімін көре алмай, ешкімнің құшағына ене алмай қалған жексұрын бейбақпын ғой. Қауыз-қауыз алапес денемді көргенде, тірі жанның бәрі тітіркеніп теріс айналады. Ұшарға қанат жоқ, жүрерге аяқ жоқ - бауырмен жер сызған бишарамын. Қусам жете алмай, қашсам құтыла алмай қор боп жүр емеспін бе? Тіптен күн сәулесінің өзі менен қашып, тайғанақтап тұрмайды. Амалсыз құмда қыздырынып ұзақ уақыт жатқаным. Аяғы барлар алыстап қашады. Қанаты барлар қалықтап асады. Осы мүсәпір халіммен кімнің қаны тәтті екенін қайдан білейін? Басқасын былай қойғанда, Алла Тағала сілекейімнің өзін у етіп жаратыпты!Әділетті Сүлеймен әбден ойланыпты. Тірі жанның қай-қайсысын болса да азапты өлімнің аузына апарып беру оңай дейсің бе. Сүлеймен патша соны ойлап көп кідіреді. Амал қанша, уәденің аты уәде. Патша жарлығы екі айтылмаған. Уәдесін қайтып ала алмайды. Не де болса орындау керек. Содан патша ине тұмсық шаққыш жәндіктерді шақырыпты да, дүниенің төрт бұрышына жұмсапты. Ұшып жүріп, жан-жануарды шағып, қанын сорасыңдар, сонан кімнің қаны тәтті екенін анықтап кайтасыңдар деп жарлық етіпті.
Патша жарлығын бұлжытпай орындауға шабармандар ұша жөнеледі. Содан талай күндер өтеді. Шабармандар қан татып, қара біткеннің бәріне қонады. Кеудесінде жаны бардың бәрі тегіс келер хабарды қалтырап күткен екен. Бақытсыз күн қайсысының басына орнарын білмей, жандарын қоярға жер таппапты. Жылан тілінен, жылан уынан өлуді кім тілейді дейсің. Осындай үрейлі уақытта қарлығаш күн сайын қанаттының бәрінен бұрын аспанға ұшып шығып хабаршылардың алдын тосумен шолғын шолады. Бір күні ол салпақтап ұшып, самарқау ызыңдап келе жатқан хабаршы масаны көріпті. Хабаршы біткеннің алды осы маса еді. Қарлығаш оны көріпті де, алдынан қарсы шығыпты. Жай білуге асығып, жайдары амандасқан болыпты. - Аманбысың, масажан... Басыңнан бақ кетпесін. Сапарың оң болды ма? Сүлеймен патшаның қарауындағы аспан мен жерде, тау мен көлде, жазық пен жапанда қандай жаңалық бар екен? Не көріп, не білдің? Не тұшынып, не түйдің? Маса қарлығаштың сәлемін көңілді қабылдамай, әңгімеден тайқып, патша жарлығын орындап келе жатқанын, енді соны естіртуге асығыс екенін білдіріпті. - Онда мен сенің жолсерігің боп ұшайын. Әңгімеңді де жолай естірмін, - депті қарлығаш. Екеуі қатарласа ұшып келе жатқанда маса қарлығашқа әңгімесін айтыпты. Сүлеймен патшаның жарлығын қалай орындағанын мақтана баяндапты. - Сонда кімнің қаны бәрінен де тәтті екен? Есіткенше мен де құмартып барамын,- депті қарлығаш. - А-дам-ның қа-ны! - деп маңғаздана ызыңдайды маса. - Жо-жоқ... Сен алдап келесің! - деп шошып кетеді қарлығаш. - Ант етемін! Өтірік айтсам, Алланың аспаны төбеме құлап түссін. Адамның қанынан тәттісі жоқ. Тілімнен дәмі әлі кетер емес... - Кәне, тіліңді көрсетші! Ақымақ маса тілін шығара бергенде, қарлығаш оның тілін көмейімен жұлып алыпты. - Өтірік айтқанның тілі осылай кесіледі! -деп қарлығаш қуаныштан сайрап жіберген екен. Мұнан кейін ол өзге шабармандардың да алдынан шығыпты өзгелердің де жауабы масаның жауабындай боп шығады. Адамға жаны ашыған қарлығаш сонаның да, араның да, көк шыбынның да тілін суырып алыпты. Хабаршылар түгел жиналып болғанда, Сүлеймен патша тағына келіп отырған екен. Ол алдымен масаға сұрақ қойыпты. - Ал, кәне, кімнің қаны тәтті екен. Соны айтшы?Маса тіл қатпақ екен, бірақ «вззз» деп ызыңдағаннан басқаға шамасы келмепті. - Немене, маспысың? Тілің жоқ па өзіңнің? Түсіндіріп айтшы.
Тілі жұлынған маса «вззз» деуден аса алмаған екен. Масадан мардымды ешнәрсе шығара алмасын сезген патша әлгі сұрағын араға да, сонаға да, көк шыбынға да қойыпты. Алайда бірі «дззз», бірі «жжжжж», бірі «жжууу» деп төңіректі ызыңға толтырып жіберген екен. -Бұларға не болған. Мына ызыңнан бірдеме ұққандарың бар ма, сірә, - деп Сүлеймен патша ашу шақырады. Сол кезде қарлығаш топ алдына ұшып шығыпты да, патшаның аяғына бас иіп былай депті: - Мен түсіндім. Ұлы патшам, бұлардың бәрі де бірауыздан бақаның қаны тәтті деп тұр. Сүлеймен патша тағынан тұрыпты да, жарлығын бекітіпті. - Айтқаның болсын! Бақаны саған бұйырттым, жылан еке. Хан тағының етегінде жатқан жылан алас ұрып жынданғаны сонша, тіптен өз уына өзі шашалыпты. - Қарлығаш алдап тұр. Бұл жалған! - деп ысылдапты жылан. Айтқаның болсын, -деп қайталапты Сүлеймен патша. Патша жарлығы екеу болмайды. Бақа қаны бұйырды саған. Сонда айбарлы жылан қарлығашқа тап берген екен. Алайда қарлығаш қанат қағып үлгіріпті. Тек жылан оның құйрығын тіліп өтіпті. Міне, қарлығаштың құйрығы содан айыр болған деседі, ел аңызы, шырақтарым. Ал маса, сона, шыбын, араның аузынан адам қанының дәмі әлі кетпепті деседі аңыз. Сондықтан да адам сәл мызғып кетсе, әлгілер үйіріліп келіп шағып кетеді екен, - деп әжем ақжарқын кейпімен күлді де, мұрнымнан шертіп қойды. - Енді түсіндің бе, ботам? Содан бастап мен таңертең көз ашқаннан ел ұйқыға кеткенше қарлығаштың сайрауына сұқтанып, дос сезіммен қамқор боп жүретін болдым. Әжем айтқан аңыздың тағы бірі ойыма оралып отыр... Бірақ оны кейінірек баяндармын...
Момынқұл көкем атам мен әжемнің ең кенже баласы екен. Ұзын бойлы, сұлу, сымбатты, дөңгелек қара көзді, кертпе мұрындау, астыңғы ерні дүрдіктеу, аққұба жігіт болатын. Әжеме өз ұлының осы дүрдек ерні мен кертпіш мұрны ұнамаушы еді. Жайшылықтың өзінде жаратпай қымсынып отырғаны. «Тәңірдің мұнысына амал бар ма. Бір биеден ала да, құла да туа береді деген осы да. Әйтпесе өзіме тартайын деп-ақ тұр екен ғой», - дейтін ол. Оның есесіне көкем әжемнің ең еркесі, ең сүйіктісі болатын. Кенженің аты кенже ғой. Әжем оның көптеген қыңыр-қышықтарын, бұрыс мінездерін кешіре беретін. Кейде сондай шалдуарлығына күйіп кетіп жазаламақ болғанда, көкем іргедегі үйге зып беріп кетіп қалушы еді. Қайтып келгенше, әжемнің ашуынан жұрнақ та қалмайтын. Әйтеуір көкеме келгенде әжемнің ұмытшақтығы да ұлғаяды. Қайта айналып соққанда көкемді еркелетіп отырғаны. Көкем әлденені бүлдіріп көпе-кернеу тайраңдап жүргенінің өзінде, әжем басын шайқап тіл қатып отыра беретін.- Ай, тентегім! Ай, тентегім! Кімге ғана тарттың екен? - дейтін өзіне-өзі. - Әкең жуас еді... Құдды нағашы көкеңе, менің Серкебай ініме тартқансың ғой сен. Серкебай да төңірегін шаңдатпаса жүре алмайды. Әжемнің ашуы одан әрі аспайтын. Мұнысы кейде ашудан гөрі сүйсінуге ұқсап тұрушы еді. Ерке баланың жөні бөлек қой, шіркін! Анасының еркесі болғанға не жетсін! Жас кезінде көкем шынында да шектен шыққан ерке, қолды-аяққа тұрмайтын мазасыз еді. Жаяу жүрсе, екі иығын жұлып жеп, сермеген қолы айналасын адақтап жүретін. Атқа мінсе, жау шапқандай құйындатып, ай-шайға қарамай, ой-шұқырды елемей еліріп алатын. Атқа қарғып мініп, шауып келе жатқанда қарғып түсетін. Атқа да, аяққа да батыр еді. Жаз айының мамыражай кеші еді. Алтын күн құлан тауына иек артып, төңірекпен қоштасқысы келмей қызара қиналып тұрғандай сезілді. Батыс жақ қарттанып күлгін шапаққа шомылып тұрған кез. Шақпақ, Жабағылы, Бұралдай жондарында сол шапақ бұлаң қаққандай сезіледі. Алатаудың құзар басынан күннің соңғы сәулелері қуат алғандай көзді ұрады. Жайлауды мамық түн баяу көмкеріп, даланың бояуын біресе қошқылдандырып, біресе бозғылдандырып жібереді. Ақ самал аңқып тұр.
Ауыл іші азан- қазан. Әркім іңір қараңғылығы алдындағы қарбалас тірлігін тамамдауға тырманып жатқан кез. Әйелдер сиыр сауып болып, бұзауларын қазыққа байлап жатыр. Бір шетте қозы көгендеп жүргендері де көп. Беткейде үйір жылқы шүйгіннен бас көтермей жайылып жүр. Осы кеште жігіттер асау қуып, аласарсаңға түсіп еді-ау. Құрық тимеген ту қашаған желмен жарысып жеткізбей-ақ бағады. Ат құлағында ойнайтын айлакер жылқышы құрығын ептейлеп соңынан қалар емес. Танауынан шыққан дем тас ұшырардай жүйткиді. Құрық тиер-тиместе шұрқыраған дауысы жайлауды басына көтергендей еді. Жылқышы сонда да ізінен қалмай жүр. Құрық қашағанның жалына жақындамай жатып асау жалт береді. Содан жігіттің екі аяғы ат бүйірін далақтай соғып, қайтып қайырылғанша, әлгі қашаған қара жердің апшысын қуырып құрықтан алыстап үлгереді. Ауыл адамдары мынау тосыннан басталған тамашаға түгелдей көз тігіп, өздерінше дабырласып тұр. Арқасы қозып айқаймен айбат шегіп тұрғандары қаншама. Кейбіреудің иығы өз-өзінен құнжыңдап анау құрықшы жігіттің қимылын құптайды. - Енді құтқармайды, - деп айқайлайды бірі. - Солай-солай... Енді құрық таста, - дейді екіншісі аулақтан ақыл беріп. - Қап, әттеген-ай, алданып қалдың-ау, - деп қорланып тұрғандар да бар. - Япырай, жаз бойы жалын сипатпай әбден әккі болған екен, мына асау, - деп өкінеді тағы бірі. Қара тер боп ат үстіңде әлегі шыққан құрықшыны құрдастары қарап тұрып-ақ мазақтайды. - Оған жылқыны емес, сиыр ұстату керек қой дұрысы. - Жігіт боп атқа мінген соң, жүгенге иелене алмағаны масқара ғой. - Өзіңнің шамаңды көрер ме еді... - Одан қайбір ілгерілеп тұр едің сен. Осылайша ел дабырласып, екеу-екеу пікір таластырып тұрғанда, жылқышы жігіт ат басын игеруге әлі келмей тұрып еді. Енді бері бұрылып келе жатты. Жейдесі терге малынып, желкесі төмен салынып, құйысқаны далақтап, құрығы босқа салақтап жиналған жұртқа атбасын тіреді. Демін әзер алып тұр. Астарындағы аты ақкөбік боп еліріп алған екен. Әлі біраз егеске шамам бар дегендей, көздері ұшқын атып шатынайды.
Осы кезде көкем жайдақ атқа қарғып мініп, қашағанның жолына кесе-көлденең қарсы құйындата жөнелгені. Төтелей тартып, төтеп шауып барады. - Ей, мынауың желіккен бе... желбегей шыққан батырша жөн-жосықсыз шаба жөнелгені несі! Құр асауды құрықсыз ұстамақ па, - десті топ ішінен әлдекім. Өзгелері демін тартып тына қалғандай еді. Өйткені көкем оқыс қимыл жасады. Қашағанмен қатарласа беріп құйрығына жабысқаны сол еді, жерге топ ете түсті. Көз тіккен жұрт шу ете қалды. Аттан құлап майып болды ма деген ой әркімді де бір зірк еткізген еді. Жоқ, сөйтсем, көкем сол асаудың құйрығынан ұстаған күйі аяғы жерге тимей бүйірлей тартқылап барады екен. Мұнысы сілтеген тұяқты дарытпаудың амалы екенін кейін білдім. Бөксесі бұраңдаған қашағанның екпіні бәсеңдеп, осқырына ойқастап барады. Бір мезет асаудың сәл бұрылып шабысын кідіртуі мұң екен, көкем қас қағымда ат арқасына мініп үлгерді. Сөйтті де жалға жабысып қыбырсыз жатып алды. Асау болса, жайлау жазығын жалғыз иемденіп беталды жөңкіле берді. Ақыры дәрмені кетіп, дәмсіз шабысқа шыдамады білем, әлгі асау айдалада қалт тұрып қалды. Көз тіккен жұрт қуаныштан ду ете түсті. Енді көкем асауды ырқына игеріп, жалынан қақпайлап бізге тақай берді. - О, аруақ, сақтай гөр! - Тіл-көзден аулақ, әйтеуір. - Азамат деп осыны айт. - Диюға да құрық тастар құдірет иесі болар. - Не де болса епті екен, шіркін! Жұрт осылай желпінісіп тұрғанда асауды аяңға салып көкем де келді. Көкем мақтауды жек көрмейтін. Сол мақтауға ілігем деп ол от пен суға орынсыз қойып кетуден тайынбаушы еді. Ол мықтымын деп жүктің ауырын көтеретін. Күреске де даяр тұрады. Жаяу жарыстан да қалған емес. Не керек, соның бір де бірін берік тұтынып, үдесінен шықпайтын. Осыған орай оның ел қойған аты да көп еді: «Епті», «Алаңғасар», «Қаракүш», «Таубұзар» - сияқты аттың талайы көкеме үйір болатын. Шынында да, ол бапкері жоқ тұлпардай, байлаудағы сұңқардай өзіне-өзі сыймай жүретін.
Ат үстінде де, қаражаяу кезінде де қарап жүрген сәті жоқ-ты. Қашан да ел көзіне түсіп, ерекше бір қырымен екшелене беретін. Осындай мазасыз мінезі оны талай-талай тасқа да соқтырды. Көкемнің көкпар десе арқасы қозып тұратын және сол көкпардан бір жерін жараламай қайтқан кезі жоқ шығар. Бір рет бұғанасы шығып келді, енді бірде - аяғы сынып қайтты, ал есінен танып, ел жігіттері көтеріп келгенде, зәре-құтымыз қалмаған кезі де болған. Бірақ басын көтерісімен сол баяғы аласапыран тірлігіне сүңгіп жүре беруші еді. Толғақ азабын тез ұмытқан әйел сияқты, көкем көрген тауқыметін елеу дегенді білмейтін. Сақтанып жүру санасына да кірген емес. Жаны ауырып, жамбасы төсекке тигенде кейде тістеніп жатып қатты ыңырситын. Сонда бәйек болған әжем шыжгөбектеніп көзіне жас алатын: - Сен тентек, мені ажалымнан бұрын өлтіретін болдың ғой. Әр жарақатың мені жегідей жеп, белім бүкірейіп бара жатқанын, аясаң етті тым болмаса! Қандай жын екен сендегі алып-ұшып тұрған. Қайтейін, шырағым, аман бол әйтеуір.Сонан соң лезде ренішін ұмытып, әжем баяғы қамқор пейіліне көшуші еді. - Қай жерің ауырады, құлыным? Сусын берейін бе? Жастығың жайсыз емес пе? Расында да, көкемнің әрбір аңғал қадамы әжемді қатты қайғыртатын. Ұлының қасынан бір елі кетпей, тілеуін тілеп қалтырап отырғаны. Мұндайда өзге дүние түгілі біз сияқты немерелері де шет қалатын. Бар ықыласы көкеме ауып, өзге дүниені көзге ілмеуші еді. Мұндайда біз әжемізді көкемізден қызғанып, кәдімгідей қынжылатынбыз. Әкем тулап тұрған жігітке байсалдылық қонар деп, оқуға отырғызды. Алайда көкеме кітаптың да септігі тие қойған жоқ. Бұдан нәтиже шықпаған соң, әкем оған қолөнер шеберлігін, зергерлік өнерін үйретуге кірісті. Үйде жүріп мұның да үдесінен шықпайтынын білген соң, көкемді нағашыларымызға, әжемнің інісі - қатал мінезді Серкебайдың қолына бермек боп шешіпті. Серкебай нағашымның сонда ауылға келгені әлі есімде. Ол кезде нағашым алпысқа таяған кісі еді. Бүкіл ауыл боп аяғынан тік тұрып қарсы алғаны бүгінгідей көз алдымнан кетпейді. Сонау алыс көкжиектен қатар түзген төрт салт атты көрінгеннен-ақ ауыл адамдары күтіне бастаған. Алдыңғы жорға төбелдегісі Серкебай нағашым екенін бәріміз айнытпай таныдық. Ал желе жорытқан үшеуі қасындағы қосшылары болса керек. -Серкебай келе жатыр. Серкебай келе жатыр! -дегенде, әжемнің қуанғаны сонша, жас балаша елпектеп кетті. Киіздің жаңасын, көрпенің шәйісін, жастықтың жайлысын әзірлей бастап еді. Әкем мен көкем тысқа шығып, құрмет көрсеткен кейіппен қол қусырып тұрды.
Бұл екеуін көргенде Серкебай нағашым үзеңгісін шіреніп, ат жүрісін аялдата бастады. Серіктері де тізгіндерін тартып баяу жүріске көшті. Үйге тақап келгенде әжем көкемді Серкебайдың атын ұстауға жұмсады. Көкем де ебелек қағып «Саламалайкүмін» жолай айтып ат шылауына жармасып жатыр. - Алейкүм салам! - деп Серкебай нағашым сәлемін алды да, көкемнің иығына қолын салып аттан түсе бастады. Көкем сол сәтте нағашымның қолтығынан сүйей қойды. Сонан соң Серкебай нағашым алшаң басып менің әкеммен сәлемдесті. Серіктері де аттан түсіп жатыр еді. Әкем ауыл жігіттеріне әмір берді. - Меймандардың атын ұстаңдар! Жігіттер жедел басып, ат тізгініне жармаса беріп еді, Серкебай нағашым қамшысын көтеріп, ақырып қалды. - Маған көрсеткен құрметтерің аздай несіне елпектейсіндер, - деп тоқтатып тастады. Нағашыммен еріп келген жігіттерге осынау күрт мінез шалдың әдеті әбден күрт мінез болған ба, жылмиып қарасты. Неменеге мәз боп тұрсыңдар! - деп тағы да зекірді нағашым. - Өзге ауыл болса, өзім мен сендер түгілі, еріп келген итіме де құрмет көрсет деп шіренер едім. Ал әпкемнің алдына келгенде, бәрің де үйдегідей қызмет көрсетіңдер. Осынау ашуы адырайып тұрған қатал кісіден жасқанып біздер жан-жаққа тығылып жатырмыз. Жабықтан сығалап бақылаймыз. Әкем меймандарды үйге бастап жүрді. Есіктен ең алдымен Серкебай нағашым бас сұқты. Әжем оны балаша аймалап, еркелетіп жатыр. Осы кезде нағашымның атқосшы жігіттеріішке қоржын көтеріп кірді. Серкебай төрге жайғасып болған соң әжемнің қал- жайын сұрады. -Аманбысыз,әпке. Ауру-сырқаудан саумысыз. Көңіліңіз жайлы ма? - Құдайға шүкір, шырағым, - дейді әжем де елжіреп. Мұнан соң жаппай жай сұрасу басталды. Ел адамдарының есендігі, мал-басының түгендігі сұралды. Бұл кезде қоржынның аузы сөгіліп, нағашымның әкелген сыйлықтары көріне бастады. Өрік-мейіз, қант-шай, бауырсақтан басқа әжеме арналған көйлектік мата да шықты. Серкебай асыл киімдерді қонымды етіп, сымбатты киініпті: алдымен құндыз бөркі құлпырып көз тартады. Бөркін шешкенде, көк тақыр етіп қырған басында оқалы барқыт тақиясы қалды. Бешпет сыртынан буған кемер белдігінің жалпақтығы кере қарыстай еді. Сабы күміспен күптелген қамшысын сәнмен қос бүктеп қасына қойыпты. Етсіз қыр мұрыны, қысыңқы өткір көзі ашақ жүзін айбарландырып жібереді екен. Қияқтай етіп бастырған мұртының ұшы екі езуін жиектеп көмкеріп тұр. Селдір ұзын сақалы кеудесіне түседі. Ол аз сөйлеп, әр сөзін нығарлап, таптап, қарсы отырған адамына қарай қамшысын немесе сұқ қолын нұқып сесті айтады екен.
Нағашым ешкімді бет қаратпайтын, айналасын айбармен меңдеп алған, өркөкіректеу көрінді. Өз қатарларының өзін менсінбейтін кісі, біз сияқты бала-шағаға көз қиығын да салған жоқ. Бір кештің ішінде Серкебай талай рет көкемді де, қасына еріп келген жігіттерді де қыжғыртып алды. Туа біткен мінезі ме, әлде көңілінің хошы жоқ па, әйтеуір бұл кездесуінде нағашым нақ бір ескі дәуірдің қатал әміршілеріндей елестейді. Әжем бізге өрік-мейіз үлестіріп берді. Аузымыз томпаңдап бәріміз мәз болып жүрміз. Мал сойылып, ошақта от маздады. Жұрт күндегісінен көтеріңкі көңілде болатын. Бәрі де абыр- сабыр асығыс үстінде. Біз одан бетер мәзбіз. Желідегі аттардың ер-әбзеліне сүйсіне қарап қызығамыз. Күміспен көмкерілген құйысқан еріксіз көз тартады... Қонақтар көп жатпады. Ертеңіне жолға жинала бастады. Көкемді әкетуге арнайы келген екен. Көкем бұрынғыдай емес, тіптен жуасып қалыпты. Айналсоқтап әкеме жалтақ-жалтақ қарайды. Серкебай нағашым өзі атқа нығарланып отырып алған соң, баяғы әмірлі үніне көшті. Тіптен қатуланып алған. Көкемді қамшымен екі-үш салып қалды да ақырып жіберді. - Жаман күшікше неменеге жалтақтап тұрсың? Ұзатылатын қыздай сызыла қалыпты ғой, қызталақ. Мен саған әлі көрсетермін. Ауылға барған соң екі аяғыңды бір етікке тықпасам ба. - Сөйтті де әжем жаққа алара көз тастап, тістене сөйледі. - Балаңның сүйегі ғана сенікі, әжеке! Қалғанын өзіме жіберіңіз бұл тентектің... Көкем әжем жаққа соңғы рет жалынышпен қарап еді, әжем де шыдай алмай даусы дірілдеп кетті... - Қайдан білейін, шырағым. Сүйек өзіңдікі ғой әйтеуір. Адам етсең болғаны да. Серкебай үзеңгіге шіреніп тұрып бізбен қоштасты да, ат басын ауылына бұрды. Соңынан ат үстінде иығы салбырап еріксіз адамдай көкем еріп бара жатты. Бұрынғы өжеттігінен, қайсарлығынан, жігерінен жұрнақ та қалмағанына бәріміз де таңдандық. Жат қолға түскендей жабығып кете берді. Әжем соңдарынан ұзақ қарап тұрды да, жанарына үйірілген жасты жаулығымен сүртті.Тәңірім жолыңды оңғара көрсін, құлыным! - деді ол ұлына арнаған тілеуін болар-болмас күбірлеп. Бір ай өтпей жатып әжем көкемді сағына бастады. Жатса-тұрса атын атап отыратынды шығарды. Ақыры үш айдың жүзі толар-толмаста әжем көкемнің соңынан іздеп, төркініне аттанды. Баласының қасында бір аптадай болып, мауқын басқан соң оралды. Алайда үйге келген соң қайта сағынып аһылап-үһілеп әкеме әр жайды айта беретінді шығарды. - Шырағым, тігітен арып, құр сүйегі сорайып қалыпты. Серкебай оны ертелі-кеш кітап оқудан бас алдырмайды екен. Бүйте берсе жас баланың қу сүйегі қалады ғой. Әжемнің айтуынша, Серкебай көкемді матап ұстайтын көрінеді. Әр қадамы санаулы екен. Содан бір елі ауытқуға көкемнің еркі де жоқ, шамасы да жоқ болса керек.
Мен көкемдер ауылдан аттанарда Серкебай нағашым еліне барған соң, шынында да, көкемнің «екі аяғын бір етікке» тығып қояды деп қиналған едім. Сөйтсем онысы қатал тәртіпте ұстаймын дегені екен ғой. Көкеме ұзын ақ шапан кигізіп, басына сәлде оратып оқуға үңілдіріп қойыпты. - Серкебайдың үйіне кіргенім де сол еді,-дейтін әжем, қарасам, бір бұрышта ақ шапан, ақ сәлделі жас «ғұлама» заулатып құран оқып отырғанын көрдім. Аңғарып қарасам, өзімнің Момынқұл құлыным екен, өз көзіме сенбей аңырып тұрып қалдым... Енді бір барғанында әжем көкемді ауылға біраз күнге алып кетейін деп Серкебайдан өтінген екен, нағашым тыйып тастапты. - Бұл баланы қолыңа адам етіп берем, әпке. Ал адам болмаса, итаяқ тазалайтын құл етіп қоямын. Әжем қанша жалынса да, Серкебай айтқанынан қайтпайды. Екі жыл өткен соң ғана көкем ауылға оралды. Үстінде ақ шапан, басында сәлде. аздап едірейген тікенек мұрт қойыпты. Ауыл адамдары жас жігіттің мысық мұртына сол күні-ақ күлген. Ертеңіне-ақ көкем сәлдені тастап, бұрынғы түлкі тұмағын киіп еді, кәдуілгі өзімізге үйреншікті қалпына келді. Содан бастап көкемді ауылдағы екінші көзі ашық білімдар адам санайтын болды. Әжем өзінің кейбір көңілсіз сәттерінде бізді қасына отырғызып алып аңыз-ертегілер айтушы еді. Бәлкім осындай әңгімемен көңіліндегі көмескі, көлеңкелі сәттерді қуатын шығар. «Балаларым, құлақ салыңдар» деп бастайтын әжем. - Бұл тәңірінің жер бетінде тірлік орнатқаннан кейін болыпты. Ол кезде жаратушы адамзатты жарылқап, топан суынан да сақтаған екен, - дейтін әжем. - Адамдар «тәңір жарылқасын» деген сөзді, алғыс айтуды білмесе керек. Күннің жылуын, самалдың шипасын, айдың ақ сәулесін, жер жемісін керегінше пайдаланғанымен, бірде-бір іш жылытар ықыласты сөз айтпапты... Сондықтан қажыған Күн Алла Тағалаға арыз айтыпты: - О, жаратқан ием, дамылдауды білмей, сабырлауды білмей, ұйқы көрмей, күлкі көрмей тірлік үшін қызмет етем. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі кеудесінде жаны бардың бәрін шуағыммен қыздырам. Бір тал шөбінен бастап, жер бетінің бәріне шұғыла төгем. Таң сәріден арай шашып ғаламды түнектен арылтамын. Бәріне нұр беремін.
Жарқырап көрінгенімде, тірліктің бәрі жадырайды, күледі, қуанады, жұбанады. Суықтан тоңғандар жылынады, жауыннан мас болғандар денесін құрғатады. Ал өзің өмір берген дүние бой жазып керіліп, сәулеге көміліп, гүл шашағы өріліп мамыражай күйге енеді. Мен түн мен түнек сияқты дүниеге ауыр зіл, қоңырқай түр әкелмеймін. Мен өзіммен бірге күлкі мен қуаныш әкелем. Мен барда қар еріп, сай-сала сылдыраған бұлаққа толады. Мен бардабұтаққа бұлбұл қонады. Бірақ осыншама баға жетпес еңбегімді елеп бірде-бір тірлік иесі алғыс 'айтқан емес. Мұндай әділетсіздікке шыдар шама қалған жоқ. О, тәңірім, сондықтан мені бұл азабыңнан босат. Тыным бер, аздап тынығайын! - Бара бер. Баяғы қызметіңнен танба, - депті Алла Тағала Күнге, - мен сенің баға жетпес еңбегіңнің алғысын немен өтеуді ойланайын... Күн кеткен соң Алланың алдына Ай келіпті. Жадырай күліп, жарқын сөйлепті: - О, тірліктің тірегі, бар әлемнің жүрегі - жаратушы ием, өзіңе тілекпен келіп тұрмын... - Неден тарықтың, неден түңілдің, түн еркесі - алтын Ай. -- Айналайын тәңірім. Сен маған көмескі нұр беріпсің,суық сәуле сыйлапсың. Күн көзі жұмылған соң, зіл қараңғы түннің бар тұңғиығын жарық етем деп мен келем! Қара аспанның қақ төрінде тұрып төңіректі мамық сәулеге бөлеймін, адасқанға нысана боламын... Бетімнен сәукелемді бірте-бірте ысырып, күн санауға, апта мен ай санауға көмектесем. Ал жүзім толған күні аспанның ақ еркесіндей ашық кейіппен күлгенімде, торғын сәулеме тояттамай бар әлем үнсіз рахатқа батады. Ай сәулесі түнгі ұйқыны күзетіп, бақытқа бөлейді.
Мен болсам, Күн сияқты шақырайып жалыныммен қарымаймын. Менің нұрым жұмсақ, сәулем саумалдай татымды. Тіптен күндіздің өзінде дамыл көрмей, Күн соңынан ілесіп жер бетіне қараумен болам. Бірақ менің бұл қимас қылығымды адамдар байқамайды. Өйткені Күннің шақырайған сәулесі менің ұлпа нұрымды тұншықтырып тастайды. Осы уақытқа дейік менің ұзақ жылғы адал да айнымас, жайлы да жағымды еңбегімді бағалап бір тірі жан алғыс айтқан емес. Қайта адамдар жүзіндегі дағын, маңдайындағы әжімін менен көріп, «ай бетіндей шұбарланып бітіпсің ғой» деп бір-бірін келемеждейді. Ал әбден толысқан шағымда ең сүйкімді болармын деп дәмеленсем, ол ау», - деп ойлапты жаратушы. Сөйтіп қайтадан жарлық береді: - Күн мен Ай, Жел мен Су баяғыдай қызмет етсін. Сендерді тірлікке тірек болсын деп жаратқам әуелі. Содан танбаңдар, - депті. Бұған қатты ашуланған Күн өзінің сәулесімен жарқанаттың көзін ағызып жіберіпті. - Енді көзіме түссең, күл етіп күйдіріп жіберемін, - депті Күн. Жел бұрқана долданып: - Маған тап болсаң, пәрше-пәршеңді шығарып, жүнше түтермін, - дейді. - Мен сені тұншықтырып өлтіремін, - депті Су. Ал Ай өзінің жарқын күлкісін төккен күйі үнсіз қалған екен. - Енді қайттім мен сорлы. Жазығым жоқ бишара едім ғой. Өзім үшін емес, бүкіл тіршілік үшін тілек білдірмедім бе, Тәңірім? - деп зарлапты жарқанат. Сонда жаратушының жарқанатқа жаны ашып жарлық беріпті. - Күн көкжиектен көрінбей, көз байлана бастағанда; Айдың жүзі әлі де шыға қоймаған сәтте; Жел тынып, жекен жапырағы ұйыған сәтте ұшып шығасың. Ал күндіз Күн көзінен жасырынып, қуыс-қуыс жырада, тастүнек сынада, үйдің жәрегінде жатасың. Аштан өлмес үшін қос емшек беремін. Бірінде сүт, бірінде су болады. Осылай тірлік етесің енді.Содан бастап жасқаншақ адам Күн мен Айды, Су мен Желді сыйлайтын болған деседі, төртеуіне табынатын болған деседі. Жарқанат болса адамның абыржып, үрейі қалмағанын көргені үшін адам атаулыдан талай-талай қорлық көретін болыпты. Адам да жарқанаттан жасқанып қорғанып жүретінді шығарыпты. Міне, балаларым, жақсылыққа жамандықпен жауап бермеңдер. Жақсылықтың өтеуі де жақсылық болсын. Біз осылай үлкендерден ғибрат алып өсіп едік. Ал үлкендердің әр өсиеті - өнер мен өнегенің ең шыңы ғой.
* * *
Ауылда бас қосып, байыпты әңгіме айтар кештер көп болушы еді. Мал өрістен қайтқан соң, ымырт үйірілгенше бір төбенің басына шығып алып үлкендер шүйіркелесер еді. Ел жаңалығы, күнделікті тірлік қамы, ертеңгі күннің еншісі - бәрі-бәрі осы басқосуда ортаға салынатын. Егер әңгіме арқауы ұзаққа созылмаса. кәриялар балуан күрес, жаяу жарыс, тартыспақ сияқты ойындар ұйымдастырып, қызығына мәз болып отырар еді. Қараңғы қоюланып, көз байланарда бәрі үйді-үйіне тарасатын. Кейде ел ішіне ақын келіп қонар еді. Бұл - ең бір сәтті күн, ең тәтті күн болатын. Барша жұрт ақын түскен үйге жиналып, иінтіресіп тұратын. Үйге сыймағандары жабықтан сығалап, ал кейбіреуі ақынның үнін алыстан естігеніне риза болатын. Көкем келгелі, ел адамдары әжемнің отауына жиналатын. Көкем әндетіп отырып халық жырларын, хиссаларды оқыр еді. Өзгелері ентелей түсіп, ұйып мүлгіп, теңселе толқып тыңдайтын. Осылай көкем жарықтық өле-өлгенінше ел ішінің ең қалаулы жыршысындай өтіп еді-ау. Хиссалардың маржандай тізілген таза тілі, оралымды ойы, қиял жетпес теңеулері, ертіп отыратын екпіні, ұйытып тастайтын ұйқасы тыңдаушының жан сарайын жарқыратып жібергендей сезілетін. Мен осынау халық қазыналарын алғаш рет ақындардан, көкем сияқты көзі ашық білімділерден сіңіргем. Солардан дәм татып, солардан сусындағам. Көкемді көрші ауылдар қолқалап шақырып әкетіп, түнімен жыр оқытатын. Көкем де мұндай кештерден бас тартып көрген емес. Көкеме жыр құмар жанның бәрі, хиссаның қай жерін жаттап алғысы келген ынтызарлар, жұрт отырған жерде бір жырдың кей шумақтарын жырымдап айтса да «біледі екен» деген атқа ие болу үшін қызыққандар да келетін. Көкем болса ерінбей-жалықпай әр толғауды бір айтып еске түсіретін. Шынында да, өздері қара танымайтын жыр құмарлардың кейбіреуі келесі бір кеште өзінше жыр соғатын. Сондықтан ондай кісілердің көбі көкемді «ұстазым» десетін.
Серкебай нағашым көкемнің дін жолына түспей, сәлдесін алып тастап ойын-сауық, ән-жыр қуып кеткеніне талай рет ренжіді. «Ауылдың «жын-шайтандарының» бәрін төңірегіне жинап алып албасты басты ма сені» дейтін. - Онан да ата-бабаларыңның аруағы риза болсын деп құран оқып тұрмайсың ба? «Е- е», «е-е» деп ешкіше маңырап отырғаннан қашан арылмақсың, түге? - деп көкемді мазақтағаны да бар. -Құранды жұма сайын оқимын ғой, нағашы,-деп көкем ақталмақ еді, ана кісі бұрынғысынан бетер ашуланды: - Тьфу, антұрған неме. Бір жұмада бір-ақ рет құран оқығаныңды да міндетсінесің-ау осы, сен шірік. Күніне неше реттен оқысаң да аруақтардың парызын өтей алмайтыныңды ұмыттың ба? Сонан соң нағашым өзінің бауырларының ынжық екенін, бүкіл ел намысы, ел ары өзінің мойнында екенін, ауылдың атын шығарам деп жүріп құранға құлап отыруға мұршасы да, уақыты да жетпейтінін айтып ренжіді. Көкемді оқытқанда арнаулы ғұлама шығар, құранды соның қолына берермін деп үміттенгенін айтты. Енді сол үмітінің ақталмай, шәкіртінің селкілдек шегірткеге ұқсап кеткеніне өкінетінін білдірді. Байқасам, нағашымның өзі де құранға құлшылық етіп отыруға мойны жар бермейді екен ғой. Жасынан дін құдіретіне иланып, дін жолына беріліп өскен соң, енді аруақтар алдындағы парызынан қорқып, ақыреттің тауқыметінен тайсалып көкем арқылы күнәсін жумақ екен. Бір қызығы - нағашым ұрысқанда, көкем шынымен-ақ кінәлі адамдай мойнын салбыратып үнсіз отырып алатын.
Мұнысы қатал мінез Серкебайдың көңілін басу ғана еді. Нағашым ауылына аттанысымен, көкем ескі әдетінше жыр айтып, хисса оқып өз қызығына түсіп кеткен. Есейгенде көкем елді шулатып жүріп үш рет үйленді. Үшеуінде де дау-жанжал, ұрыс- керіс, айтыс-тартыссыз тынған емес. Ат-шапан айып төлеп, құдалардың алдына жығылып жатып, ел ақсақалдары әрең дегенде бітістіруші еді. Жас күніндегі ұрыс десе ұмтылып тұратын ұрма мінезі, жанжал десе жанып кететін жарғышақ қылығы кейін осылай тынған болатын. Әкемнің үлкен ағасы Төлебай атам ұзын бойлы, кең жауырынды, тәмпіш мұрын шал еді. Ағара бастаған шоқша сақалын тараштап тұйық отыратын. Қолынан ұзын таяғы түспейтін. Үйде байыздап отыру әдетінде жоқ еді. Базарға да шықпайтын. Малмен бірге өріп, өрістен малмен бірге қайтатын әдеті болатын. Отар соңынан қалып қойған қозы- лақты жинастырып жүргені. Ішім-жемі орталау, көп балалы кісі еді. Осылай баяу тірлікпен ілбіп жүріп сол атам бір күнде дүние салды. Ізінше үш-төрт жылдың ішінде балаларының көбі өліп, жалғыз ғана Құрманкүл атты қызы қалған болатын. Оның менен үш-төрт жас үлкендігі бар. Ал үлкен әпкем Үбішті мен еміс-еміс қана білемін. Әкемнің айтуынша, ол ерте хат танып, кітап оқыпты. Жазу да қолынан келеді екен. Біздің аймақта алғашқы қара танып, хат жазуға қолы жеткен қыз - сол әпкемнің жалғыз өзі көрінеді. Әпкемді Байтана руынан Рысқұлбек Омаров дегенге бесік керті етіп атастырған екен. Ол сауатсыз, салауаты аздау боп өсіпті. Қыз бой түзеп ел көзіне көріне бастағанда, жұрт ішінен «қайран ақтотыдай сайрап тұрған қыз, аузын ашпас білімсізге қор бола ма» деген сыбыстар көбейген екен.
Әкем бата бұзбаймын, серттен кетпеймін, бұйрықтан аса алмаймын, арыма таңба түсірмеймін деп 1912-13 жылдары әпкемді ұзатқан екен. Неден екені белгісіз, әйтеуір он кем ұзатылып барған соң, бір жылға жетпей дүние салды. Ел бұған қатты қайғырды. Әкем өмір бойы қызының мезгілсіз өліміне күйініп жүруші еді. Бәлкім, өзі өкініш өртін тұтатқанын сезген шығар. Осы өкініш оның өзге қыздарына деген көзқарасын, тіптен бүкіл әйел қауымына деген ұғымын өзгертіп жіберіпті. Үнемі қамқорлықпен қараушы еді. Ауыл жатаған кесек үйлерде қыстап шығатын да, көктемде алыс жайлауға қоныс тебетін. Шабындық пен егіндікті ат тұяғы шиырламасын деп содан күз түскенше мал біткенді жайлаудың бір танабынан екінші танабына кешіріп жүрер еді. Ауыл адамдары егінді аз егетін. Ағаш соқамен аздаған жерді атыздап жыртып, дән сепсе болды деп жүре беретін. Тек күзде ғана егін оруға оралады. Егінді қол орақпен орып, ат тұяғымен бастырушы едік. Мұндайда әсіресе ат тізбегін шыр көбелек қуалап, айқай-шуға қарық боп қалатын да балалар, жұрттан көңілді жүретін дебалалар. Ақыры тамағымыз қарлығып, әбден шаршағанымызда айдауға түскен малдарды еркіне жібереміз. Сонан соң үлкендер сабанын екшеп, дән суырар еді. Жел тұрғызу үшін бар бала жиылып ысқыратынбыз. «Жел шақырғанға келеді» деген сөзді онда жиі еститінбіз. Астық суырып, ақ сабанынан тазалаған соң - қалбырға салып елейтін. Онан соң барып бала біткен дәннің ірі тасын теруші ек. Үлкендер астықты тақиядай етіп үйетін де, шынтақтап өлшейтін. Сол арқылы қанша батпан өнім алғанын есептеп шығарады. Ауылдың ақсақалы қызыл қырманға келіп, үйілген дәннің жанына тізерлеп отырар еді. Береке сұрап, молшылық тілеп, ырыс дәметіп алақан жайып ақ тілеу арнайтын. Дәннің алдын қапқа сонан кейін ғана көсіп салатын. Диқан бабаның берген ризығынан әркім нысабына қарай қаптап-дорбалап алатын. Ешкім де бір-бірінің қолын қақпайтын мұндайда. Өйткені егін жинап-бастыру, дән тазалап екшеу сияқты бар тірлік ортақ күшпен, асармен біткен соң, жемісі де ортақ деп білетін олар.
Бала кезімде егіншінің осындай әдемі дәстүрін көріп едім. Кейін орыс диқаншыларымен іргелес қонып, отырықшылыққа үйрене бастаған ауыл адамдары бірте-бірте жерді сапалы жыртуды, егінді бабымен егуді үйрене бастады. «Аттың жалын қамыт қажап, ат сауырын қайыс соққылағанның несі жақсы» дейтін қазақтар, жерден алған жемістің дәміне түсіне берді. Сонан соң орыстармен ортақтасып егін салуды әдетіне айналдырды. Ал тақыр кедейлер байлардан күш-көлік, киім-кешек, тамақ алып дән сепсе, өз жерінің өніміне өзі қожа бола алмай, түсімнің төрттен бірін ғана иемденіп жүрді. Көшпелі тірліктің көлемі тарылып, ауқымы азая бастаған сайын егіншілік ұлғая берді. Малды ауыл қыс бойы Қаратаудың ар жағын жайлап, ерте көктемде елге оралар еді. Сөйтіп кедейлерге қос беретінді шығарды. Біздің Үсен әулетінен Нияз байдың тұқымдары жарлыларға қос беріп-ақ табысқа белшесінен батып жүрді. Біздің үй қосқа жалдануды білмейтін. Өзінің шағын тіршілігін күйттеп, қысы-жазы елден ұзай қоймайтын. Оның есесіне Үсеннің бір бұтағы Баймен мен Тойтабайдан тарағандар коллективтендіру кезеңіне дейін жалшылықтан арылып көрген емес. Жұпыны шаруасымен жұрт қатары тірлік ететін үсендіктер. байлығы тасыған Нияз ұрпағына қарағанда, өздерін бір-біріне жақындау сезінетін. Кейін жұтқа ұрынып жұтап қалған Нияз ұрпағының жарымы әлгі қарабайыр ағайындарының қатарына қосылып жатты. Менің әкем үлкен үйдің иесі есебінде үсендіктердің ішіндегі құрметтісі саналатын. Диқан ауылы әкемді мүлтіксіз тыңдап, оған арқа сүйеп отырушы еді. Нияз ұрпағының екінші жартысы 1925 жылдары бір тойдың жанжалына килігіп, мал-мүліктен жұтады да, біздің диқаншыларға қосылған болатын.
* * *
Роман Әдеби KZ порталынан түсірілді.
Жалғасы бар