Ұшқан ұя. Романның жалғасы

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі «ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫМ» атты жаңа жобаны іске қосты. Бұнда оқырман назарына еліміздің танымал жазушылары жазған, кешегі күніміздің келбетін көз алдымызға әкелетін құнды шығармалар ұсынылмақ.

Бұл жобаның басты мақсаты: Еліміздің тарих қойнауына кеткен кезеңдеріне, қоғамдық өміріне қайта үңілу, сол арқылы жас ұрпаққа бүгінгі жарқын тәуелсіздіктің қадірін сезіндіру, маңызын ұғындыру, сонымен бірге қазіргі ақпараттық заманда құнды шығармаларды «интернет тіліне аударып» оқырманымен қайта қауыштыру. 

«...Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды. Сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.» (Н.Назарбаев)

***

Халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романының жалғасын ұсынамыз. Басы

... «Соғыс» деген сөзді қашан естігенім жадымда жоқ. 1916 жылдың оқиғаларын дәлме-дәл елестете алмаймын. Әйтеуір әйелдердің жас төккені, ерлердің үрейлі жүзі, күннің тұтылғаны көз алдымда. Елге келген жолаушылар «Жұмысшылар алып жатыр! Жұмысшы қолы керек екен! Ор қазуға жұмсайтын көрінеді! Жер қаздырады!» деген суық хабарларды қаптатып жіберген. Әлі ауылдан ешкімді шақыртпаса да, әлгі хабарлардың өзі-ақ көзге жас, көңілге қайғы әкеле бастаған еді. Күні бұрын күңіреніп зар илегендер де табылды: «Енді қайтем, қарағым-ау? Соғысқа сені де шақыртар күн жеткені ме шынымен... Жарығым-ау, қандай амал табайын», - деп еңіреген аналардың көз жасын көргенде, жас жігіттер абыржып, еркінен айрылып қалғандай болушы еді. Күңіренген ауылда күй болар ма. Бұрынғы ән-жыр төгілетінкөмейлерден зар шертілсе, ауылда не сән болар. Күндіз-түні қабақтары ашылмай, мойындарына бұршақ салып тілеу тілеген әжелер, бебеу қаққан аналар, мұңайған жас келіншектер бар тірлікті ұмытқаны сонша, мал-мүлік тұрмақ, біз сияқты бала-шағалар да назардан тыс қалып қойып едік. Амал таппай бастарын тау-тасқа ұрған ерлер алдымен көз көрмес жаққа көшпек болды. Онан соң әскерге адам жинаушылармен белдесіп ұрыспаққа бекінді... Одан болмаған соң жас жігіттерді жекжат-жұраттарына, туған- туыстарына, нағашыларына жедел жөнелтіп жатты. Бұл аласапыран бірнеше күнге созылды. Үлкендер әлдеқайда бір жиынға барып, суық хабармен оралып жүрді. Ақыры әйелдер көз жасын тыйып, белдерін бекем буып, үй басынан қаржы жинай бастады. Шөп тартып жігіттердің бағын сынауды шығарды. Сонан соң шөп түскен жігіттерді ауыл боп улап-шулап станцияға аттандырысатын. Кешке қарай әлгі «әскерге алынғандар» қайтып оралады. Еріп барған ел жақсылары «жастарды бастықтан құн төлеп алып қалдық» дейтін. Қайтадан түңлік басы әскерге берер адам іздеуге көшкенде, ауылдан он жігіттің орнына жалғызбасты Қожамқұл жарлыны ғана бодау ететін. Оған жылы киім кигізіп, үй басы қаржы жинап, көп болып станцияға дейін шығарысады. Тап сол күні кешке күн  тұтылып, батыс жақ үрейлі күлгін түске малынып еді. «Күн күйді! Күн күйді!» десіп, жамандыққа жорып зарлаған әйелдердің үні құйқа тамырыңды шымырлатады. - Ақыр заман! Ақыр заман келеді! - десіп ел қорқынышпен күбірлеседі. - Бір шеттен молда шығып азан шақыра бастады. - Алла акбар, алла акбар! Иля и ляха илалла, ля иляха илалла! Мухаммед расулла. Мухаммед расулла! Алла акбар! Алла акбар! Ля иляха иллала! - деп күңірентіп ала жөнелді. Азан уақытында жұрттың бәрі сілтідей тынып, іштей дұға қайырып отырды.

 Әкем мен көкем Қожамқұлды аттандырып салушылармен бірге кетті. Мен әлдебір беймәлім кесепаттың келгенін жүрегіммен сезгендей шошынып әжемнің етегінен жармасып алдым. - Бисмилля де! Бисмилля де! - дейді әжем менің сұп-сұр өңіме үңіліп. Жұрт ес жиып өзді-өздеріне келгенше, күн бетіндегі қара дақ қайтып та қалған еді. Мұны көргенде бәрі шу ете түсті. - Ә, құдай! Ә, тәңірім, жар бола гөр! Әйелдер енді қуаныштан жылап жүр. Бәрі молдаға табынып, ақыр заманнан алып қалған нақ бір соның өзіндей тағзым етіп жатыр. Әркім атаған құдайыларын, сый-сияпатын да молдаға төге бастады. Сол кештен бастап ел бір апта бойы құрбандық шалып, құдайы таратумен болды. Үлкендер «құдайың қабыл болсын» деп дәмді етке кекіре тойып жүрді. Біз болсақ, солардың сарқытына мәз боп, кешегі үрейлі күнді ұмытып та кетіп едік. Ел жадырап еркін тірлігіне қайта ауысты. Бірнеше айдан соң Қожамқұлдан хат алдық. Өлеңмен жазылған екен. Қожамқұл алыста жүріп ауылды аңсағанын, жат жерде жалғыздық шеккенін, көңілі қайғыға, көкірегі шерге толы екенін, туған-туыстарының жүзін көруге зар болып жабығып жүргенін жырмен  шағынып айтыпты. Ауыл адамдары бас қосқан жерде сол хатты оқып, көздеріне жас алысатын. Әркім жаттап алып елден-елге таратып жіберген еді. Мен әлі күнге дейін Қожамқұлдың сол хатынан кейбір жыр жолдарын ұмытқам жоқ.Кір жуып, кіндік кескен жер, аман бол, Шортандай жүзген айдын көл, аман бол! Бір басы ер жігіттің не көрмейді Келгенше біздер қайтып ел, аман бол! Не келіп, не кетпейді ер басына, Ермейді ер жігіттің ел қасына. Келерміз төрт-бес айда елге қайтып, Аз уақыт ойнап жүріп ор басында. Қожамқұл хат танымайтын. Оның үстіне жыр шығарып көрген емес. Шамасы окопта жатқан қазақтар елін сағынғанда елжіреп отырып бірігіп өлең жазса керек. Жазу білетін біреуі қалаған кісінің бәріне көшіріп берген сияқты. Ел сүйген азаматтардың осы бір шынайы жыры бала күнімнен жүрегімде қалып қойыпты. Бүкіл ауыл болып Қожамқұлға қаржы жіберіп тұрды. Айтқандай-ақ, бір жылдан соң ол елге аман-есен оралып, баршамызды қуантқаны бар. Әр үй кезекке тұрып. Қожамқұлды таласа қонақ ететін болды. Жаз бойы біздің ауылда сыйлы адам болып жүрді де, кейін сый-сияпат жиып алып, өзінің қара жұмыста бірге болған тағдырлас жолдастарының еліне аттанып кетіп, содан қайтып оралған жоқ. Алғашқы империалистік соғыс жайлы менің есімде қалғаны осы еді.

* * *

«жаманшылық жылы» немесе «жылан жылы», «ашаршылық жылы» деп атаған сонау 17-18 жылдардың ауыртпалығы есімде қалып қойыпты. Екі жыл қатарынан біздің жақта құрғақшылық болып, жерден дән өнбеді. Көктемнің өзінде-ақ көгеріс шөп қурап, айнала сартап болып сазара бастаған еді. Малдың аузына қорек ілінбей, cap даланы кезіп жүрді. Оның үстіне қыс та құтырынып келіп еді. Қолда қоры жоқ кісіде не шара болсын. Қыстың алғашқы күнінен-ақ мал бишара жаппай қырылды. Қора іші өлексе сасып қаңси берді. Қорадан мал, қолдан амал кеткен. Адамдар шамасыз, шарасыз қайғыға түсті. Осылайша олар келесі көктемді құр алақан жайып қарсы алды. Біздің малдан небәрі үш ешкі аман еді. «Жуанның созылып, жіңішкенің үзілер шағы» түскенде сол үш ешкінің шандырын тартқылап амалдадық. Аз ғана сүтке су қосып ағарған атын көбейткен боламыз. Шалап болса да, талшығымызға жарайтын сол еді. Кейде әкем үй мүліктеріне айырбастап бірер қадақ үн әкелсе, быламық көже ішіп көтеріліп қаламыз. Сол жылы көктемде Бурное станциясына шойын жол тартылды да, бұл жер сауда- саттықтың қызу орталығына айналды. Әкем жарты пұт ұн, бірнеше қадақ құмшекер тапқан еді. Станциядан жатақ үй қарастырды да, көкем мен әжемді сонда орналастырды. Сөйтіп әлгі үн мен шекерді әжем мен көкем базарға сатып азын-аулақ пайда түсірмек, әжем мені өзімен бірге ала келді. Еңселі үйлерді, ығы-жығы көшені, сапырылысқан сан халықты, ауқымды құрылысты алғаш көргенім осы еді. Бұрын есектің ақырғанынан күшті дауыс жоқ деп жүруші едім. Сөйтсем, паровоздың жай ысқырғанының өзі құлағыңды бітеп жіберердей ащы келеді екен. Бір күнде көрген жаңалығым мен әртүрлі әсерден қатты шаршаппын.

 Ауыл мен станция арасы төрт шақырымдай еді. Мені шаршатқан жолдан бұрын жолай көрген қызықтарым сияқты. Әкем бізді әкеп салды да, қайтып кетті. Әжем болса бірден өз тірлігін қамдастыра бастады. Мені төсекке жатқызған соң, өзі үн мен құмшекерді араластырып жент жасай бастады. Әжемнің қимылына көз салып жатып  ұйықтап кетіппін.Таңертең әкем келіпті. Көзімді ашсам үйдегілердің бәрінің жүзі қуарып отыр екен. Үрейленіп сыбырласады. Еш нәрседен бейхабар жатқан мен «не болды?» деп ұшып тұрыппын... Алайда әжем басымнан сипады да: «Ұйықтай бер, құлыным» деп сыбырлады. Үй-іші дымқыл тартып күңгірттенеді. Төбеден тамшы ағып тұр. Түнде нөсер жауын жауған еді. - Жоқ, aғa,- деді аз үнсіздіктен кейін әкем, - жиналыңыз, ауылға қайтамыз. Тәуекел дейтін түк те қалған жоқ. Көк піскенше, амалдап күн көрерміз. - Мен өзім қала берейінші, - дейді көкем. Әкем ашулана тіл қатты. - Саған сенген тәуекелің бар болсын! Тез арада жиналып та үлгердік. Төртеуміз тысқа шықтық. Көрші үйдің алдында, неге екені белгісіз, жұрт топталып тұр. Біз жылдамдатып өте шықтық. Жолай әжемнен ұққаным: «көрші үйде бір жапырақ нан үшін адамды тамақтап өлтіріп кетіпті». Енді көкем үйде бадырайып отыра алмайтын болды. Жаяулатып Қаратау жақтағы әпкелеріне тартып кетеді. Мінер көлік жоқ. Алайда ол жақтан көкем құр қол, салбырап қайтып кеп тұрғаны. Ауылымыздың екінші қапталынан Ташкент - Пішпек (Фрунзе) тас жолы өтуші еді. Біз оны «Қара жол» деп атайтынбыз. Мыңбұлақтың бір көзі - Көлбастауда почта станциясы болатын. Көкем сонда барып ат айдаушы болып орналасты. Әжем көкеммен бірге сол «Бекетке» кетті. Үйде қалғандарымыз ақ шалап пен быламықты қанағат тұтып отыра бердік. Бір күні әкем жолаушылап барып көгеріп кеткен екі қап бидай әкелді. Сол бидайды қайнаған сумен жуып, кептіріп, шетінен қуырып жеп қаужалақтап қалдық.

Біраз уақыттан соң күн жылынып, жер кебе бастады. Әкем ары-бері шапқылап жүріп өлмес ауқат тауып жүр. Бір күні ол бірнеше қадақ құмшекер, жарты пұт ұн және бір түйір шай әкелді. Мұны советтік азық-түлік комитеті көмекке беріпті. Сүт көже жасап, аздан тойынып қалдым. Күн көзі әбден жылынған соң, әкем мені ертіп «Бекетке» әжеме әкелді. Әжем қатты сағынған екен. Бізді көргенде көзіне жас алып босап кетті. Бәріміз де жүздесіп жадырап отырмыз. Әкелген шай-қантымызды, ұн мен жармамызды бердік. Көкем жолға шығып кетіпті. Барлық ат айдаушылар ұзын сарайға ұқсас жатақта тұрады екен. Жағдайлары мәз емес. Біз көкемнің келуін күттік. Көкемнің қуанышында шек жоқ еді. Мені аймалап сүйіп, аспанға көтеріп, әпкелерімнің хал-жайын сұрап жатыр. Біраз шүйіркелесіп отырған соң, әкем мен көкем станция бастығына кетті. Біржола есеп айырысып, жұмыстан босап қайтып келді. Көп аялдамай төртеуміз ауылға қуанып қайтып едік. Әжем ат айдаушылардың әйелдерімен, бала-шағаларымен көңілді қоштасты. - Құдайға шүкір, немерем келіп ертіп барады. Тәңірім бұл қуанышқа да жеткізді. Сендер де жақсылыққа жетіңдер, - деді әжем жолға шығар алдында. Жолай әжемнің досы - Иманқұлдың үйіне аялдадық. Әйелі бізді айранмен сусындатып, барын алдымызға тосты. Жолға шығарда Иманқұл бұзаулы кер сиырды алдымызға көлденең тартты. Әкем ақшасын төлеп, көкеме жетелетті. Иманқұл бізге бір пұт тары сыйлап, қошеметпен шығарып салып еді. Ауылға келген соң ақ көбейіп, аузымыз қою айранға тие бастады.Сөйтіп жүргенде май айы да туған еді. Көкем төрт күн бойы жер аударып, оған тары септі. Әпкелерім даладан әлдебір шөптерді теріп әкелетін. Қандай шөп екені есімде жоқ. Әжем сол шөптерді сүтке қайнатып, кейде құр суға салып ас жасайтын. Біз соны жеп қанағат етеміз. Бірде сондай көк сорпаны ішкен соң, бір сағат өтпей жатып шетімізден баудай түсіп құлағанымыз бар. Менің жағым қарысып, көзім тұнып кетті. Басым айналып, лоқси бердім. Әжемнің зәре-құты қалмады. Әрқайсысымыздың басымызды бір сүйеп зыр  жүгіріп жүр. Жалма-жан сиырдың желініне жабысып, сүт сауып әкелді. Сол сүтті кезек- кезек біздің ернімізге тосады. Кешке келген әкем мен көкем біздің қирап жатқанымызды көргенде көздері шарасынан шыға жаздады. Біз белгісіз шөптен уланып қалсақ керек. Содан бастап көк сорпа жасауды мүлде доғардық.

 Әкемнің астына ат бітіп, ауыл-елді аралай бастады. Көкем үйден ұзаған жоқ. Іргемізге бөтен бір бай адамы қоныс тепкен екен. Көкем сонда барып қойларын қырқысып, қозыларын отап жалданып жүрді. Кейде станцияға барып жүк түсіріп, тапқанына бір бөлке нан әкелетін. Әкем төрт қозылы қой әкеліп тастады да, қайтып жол жүріп кетті. Бір айдан соң үйге өгей шеше алып келді. Осылайша қаз тұрып, қаңбақша қалтырап жүріп, екінші жылды да аяқтап едік. Көршілеріміздің көбі күн көріс қамымен жан-жаққа тарап кеткен. Солардың кейбірі үшінші жылы ғана бас қосты. Бұл жылы ел мемлекеттен тұқымдық қор алған еді. Патша құлапты, «қызылдар» мен «ақтар» айқасып жатыр дегенді сол кезде естідік. Үлкендер «күніміз туды, кедейлердің таңы атты» десіп жүрді. «Енді патшаның шабармандары халықты қалай алдайды. Ел мен елді, адам мен адамды теңестірген заң шығыпты» дескен жұрттың қуанышында шек жоқ еді. «Қара тізім» жасалып, байлар соған тіркелді. Алты ай сайын сайлау жүретін болды. Старшындар дамылсыз ауыса берді. «Қосшы» одағының бастығы сайланатын болды. Жаңа заман, жаңа заң, жаңа тірлік жайлы, ұлы төңкерістің көсемі Ленин жайлы ел жиі айтатынды шығарды. Совдептің төтенше өкілдері келе бастады. Басшылар кедейден сайланды. Әрбір он үйден бір белсенді сайланатын еді. Сол белсенділердің ішінде көкем де жүрді. Оны талай рет ауыл советтің председателіне де сайлады. Жаңаша жер бөліс орнады. Бұрын кедейдің жерін иемденіп шалқып отырған байлар жерінен айрылды. Жер кім баптаса, соныкі болды. Жұрт иығы көтеріліп, жаңа өмірге жұмыла құлаш ұрды. Бас-аяғы бес жылдың ішінде бәрі тойынып, қабағы жадырап, қайғысы азайып еді. Әкем мені арабша, орысша оқуға үйрете бастады. Есепті де үйретіп жүрді. Әртүрлі тірлікке араластырып, бұғанамды қатайта бастағанын сонда сездім. Ат суарып, ақырға жем салу, өгізге мініп тас бастыру сияқты жұмыстар енді менің де қолымнан келе бастады.

 * * *

Біздің Өтеулі тұқымынан Бабас дейтін кісі өткен. Бабастың Қабаш атты інісі болыпты. Қабаш жекжат-жұрат, тамыр-таныстарды аралағыш екен. Бір аттанса, үйіне айлап оралмайтын әдеті болса керек. Үйге келуін келгенмен, байыз тауып отыра алмайтын көрінеді. Ертерек ел қыдыруға шыққанша асығып жүреді екен. Осындай кезекті бір сапар алдында атын ерттеп жатқан інісіне Бабас тіл қатыпты: - Ей, сен қайда тағы да...Інісі де ожарлау болса керек. Ағасын қағыта сөйлепті: - Сендер сияқты қашанғы үйкүшік болып отырайын. Ошақ түбін аңдуды саған-ақ бұйыртсын. Менің қатыным жоқ, балам жоқ. Салт басты, сабау қамшылы, арқам кең адам емеспін бе. Сен-ақ қатыныңды құшақтап жата бергін. - Қабажан-ау, қолымызды мал қысқартып отыр ғой. Әйтпесе отау тігіп беріп, келінімнің қолынан дәм татып отырмас па едім. Ағасының мына мәймөңке сөзіне Қабаш тағы да қияс жауап беріпті: - Қолың ұзарғанша, жолым ашық шығар. Менің қайда жүргенімді қадағалап қайтесің, - деп аттанып кетіпті... Содан Қабаштан хабар болмай үш айдың жүзі өтіпті. Бабас қобалжып, үй-іші үрпиісе бастаған екен. Осындай бір күпті күні Түлкібастағы Темір руының адамдары Қабаштың қолын байлап ауылға алып келіпті. Қашан да даушының даусы өктем шығатын әдеті емес пе. Қабаш болса, қабағы түсіп, елге қарай алмай жер шұқылап тұр. Оны байлап әкелген жігіттер ел адамдарына қамшы үйіргендей қара бұлтты төндіре сөйлейді. - Мінеки, мынау сұмаяқ, суыққол туысқандарыңды Шымкент базарынан ұстап әкелдік. Ауылымыздан ат ұрлап әкеп сатқалы тұрған жерінен тұтылды бұл бетсіз... Бабас қатты абыржып қалбалақтай берсе керек. «Ел арасына жік түспесін, ала жіп аттаған алаяқ атанбайық» деген намыс іші-бауырын жегідей жеген жайы бар көрінеді. - Айналайындар-ай, амалым қанша! Қатар жатқан ел едік. Алыс-беріс, барыс- келісіміз жарасқан ауыл едік қой. Аттан түсіп, аяқ суытыңдаршы тым болмаса. Дәм үстінде, дастарқан басында отырып келісімге келелік. Айып бізден, ағайын, ауыртпалықтарыңцы көтеруге әзірмін, - деп Бабас қол қусырып, тізе бүгіпті. Жоқ іздеп, ұрысын ұстаған ауылдың жігіттері ат үстінде шатқаяқтап, шамалары келгенше шіренсе керек. Бабас онан сайын шыжгөбектеніп жалынады. - Тілегімізді қабыл етіңдер. Жерге қаратып кете көрмеңдер, айналайындар. Айыптының жүзі төмен ғой, ауыл адамдары Темір елінен келген жігіттерді жүгіріп жүріп күтіпті. Аяғының ұшымен кіріп, қаңбақша қалқып, дамыл алмай дастарқан тасыпты. Бәрі де мал иесі қуғыншылар мен дау иесі - билердің алдына шала жүгініп қызмет көрсетіпті. Мейлінше егіл-тегіл шашылады.

 Қуғыншыларды Әлмембет бидің баласы басқарып келген екен. «Олар да бірқауым ел ғой. Жөн-жобасын білетін кісілері бар шығар. Мына жігітті ауылына алып барыңдар. Бір жылқының дауын өздерің-ақ шешерсіңдер» деп кіші баласы мен үш жігітті жұмсаса керек. Бидің өзі келсе, салмағы ауыр түсетініне түсінген біздің елдің билері лайықты жөн-жоба таба алмай, қиналып отырғанда. Бабастың өзі ретін тапқан көрінеді: - Менің алты қарам бар. Енді тағы да алты қара керек. - Бұның қай сасқаның? Алты қара іздегенің не? - деп билердің біреуі сөзге араласыпты. - Е-е, ақсақалдар-ай, әйтеуір көңілден шығып, көпке түрткі болмасақ дегенім ғой. Тоғыз қара айыпқа деңіздер, ал қалған үш қара сіздердің әділ қазылықтарыңызға төленеді.Мұны естіген билер тапқыр шешімге тәнті болған екен. - Дұрыс айтасың Бабас. Әлмембет бидің келгенінен келмегені бізге ауыр тиіп тұрғанын түсініп айтқан сөзің ғой бұл... - деп күрсінеді би. - Ал онда не отырыс бар, әлгі жетпей жатқан малыңның біреуін мем берейін. - Ойбай, биеке! Жасыңызға құлдық, - деп Бабас қол қусырып орнынан ұшып тұрады. - Сабыр ет, Бабас. Әлі сөзімді аяқтаған жоқпын, - деп би қолын сермеп, менің бабам Имашқа қарапты. - Ал, Имаш Әжібаласы не бермек. - Біз де бір жылқы береміз ғой, биеке. - Ақабай-ау, Имаштан сенің жолың үлкен емес пе. Сенің лебізің қалай екен, - дейді би біздің ұрпақтың үлкеніне. - Біз де қатардан қалмаспыз, биеке. Би аз үнсіздіктен соң, бәсең үнмен төңірегіндегі билерге тіл қатыпты. - Иә, енді міне тоғыз қара болды... - деп жер шұқылап отырады. - Жетер осы да... Өзге ер бір жолға тілегімді аяқсыз қалдырмас деп үміттеніп отырмын. Осы жолы екі тізгін мен шылбырды маған беріңдер, кейіннен көре жатармыз. Өзге билер әділдікке жүгініп, әлгі уәждің алдын кеспепті. - Сіздікі жөн, сіздікі жөн, - деп бәрі де құп алады. Осылайша Бабастың есебінше жетпей жатқан үш қараның да орны толыпты. Айып төленіп, даушылар ауылдарына аттанады. Барын беріп қара жерге қарап қалған Бабастың үйі, ескі қоныстан көтеріле алмай отырып қалған екен. Ел маңынан өткендер  «қарақшылар қонысы», «ұрының ұясы», «алаяқтар ауылы» деп өтетін болса керек. Қара таңба әркімнің бетіне шіркеу болып, жүздері төмен жүреді. Тіптен бас қосыла қалған жерде әлгі айғақты ат бадырайып шыға келеді екен.

Бірде сейсенбі базарына барған біздің базаршыларды біреулер мұқатыпты: - Е-е, сендер ұры ауылының жігіттері екенсіңдер ғой. Бұл сөзге жауап қата алмай. ауыздарына құм құйылған біздің жігіттер, іздерінше ат басын ауылға бұрған екен. Базаршылардың алдынан шыққан ел, құралақан жігіттерді көріп аңтарысып қалған көрінеді. - Неменеге тесіле қалдыңдар. Елге қарауға бетіміз күйіп, «ұры» деген атақтан қашып кеп тұрмыз, - дейді базаршылар. Мұны естіген Бабас қайғыдан қатты күйіп, қаһарға мінген екен. Қабаштың шашын ұстарамен қырыпты. Сонан соң құйқасын маңдайынан желкесіне дейін, оң самайдан сол самайына дейін тіледі. Басына жарғақ тұмақ, үстіне айналдырған тон кигізеді де, қолына таяқ ұстатады. - Енді қайда барсаң, онда бар. Сендей арам ағайыннан адал арым артық, - деп теріс батасын беріп, ата қоныстан аластап шығарған екен. Ол заманда қарғыс ауыры «теріс бата», жазаның үлкені «қасқа» етіп әйгілеп, елден қуып қаңғытып жіберу болыпты ғой. Сол Бабастың кенже ұлы Орманқұл менің көкем Момынқұлмен жасты еді. Нағашымыз Текебай бидің кенжесі Құлжабай да бұлармен құрдас болатын.Орманқұл қырықтан асқанша кедейлік қолын кесіп, үйлене алмаған. Ал Құлжабайдың атастырып қойған қалыңдығы өліп, оның 8-9 жастағы сіңлісінің бой жетуін күтіп, амалсыз жүрген кезі екен. Ол кезде қос бойдақтың да жастары отызды иектеп қалып еді. Қысқы шілде кезінде құтырынған боранның құрсауынан шыға алмай Құлжабайдың ауылда жатып қалғаны бар. Құлжабай мінез жағынан ағасы Серкебайға мүлдем тартпаған. Ол сабырлы, биязы, өзін- өзі қай жерде болса да, қай ортада болса да ұстай білетін байсалды, орта бойлы, қара торы жігіт еді. Сондағы боз боранға қарамай ол Момышқұлды ертіп алатын. - Жүр, малтамға барып, қайтайық, - деп қымтана киініп үйден шығып жүрді. Аздан соң қас-кірпігіне дейін қар болып қайтып келеді. - Уһ! Астапыралла-ай, мұндай боранды кім көрген, Ұйытқып ұлып, үйіре борап тұр ғой тегі. Көз қаратар түрі жоқ. Тыныс алдырмайды. Жотаның жазы жақсы болғанмен, қысы тапа қиямет қайымның өзі ғой, - деп киімдерін шешіп, қарын сілкілейтін. Мұндайда қысқа күннің өзі ыбылжып тұрып алатыны бар ғой. Бәріміз үйге сыймай, ермек іздейміз. Содан кешкі тамақтан соң ертегі, жұмбақ, күлдіргі әңгімелер айтып, Құлжабай бізді еліктіріп отырушы еді. Ой, шырағым-ай, сен болмасаң, әсіресе мынадай қарлы күн, қараңғы түнде ішіміз пысып, жарылып кететін екенбіз ғой. Тіптен сенің айтып отырғандарың мына балаларға рахат болды-ау, - деп әжем Құлжабайға алғыс айтып отыратын. Бір кеште ол «Сұрмергенді» айтып берді. Екінші кеште «Сұрмергенді» асықпай қайталады. Момынқұл көкеме жаздырып отырды.

Менің екі құлағым соларда болатын. Үшінші естігенде мен өзіне айтып бергенімде: - Оу, Бауыржан-ау, өзің құйма құлақ екенсің ғой, шырағым, - деп Құлжабай арқамнан қақты. - Е-е, нағашысына тартқан ғой, - деп әжем мақтанып қалды. Оның ертеңіне әкем аспаптарын құрып, Момынқұл су жылытып, балшық иледі. Одан әкемнің айтуынша қалыптар құйды. Мен үлкен табаншаның үстіне ағаштан күркешелеп отын жағып, көрік басып отырмын.  - Aл, aпa, күн қысқарсын, бәріміз де тірлік істеп отыралық, - дейді әкем әжеме. Сөйтеді де әр жерде шоқшиып зерігіп отырған қыздарды нұсқады. - Сіз мыналарды да қарап отырғызбаңыз, aпa. Әжем орнынан тұрып, үлкен алашаны бөлменің бір босағасына жаяды. - Сен, балам, ауызғы бөлмеден бір қап жүн алып кел, - деп қыздардың үлкені Үбианды жұмсайды. Өзі мүйіштен екі ұршықты әкеліп, алашаның төр жақтағы бұрышына қояды. Үбиан алып келген жүнді алашаның ортасына үйіп, қыздарға орын көрсете бастайды. Өзі де көрпешенің үстіне жайғасады. Әжем бәріне тиесілі жұмысын тапсырып жатыр. - Сен, Әлиман мен Құрманкүл, екеуің жүн түтесіңдер. Асықпай үлпілдетіп жібекше түтіңдер.Екі қыз әжемнің айтқанын екі етпей, іске кірісті. Енді әжем Үбианға бұрылды: - Сен мына ұршықтың біреуін қолыңа ал. Екеуміз жіп иірелік. Жалтақтап отырған келіндеріне көзі түскен әжем, оларды да құр қол қалдырған жоқ. - Үйлеріңді сыпырып, ыдыс-аяқтарыңды жуып, күлдеріңді шығарып, қазан- ошақтарыңды реттеп, тамақ пісірудің қамына кірісіңдер. Сендерге сол да жетер. - Әпке! Маған да бір нәрсе жүктесеңізші... - Сен қонақсың ғой, қарағым! - Қашанғы қонақ болып отыра бермекпін, әпке. - Ыңылдап өлеңіңді айтып отыра берсеңші, қарағым, Құлжатай, - дегенде бәріміз күліп жібердік. - Тоба, сондай да тірлік болады екен-ау, - деп Құлжабай да күліп жатыр. Жүн түтіліп, ұршық иіріле бастады. Көрік басылып, көмір оттанып, күміс еріп қалыпқа құйылды. Қорытындының беті қарайып қатая бастағанда, оны қысқашпен алып, темір  тегенедегі суға тастап жібергенде, су баж етіп шашырап, буы бұрқырайды. Суыған күміске төс үстінде балға соғылады. Осылайша әрқайсымыз өз тіршілігімізбен отырғанда байқамаппын. Қайдан алып келгенін білмеймін, Құлжабай жуандығы сұқ саусақтай, ұзындығы төрт-бес қарыстай алшыбықты бәкісімен жонып отыр екен. Сөйтіп біздің үйде «өндіріс цехтарының» жұмыстары қыза бастады. Біреумен біреудің ісі жоқ. Әркім өз тірлігін үделеп отырған. Түскі тамаққа қою майлы быламық істелген екен. Сол кездерде біздің ауылда сұйық тамақты да «екеуара», «үшеуара» табақтасып бір қасықпен ішетін әдет бар еді. Быламықтың түрі де көп болатын. Ең сұйығын «атала», күбіге ашытса - «ашыған быламық», айран қатса - «ақ быламық», сүтке пісірсе «сүт быламық», тек суға пісірсе - «қара быламық», оған құрт езіп қатса - «құрт быламық», май салса - «майлы быламық» деуші еді. Құлжабай тамақ үстінде быламық туралы талай күлдіргі сөздер айтып отырды...

Алыс жолдан арып келген екі жолаушы бір үйге түстенгелі ат басын тірепті. Үй иесі шайдан кейін өзге рәует білдірмей, тымпиып отыра берсе керек. Қарны тойып, қабағы жадырамасын білген жолаушының біреуі тысқа шығып келген соң, серігіне «аттаналық» деп тықыр салыпты. - Тұр енді, аттаналық. Отыра бергенмен оңала қоймаспыз, - депті. Серігі орнынан қозғалғысы келмей қипақтай берген екен. - Әй, тұрсаңшы енді... - Досым-ау, қалай тұрайын. Жай-күйім өзіңе әйгілі ғой, - деп мынадай өлең айтқан екен: Ішсем тамақ болмайды шай антұрған, Әйт, шүу десем жүрмейді тай антұрған  Ат бер десем бермейді бай антұрған Шай шіркінді шығарған бай антұрған. Шу дегенде суырылған құла мықты, Сынығыңды бекіткен сына мықты. Қалай ғана құр ауыз аттанайын, Тым болмаса қимады-ау быламықты. Біздің елде жұқпа дейтін тамақ болады. Қамырды жұқалап жайып, ыстаған қазан түбіне кептеп жапсырып пісіреді. Қамыр жабысып күймес үшін қазан түбін құйрықпен майлап отырады. Жұқа піскен нанды қатырма дейді. Қатырманы суға не сүтке салып қайта пісіріп былбыратады да, үстіне сары май салып орап дастарқанға қояды. Бір үйге қонақтар түсіпті. Үй иесі сараң бай екен. Аузынан берекелі сөз шықпай, әйеліне қайта-қайта «қонақтар жұқпа істеңдер, жұқпа істеңдер», - дей беріпті. Пейілі тар үйден тамақ ішіп жарымасын білген қонақтардың үлкені мұқата сөйлепті. -Байеке, сонша«жұқпа-жұқпа» дей бердіңіз. Жұқпайтын болса, құдағиды әурелеп қайтесіз, - деп орындарынан тұрып шығып кеткен екен... Осы сияқты әңгімелерді көп білетін Құлжабай нағашым бізді күлкіге қарық қылып отырушы еді. Түскі тамақтан кейін Құлжабай шыбықтарын қайтадан жонуға кірісті. Кейбіреуін істіктеп, үстіктеп жатыр. Жуандау шыбықтың екі ұшынан ұстап иді де, алға созып қарады. Кендір жіппен екі басынан байлап тартты. Ұшталған шыбықтың біреуін алып өзі жасаған «садақпен» кірер есіктің маңдайшасын көздеп атты. «Оғы» нысанаға дәл тиді. - Мінеки, Сұрмерген осылай «атқан», - деді. Отырғандар күлісіп, біз сияқты балалар мәз болып жатырмыз. Әрине, садақты маған берді. Содан бастап мен ауылдағы садақшы «Сұрмерген» атандым... Боран саябырси бастады. Үлкендер ауа райын болжалдап: - Әй, ертең жоқ, арғыкүні қойып қалар, - десіп отырды. Айтқандай-ақ боран да басылды,күн де ашылды.Бұғаудан босанған долы арыстанша қайраттанып, Момынқұл мен Құлжабай үйдің маңдайшасына дейін басып қалған үртік қарға күрек салды. Күреген жоқ, текшелеп ойып лақтырып, есік алдынан сыртқа жол ашты. Сай-жылғаның қайда екенін аңғара алмай аң-таңбыз. Айналаның бәрі күнге шағылысып көз қаратпайды. Аппақ дастарқандай теп-тегіс, тып-типыл төңірек шетсіз- шексіз ұлғайып кеткендей. Үш-төрт күніміз қар басқан үйді аршып, суатқа жол салумен өтті. Бұлақ басындағы бытырап жатқан ауылдың түтінін көргеніміз болмаса, әлі қарым- қатынас жоқ.

* * *

1921 жыл еді. Ел етек-жеңін жинап тойына бастаған кез. Жаздың бел ортасы болатын. Ауыл қара жол үстіндегі жайлауда. Үлкендер қыстау басында пішен шауып, егін суарып жүрген. Малшылар Ақсай бөктеріндегі жайлауда қоныс тепкен. Мен қозы баққан балалармен бірге жүремін. Шілік ойнаймыз. Осындай ойын қызған шақ еді. Кенет қара жолдың бұйра шаңын баяу түтіп торқасқа мінген жолаушы келеді екен. Бізге жақындағанда ат тізгінін тежеп, тіл қатты. - Әй, балақайлар, бері келіндер!Біз тобымызбен жүгіріп бардық. Бір байқағанымыз - жолаушының ат-тұрманы, киімі ел адамдарына қарағанда өзгешелеу екен. Ширатқан қара мұртты, қырынған көк иекті, қара көз, атжақты, қыр мұрын жігіт бізге қарап жымиып тұр. Жас шамасы отызды жағалап қалған сияқты. Ол кілем қоржынына қол салып бір-бір уыс өрік үлестірді. Сонан соң қамшысын шошайта сілтеп, бізге тіл қатты. - Ана ауыл Үсен әулетінің тұрағы ма? - Иә, - деп шу ете түстік біз. - Дәуренбай тірі ме? - Иә, атам әлі өлген жоқ, - деді менен екі-үш жас кіші Мырзабай. Ат үстіндегі жігіт езуін жиып күліп алды. - Сен өзің кімнің баласысың? - Мырзабаймын ғой. Жігіт тағы да мейірлене жымиды. - Атаңның кімі боласың? - Атам мен апамның баласымын ғой. Егер сенбесеңіз, мына балалардан сұраңыз. Жігіт енді қарқ-қарқ күлді. - Неге сенбейін, айналайын. Сендім, қарағым, сендім. - Бұл - Дәуренбай атамның үлкен ұлы Ормантай көкемнің баласы, - дедім мен білгірсініп. - Ал, сен өзің кімнің баласысың? - Момыштың баласымын. - Әлгі молда Момыш па? - Иә, молда атамның баласы, - деп менен бұрын Мырзабай жауап қатты. Жолаушы бізге тағы да үш-төрт өріктен үлестіріп берді де, ауылға қарай тартты. Біз танымайтын кісінің берген базарлығына мәз болып қозымызға қарай жүгірдік... Әкем бір күміс білезікке мәймөңке шауып нақыстап отыр еді. Сырттан дауыс естілді.- Момыш! Үйдемісің? Әлдекімнің қырылдақтау үнін естігенде, әкем орнынан ұшып тұрып, сыртқа ұмтылды. - Ассалаумағалейкүм. - Уағалейкүм салам. - Үйге кіріңіз, Дәуке... Әлгі қалтырақ үннің қарт кісінің даусы екенін енді білдім.Дәуренбай ақсақал төрге жайғасып, бүкіл омырауын қаптаған, (жас кезінде ол кісіні жеңгелері «қабасақал» дейді екен)аппақ сақалын сипады.

 Дәуренбай атамның әдеттегідей өзгешелеу толғанып отырғанын сезді ме, әкем мені сыртқа жұмсады. - Әй, сен бара бер... - Отыра берсін. Ешқандай оңашалайтын ағат сөз жоқ, - деді Дәуренбай атам. Дәуренбай Бабастың үлкен баласы екен. Өз бетімен ауыл қыдырмайтын, шақырмаса бармайтын ерекше сыпайы кісі десетін. Сол кезде жетпістен асқан шағы болар, шамасы. - Ал, Дәуке, екі құлағым сізде, - деді әкем аздан соң. - Сенер-сенбесімді білмей отырмын, Момыш. - Неге? Не боп қалды, Дәуке? - Өлген тірілді дегенге сенесің бе? - деп үлкен қой көзімен әкеме тік қарады. - Сен десеңіз, сенейін, Дәуке, - деп әкем жымиды. - Жұмбақтамай-ақ айта берсеңізші. - Жұмбақ па, жоқ әлде шынымен-ақ ақиқат па. Сенер- сенбесімді білмей отырмын дегенім сол ғой. - Тәңірі-ай, енді не болса да айтсаңызшы, - деп әкем тықыршып тағы да жымиды. - Жүр біздің үйге. Есітеріңді сонда естисің, - деп Дәуренбай орнынан тұрды... 68 Олар кетті. Мен аң-таң болып үйде қалдым. Әкем түн ортасында оралыпты... Мал өргізіп болған соң өзі тағы да Дәуренбайдың үйіне қарай беттеді де, жұмбақ үсті жұмбакты шеше алмай мен қалдым. «Кешегі жігіт кім екен?», «Дәуренбай атам неменеге сенер-сенбесін білмей жүр екен?», «Әкем ол үйге неге қайтадан кетті?», «Өлген тірілді дегенге сенесің бе?», «Сен десеңіз, сенейін...» - Шырағым-ау, сен әлі үйде екенсің ғой. Өзге балалар өрісте қозыларының соңында жүр,- деген әжемнің даусынан селк ете қалып, орнымнан ұшып тұрдым. Жалма- жан үйден жүгіре шықтым... Екі күн өтті. Қозы қайырып жүргенбіз. Қос салт атты қара жолмен күнбатысты бетке алып аттанып барады екен. Біреуі - бұрнағы күні балаларға өрік үлестірген торық асқа атты жігіт, екіншісі - көк дөненге мініпті. Бұл - Мырзабайдың әкесі Ормантай. Үшінші күні Мырзабай да қозы қайырысуға шықты. Бәріміз жаңалық білуге құмартып Мырзабайды ортаға алдық. Алайда жарытып ештеме айта алған жоқ. - Қайдан білейін. Мені атамның үйіне жолатпай қойды. Әйтеуір өздері күбірлесіп сөйлеседі. Көп адамның басын да қоспады. Молда атам, Аққұл атам, Тоқмырза атамдардан бөтен ешкім де болған жоқ. Мырзабай одан өзге ауыз тұшыр әңгіме айта алмады... - Молдеке, анау күні Дәуренбайдың үйіне келген жігіт кім екен? - деп сұрады әкемнен бір туысымыз.- Ормантай оралған соң, бір-ақ білерсіңдер. Әзірше сабыр ете тұрыңдар, -деді әкем оған... Қара жолдан қос дөңгелекті үш сарт арба, бір топ аттылар көрінді. Атты топтан үш жігіт суырыла шығып, ауылға қарай құйындата шауып келді. - Сүйінші! Сүйінші.

Дәуренбай атам көзі жасаурап, қол-аяғы дірілдеп, қызыл түлкінің терісін әлгі жігіттерге ұсынды. Менің әкем жарты уыс күміс теңге салды. Өзгелер де жамырасып, жақсы хабар әкелген жігіттерді сыйлап жатқанда, естігеніміз қуанышты жалғыз сөз еді. Жұрттың бәрі: - Жаңа туысқандар келді. Жаңа туысқандар келді, - деп елпілдей жүгірісіп жүр. Ауыл адамдары қарсы алуға шықты. Екі жақ бір-біріне жақындағанда, бір шоқша сақалды шал атынан ырғып түсіп, елпелектей жүгірген күйі ауыл адамдарын бастап келе жатқан Дәуренбай атамның алдына: - Әруақ! Әруақ! - деп етпетінен жығылды. У-шу, ығы-жығы. Бұрын бейтаныс кісілер көрісіп, құшақтасып, сыңсыласып, төс түйістіріп опыр-топыр араласып кетті... «Өлген тіріледі дегенге сенейін бе, Момыш?» «Сен десеңіз сенемін...» деген жұмбақтың шешімі осы екен деп екі нүкте қоя тұрайық: Сөйтсек, әлдеқашан ұмытылған Қабаш тіріліп елге, өзі қарабет болып қуылған ататегі, адал қонысына қайтқан екен. Оның баласы алпыстан әлдеқашан асқан Бапыш деген кісі болып шықты. Дәуренбай атамның алдына жығылған сол кісі екен. Қабаштың немерелері Ыстықұл мен Әбдіш екен. Елін іздеп келген жігіт сол Ыстықұл болып шықты. Ал шөберелері Айнаш, Оспан, Әмір, Әлиялар да келіпті. Бапыштың кемпірі мен екі келіні және бар. Қабаш тіріліп қайтты дегеннің мәні осы еді. Қабаш елден жиырма бесінде кеткен екен. Ал оның тұңғыш баласы Бапыш ауылды алғаш рет алпыстан асқанда көріп отыр. Олар келген жылы әкем алпыстың бесінде болатын. Дәуренбай атам шамасы жетпістің бесеуінен асқан кезі болса керек. Сонда Дәуренбай атам Қабашты он бір-он екі жасында көрсе керек. Қабаш елден кеткен соң, Ташкентке жақын Шыршық өзенінің жағасына барып бір-ақ тоқтайды. Осында бір орта диқанға жалданып жүреді. Күріш, бау-бақша, мақта өсіруді үйренеді. Кірпіш құйып, үй тұрғызу, аяқ-киім жамау сияқты өнерлердің де дәмін татады. Осылайша ол қолынан іс келетін икемді жігіттердің санатына қосылыпты. Сөйтіп жүріп ол екі жылдан соң жалданған үйдегі кіші кенаимды (жеңгей)... алып қашып, ізіне су құйып жоқ болыпты... Бапыш Термез қаласының маңындағы өзбек ауылында туады. Бапыш жетіге келгенде, Самарқанның салқын тауларының бөктеріне қоныс аударады. - Иә, балам, біз Құли деген ел боламыз. Атамекеніміз Алатаудың Ақсай-Көксай деген бөктерлерінің баурайында еді. Мыңбұлақ аталатын жайсаң жер еді ғой. Жазы салқын, қысы қатал келеді... Құлилардың ішінде біз Үсен деген тарауына жатамыз. Үсем болса Өтеулі, Батырбек, Әжі ұрпақтарына бөлінеді. Біз болсақ Өтеуліденбіз. Менің ағам Бабас дейтін кісі болған.Менен мүшел жас үлкен еді...

Мен ағайыныммен араздасып жиырма бес жасымда осы жаққа ауып кеткенмін... Сендер менің бетімді жауып, асымды бергеннен кейін, сол елді тауып, үйірлеріңе қосылу жағын ойлаңдар, - деп қарт Қабаш көз жұмған екен... -Ол кезде менің кішкене бала кезім. Неге ренжіскендерін аңғара алмаппын. Қайдан білейін, - дейді Дәуренбай. - Мен онда жарық дүниеге келмеппін де... Ағайын арасында бола береді ғой, Қапеке, ол жағын қазбалай беріп қайтесіз... Құдайға шүкір, үйіріңізге бала-шаға, немерелеріңізбен топтана қосылып отырсыз, - депті менің әкем. - Әйтеуір маған бір жұмбақ, - депті Бапыш терең күрсініп. Жаңа туысқандар ұқыпты еңбекқор екен. Біздің ауылға тез сіңісіп кетті. Ыстықұл ауылсовет, аудандық советтерге қатысып, ел ішіндегі белгілі активтердің қатарында болып жүрді. Оның Оспан дейтін ұлы менімен түйдей жасты еді. Бірге өстік. 71 Әбдеш те өз қатарынан қалып көрген емес... «Жаңа туысқан» деген жанама ат бір-екі жылда-ақ ұмытылып еді.

* * *

Қабаштың басын «қасқалаған» Бабастың кенжесі Орманқұл еді. Ол Момынқұл, Құлжабайлармен құрдас екенін айттық қой. Атын атаған соң сол кісінің де құлағын аздап шулаталық. Орманқұл орта бойлы, ат жақтау, қалың қара қасты, мұнар көз, қыр мұрын, қара мұрт, қабасақал жігіт еді; Жалғыз аты жазатайымда мертігіп өліп, Орманқұл біздің ауылдың тілімен айтқанда пиязда кедейлік кешкеніне төрт-бес жылдай болған. «Атсыздың аяғы тұсаулы» дегендей, қу томар кедейдің өзі болғандықтан, ол жиын-тойдан қашқақтап, қыстауынан ұзай қоймайтын. Тұйық тірлік кешіп, көңіл көтерері жалғыз домбырасы еді. Жұрт аралап жұғымсыз боп та көрген емес. Біздің үйде көп жатып зеріккен Құлжабай басқа жегжаттарын аралаған соң қайта оралды. - Әдейі ымырт жабылғанда келді... Мына Орманқұлды біреу болмаса, біреу көрігі қала ма деп қара жолдан қайрылып орағытып жеттік, әпке, - деді әжеме күлімсірей қарап. - Жақсы бопты, шырағым. Келгендеріңе қуаныштымыз, - деді де апам енді Орманқұлға ойысты. - Апаң қалай, жақсы ма, қарағым? - Шүкір, әнеу күндері аздап тұмауратып еді, енді айықты. - Мына қақыраған қыста менің де оқта-текте түшкіріп-пысқырып қалатыным бар. Ондай-ондай бола береді. Апаңның амандығына шүкір, қарағым. Қысылмай- қымтырылмай жайбарақат жайғасып отырғын, шырағым. Сонан соң апам ошақ басындағы келініне тіл қатты: - Қазанға Орманқұлдың сыбағасын атап салыңдар. Тамақ алдындағы шайды тездетіңдер. Әкемнің жай сұрасқанына Орманқұл:- Иә, солай. Шүкір, молдеке... Ләпбай... Әрине... әбден сөйтті ғой... Жүдә болмаяқ қойды ғой... Тіптен айтпаңыз, молдеке... Сөйтті білем, - деп қысқа жауап қатып отырды. Шай үстінде Құлжабай жүрген жерлерінің әңгімесін айтып отырды. Біраз әңгіме араласқаннан кейін бірнеше шумақ өлеңнің аяғында: Орманқұл, сен қайдағы, мен қайдағы, Біреудің мен де өзіңдей cap бойдағы. Осындай оқта-санда жолыққанда Өлең айт сырыңды ашып қай-қайдағы, - деп кезек бұрды. Орманқұл төмен қарады. - Менің өлең айтпайтынымды білмеуші ме едің? Домбыра болмаса... - Е-е, онда домбыраңды қолыңа алғын. Маған да соның керек еді, - деп Құлжабай күлді. - Қысылма, қарағым. Бұнда бөтен ешкім жоқ қой, - деді әжем. «Мен ақын емеспін - әншімін», - дейді біреу «Мен әнші емеспін - күйшімін», - дейді біреу. Орманқұл күйші еді. Бір ғажабы, ол домбыра тартқанда дүниені ұмытып, тілден қалатын.

Домбыра көмейінен қайдағы бір зарлы мұңды төгіп отырады. Ал енді күй тартқысы келмесе, домбыра атаулыны таңдап: - Жоқ, болмайды екен, - деп жаратпайтын. Орманқұл әйтеуір томаға-тұйық жан еді. Ішінен күй қайтарып, іштей тынып, өзімен-өзі сырласатын саяқ жан еді. Бұл жолы да үн қатпай, домбырасын баптай береді. Тиегін түзеп, құлағын бұрап үнін бабына келтіргеннен кейін баяулатып тарта бастады. Ол домбыраның құлағынан басқа ешкімге қараған жоқ. Өз тартқанын өзі шын зейінімен тыңдап отырғандай, өзге домбырашылардай оң саусағын серпи қақпайды, сол 73 саусақтарын ербеңдете жүгіртпейді. Арқасының құрысын жазғандай жұлқынып сілкінбейді. Тұнық терең ой түбінде мамырлап қалғып кеткендей, Бір күйді аяқтаған соң алдындағы шайын ұрттап тыныс алды. Осы кезде Құлжабай желпіне сөйледі. - Әй, мынауың сарқырап ағып жатқан Ақсай суының сарыны емес пе? - Әй, мынауың Шақпақтың кейде байсал, кейде ызғарлы желі шығар? - Әй, мынауың көкпардың қиқуы мен сайыс-тартыс дүбірі ғой. - Әй, мынауың кешегі жұмадағы үлей-түлей ұйытқыған, ұлыған боранға ұқсайды, ей. Орманқұл басын изеп үнсіз құптады. - Қап, өлеңді жазып алуға болады, әнді тыңдап үйреніп алуға болады. Күйді жазып алуға болмайды екен-ау, - деді санын соғып Құлжабай.- Әншінің даусы домбыраның көмейі емес. Өлеңнің жолы домбыраның пернесі емес. Күйдің үні - домбыраның төл меншігі... Оны күйшінің жүрегі ғана ұға алады, - деді Орманқұл. - Сенікі рас, Орманқұл, - деді Құлжабай ойлана отырып. Қазақтың халық композиторларының нотадан хабары болмаған ғой. Олардың күйлері дарынды шәкірттері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырған. Күйді де жазып алуға болатынын тап сол кезде Орманқұл мен Құлжабай да, әжем мен әкем де, мен де білмеппіз ғой. Енді ойлап отырсам, Орманқұл сөзсіз композитор болуы керек. Ол нота түгіл хат та танымаған. Ол кедейліктің зардабынан жалғыз еді, саяқ еді. Қолы қысқалықтан қорынып оның ұстазы да, оның ізін қуған шәкірттері де болған емес. Оның шығармалары өзімен келіп, өзімен бірге кетті ғой, әттең...

* * *

 Қыстың ұзақ кештерінде әкем бізге ертек айтып беретін. Өлең үйретіп, дауыстап кітап оқитын. Шағатай тілінен оқитын болу керек, сөйлемдері «боладур», «геладур» «бередур», «үшбу» деп келеді екен. Кейбір түсінбеген сөздерімізді әкем ежіктеп отырып мағынасын ұғындырады. Совет үкіметінің алғашқы жылдары біздің өлкемізде бұрқырап тез өте шықты. Қым-қиғаш тартыспен, таптық күреспен, рулық айтыспен, жікшілдікпен, топ ұйымдастырып тор жаюмен, жала жауып, жарға итерумен шұғылданған бұрынғы байлар жасырын тұзақ құрып жанталасып бақты. Олар кедей туыстарының тасасында тұрып алып жаңа өмірге тас атқылады, адал жандарды аяқтан шалуға ұмтылды. Ауылдағы үстемдікке, болыстыққа, уездегі ықпалға ие болуға қол созды. Әдетте мұндай қым-қиғаш талас сайлаудың алдында басталушы еді. Байлардың мүддесін қорғап. соның сойылын соққандар мұндай тартыстарды лезде өз пайдасына жаратып, қарапайым еңбеккер халықтың назарын негізгі нысанадан ауытқытып жіберуге тырысты. Бұл сияқты жікшілдіктің салдарынан ауыл арасының бірлігі шытынай берген еді. Елге уәкіл келгіштеп алды. Олар жаңа тәртіптің, жаңа нұсқаның мәнін, кедейлердің правосы жайлы жиналыстарда түсіндірді. Мұндай уәкілдердің көп келетіні сонша, тіптен ел олардың аты-жөнін де біліп үлгермейтін. Сондықтан өздерінше ат қойып, айдар тағып алады. Уәкілдің түр-тұрпатына, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, ақыл-ойына қарай әрқайсысы өзіне лайық атқа ие болады. Дударбас, шаш қойғанын - «шашты уәкіл», тақыр иек қырма сақалдысын - «көк иек уәкіл», шошайма бас киім кигенін - «молда торғай» тағы бірін «жау тұмақ уәкіл» деп атайтын. Енді бір уәкіл әрбір сөзін «боевой приказ» деп айта берген соң, оны «бообой пркез» деп атағаны есімде. Тағы бір уәкіл астына ат мінсе, қара сорпа етіп қамшылайтын да жүретін. Мұны көрген ел уәкілді «ат соры» деп атап кетті. Келген өкілдің мән-жайына, жөн-жобасына қарай қойылған аттар қаншама еді: жер уәкілі, су уәкілі, салық уәкілі, ағарту уәкілі, сайлаушы уәкілі, айдаушы  уәкілі дегендердің бәрі де - біздің ауылға ат ізін салғандар. Уәкілдер неге екені белгісіз, тез ауысушы еді. Ел мұны әр саққа жүгіртіп жүрді. Менің бала қиялым соның бәрін егжей- тегжей байыптай бермейтін. Әкем бұл кезде алпысты алқымдап қалған еді. Сондықтан, ауылдағы қызу өмірге белсене араласа алған жоқ. Оның есесіне көкем үй бетін көрмейтін болды. Жиналыс атаулының бәріне қатысып, сайланбаған қызметі қалмады. Сондықтан елуліктің, жүздіктің арасынанделегат боп сайланды, ауыл советтің төрағасы да болды, «Қосшы» одағының бастығы да болды, бір рет болыстық «Қосшы» одағы бастығының орынбасарына сайланғаны да бар. Дегенмен, қанша талпынып, қанша құлшынғанымен, көкем «әйгілі адам» бола алмады. Сайлау сайын көтерілудің орнына, қызметінен зырғып түсіп жататын.

Бұған кінәлі оның қабілетінің аздығы емес еді.Көкем ауылдағы жікшілдердің жемі боп қала беретін. Серкебай нағашым көкеме кездескен сайын қыжғырып, «өз орны үшін таласа алмаған ынжықсың, нағашы бабаң Текебай биге тартпай түп сүйегіңді қорлап жүрсің. Соның бәрі құраннан безіп, құлдық етуді ұмытқаныңның кесірі», - деп кейіп отыратын. - Ел жақсылары қара тізімге ілігіп жүргенде, алты ай қызметке ақымақ торғай да шыдайды, - деп келемеждеуші еді нағашым. - Міне, мен жарықтық әкем Текебай бидің аруағына таңба түсірмей әлі күнге дейін Серкебай би атанып жүргем жоқ па, - деп қамшысымен жер сабалайды. - Ал сен күшік болсаң мас кісідей әр қызметтен бір құлаумен келесің. Намыстанып өлетін болдық қой, түге. Көкем ақталмақ боп, жаңа тәртіп жайлы түсіндіре бастайды. Ондайда: - Тауыққа жұмыртқасы ақыл үйрететін болған ба, - деп кекететін Серкебай нағашым. - Есердің естіге жөн үйреткені ме, шынымен! - Нағашы-ау, сіздің шалқыған дәуіріңіз өтіп барады ғой. Ендігі өмір талабы өзгешелеу. - Сен не деп отырсың, ей ынжық, - деп Серкебай көкемнің кеудесінен қамшысымен нұқиды. - Қалай деп көкисің, шірік? Не дедің сен?! - Түк те дегенім жоқ. Жай аузымнан шығып кетті, - деп міңгірледі көкем. Үлкеннің бетінен алғанды саған көрсетермін мен, - деп нағашым бұлқан-талқан болады. - Кіммен бәсекелесетініңді тапқан екенсің. Қотыр бұзаудай арқандап қоюға әлі шамам келеді. Көкем арқасын қамшы осып кетпесін деп үнсіз отыра беретін. Оңтайлы сәті келгенде осынау адуынды шалдан аулақ жүруге тырысып, сыртқа зып беріп шығып кетеді. Шал оның соңынан біраз ұрсып, бұрқылдап отырады. - Япырау, заман не боп барады. Әлдилеген балаң әдептен асып, арпалыса бастаса, жақсы адам бола ма деп үміттенген адамың өзіңмен жағаласса не дерсің. Әттең, мына тасыраңдаған жаман неме өз сүйегім ғой. Әйтпесе аяқ-қолын керіп тұрып көкпар етер едім... Сонан соң қабағын тұнжыратып, сақалының ұшын шайнап біраз үнсіз отырады да, әжеме тиіседі: - Мұндай әумесер жиенді несіне тудың, әпке? О, не дегенің, қарағым, - деп әжем абыржи қалатын. Алланың бергені осы болса, амалым қанша. - Иә Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Әйтпесе ғой, әйтпесе!.. Мынау өңшең шолақ белсенділер-ақ титығыма тиіп болды, - деп ашуланады Серкебай. - Ең ақыры өз жиенің бетің бар, жүзің бар демей... Сіздің дәуіріңіз өткен деп былжырайды. Бұл қартайғанда есітер сөзім бе еді.- Сен енді, Серкешжан, балаға кешірімді бола ғой. Байқамай айтып қалған шығар, - деп әжем бәсең үнмен күбірледі. - Байқамай қалған шығар!.. Қайдағы байқамай!.. Эх-эх! -деп Серкебай кекесінмен күлді.-Мен оған байқамағанды көрсетермін. Мен есірген белсенділерді итке тастайтын сүйекке таластырармын әлі. Аш қасқырдай арсылдатып қоярмын да. - О не дегенің, Серкеш! Өз адамдарың емес пе? - деп шошып кетті әжем. - Әй, есек! - деп айқайлайды Серкебай. - Үйге кір. Көкем сонда ғана қайтып оралады. - Аяғыма жығылып кешірім сұра! - деп бұйырады шал. Көкем не істерін білмей дағдарып тұрып қалды. - Момынтай-ау, оның не, кешірім сұрай ғой, жасы үлкен нағашың ғой, - деп араға әжем түседі. Көкем өжеттігін қойып, тізе бүгеді. Серкебай нағашым да ашуын лақ еткізіп төге салып, көкемнің тентектігін лезде кешіретін... Біздің үйдегі тап тартысының таңбасы осылай есімде қалып қойыпты. Ал ел арасындағы таптық күресті мен жол-жөнекей баяндап, өзімнің өмірге араласқан сәттеріме орай айтармын. Ауылдың қоғамдық жағдайы, ел ішінің өресі қандай болғанын өзімнің де өсу өреме сәйкес әңгімелермін. Әзірше асықпай-ақ қоялық.

 * * *

 «Әйелдер теңдігі», «қалыңмал жойылады», «қыздар сүйген жігітіне шығады». Революция жылдарында әйел тендігі жөнінде алғаш есіткен сөздерім осындай. Бұл сөз көп адамды ойландырса, көп адамның көңілінде күдік те тудырды. Әйелдер не де болса бір жақсылықтың нышанын іштей ұққандай үнсіз қуанып еді. Әлденені асыға күтіп, тағатсыз толғанысқа түскен жайлары бар сияқты. Әжем ғана бұл сөзге құлақ аса қойған жоқ. Атамзаманнан қалыптасқан, сүйекке сіңіп сірі болған әдет лезде сеңдей бұзылып жүре берді дегенді бір түрлі ұғымына сыйдыра алмайтын сияқты. Бұл ойын бізге де білдіріп қояды. - Қалыңмал деген ата-бабамыздың салып кеткен жолы ғой. Қашаннан қалыптасқан кәдеміз емес пе. Менің шешеме де қалыңмал төлеген, маған да қалыңмал төледі. Қыздарымның қалыңмалын алып құтты орнына қондырғанмын, ұлдарыма қалыңмал төлеп келін түсіргем. Енді немерелерім қалыңмалсыз-ақ жөндерін табады дегені несі екен?-Ол осылайша күңкілдеп қояды.-Қалыңмалсыз өзге босағаны аттаған қызда қандай қасиет бар дейсің? Құны жоқ қызды кім сыйламақ? Ондай қызды байлары тегін алып, тегін қуып жібермей ме? Өз аяғымен келіп, өз аяғымен кетті деген сөз болмай ма? Қалыңмал алмадым дегенше - жасау жасалмайды, той өтпейді десеңші. Оның не қасиеті қалар дейсің, - деп өз-өзінен бұрқылдайды. - Жоқ, олай бола қоймас. Мен тірі тұрғанда қалыңсыз қыз бермеспін. Менің жолыммен, менің жөніммен жүресіңдер. Ал мен өлген соң не істесеңдер де еріктерің.Салалы тараштап өрген сегіз бұрымы иығына төгілген апаларым түкке түсінбей, әжеме аңтарыла қарайтын. Әжемнің қатулы жүзі, түнерген қабағы, зілді даусы олардың нәзік жанын қалтыратып, өздерін абыржытып тастаушы еді. Осынау сәби сезімнің қайғысына масаттанғандай мен орнымнан ұшып тұрдым да, әжеме тіл қаттым: - Ал мені қалай үйлендірмексің? Әжем күліп алды: - Алдымен мына шүйкебастарға құда түскендерден қалыңмал алайын. Қабырғамызға шыр байлап, әлденіп алайықшы. Сонан соң іздеп жүріп сұлу қалыңдық тауып берем. Қалыңмалын да аямай төлеп, өзіңді де аяқтандырамын. Сонан соң үй болды деген осы. Өз отауың бар. Томпаңдаған келінімді жұмсап қойып, жылы-жұмсағын жеп, ізетін көріп, көсіліп отырмаймын ба, - деп мейірлене күліп сөзін жалғастырды. - Тек тәңірім соған жеткізсін, сол қуанышты кезге дейін тірі жүрсем деп тілеймін тәңірімнен. Әжем күрсініп қойды. Қиялы әлдеқайда жетелеп кеткендей өз сезіміне кенеліп отырған сияқты.

 Апаларым мен жаққа ала көзбен қарап, жауығып алғандай. Өйткені әжем мен үшін, менің болашақ кербез келіншегім үшін оларды қосақтап күйеуге беретіндей көріп тұр. Мен болсам, оларды табалаған жанармен талап тастағандай маңғазданып киіз үйден шықтым да, ойнау үшін әуіт жаққа жүгіре жөнелдім. Күн ашық еді. Асқар таудың алып бейнелері айнадай таза судың түбінен көрініп тұр. Балшық илеп балалық ойынға беріліп кеткен екем. Кенет әлдебіреу өзім илеген балшығыммен өзімді төпеп, үсті-басыма жағып, бас-көзге қарамай жұмарлап, кез келген жеріме соққылап есімді кетірді. Не болғанымды білмей шыңғырып жіберіппін. Байқасам әрі ерке. әрі өжет, әрі намысқой, менен екі-ақ жасы үлкен ортаншы апам Әлиман екен. Мен долданып қуа жөнелдім. Кесекпен атқылап келем. Әлиман көйлегінің етегі далбаңдап безіп барады. Сол күйі үй төбесіне шығып, жиюлы тұрған пішенге жасырынды. сонда отырып мені мазақтайды. - Масқара-ай, албастыдай сауым-сауым, кір-қожалақ құбыжық ұсқынын қарай гөр. Көзінен сорасы ағып тұр. Тағы сұлу қызға үйленем дейді-ау! Сонан соң пішен төбесінде жатқан жарты қышты ұстап түсті. Кеудесін менменси тік көтеріп: - Есі болса, бірде-бір сұлу қыз саған тие қоймас, - деді. - Әжеме айтып сазайыңды тартқызармын. Сені өзі ақсақ, көзі көр, тісі кетік, мұрны пұшық, кемиек, басы таз сүмелек біреуге бергізермін, - деп дүниедегі ұсқынсыз нәрсенің бәрін асығып-үсігіп санап жатырмын. Шыдай алмаған апам: - Ондайыңа бара қоймаспын. Басыңа шайнап жақ! - деп қолындағы кесегін маған қарай атып жіберді. Мен бұғып қалдым да шегіншектей бердім. Апам маған тигізе алмағанына ызаланып жұдырықты жаудырып жіберді. Қалай қарсыласарымды да білмей жанталасып жатырмын.Бұйығы әйел қауымымен алғаш рет осылай қақтығысып едім. Тұңғыш рет ортаншы апам өз ожданын қорғау үшін мен сияқты «қалыңмал иесімен» ашық айқасқа шыққанын көріп едім. Әжемнің айтқаны болды. Менің әпкелерімнің бәрі әже жолымен ұзатылып, қалыңмалға сатылды.

 * * *

Үбиан жастайынан Шегір руынан Жарылқап байдың Мамыт деген баласына атастырылған екен. Олардың елі Шақпақ тауының етегінде еді. Жарылқаптың біздің Нығмет әулетіне жақындығы да бар көрінеді. Қыз беріп, қыз алысып отырған екі ел сүйек жаңғыртпақ болып Үбиан мен Мамытты атастырса керек. Жұт кезінде Жарылқаптар мал- мүліктен жұрдай болып, қаратаяқ кедейлерге теңескен екен. Содан көп ұзамай әкесі мен шешесі дүние салыпты да, Мамыт пен кіші інісі Нығмет байдың Сайлаубай деген үлкен баласының қолына келіпті. Мамыттың інісі менімен құрдас еді. Нығмет ұрпағы екі анадан тарағандықтан, бас қосып, екі топ боп аталатын. Бәйбішенің балалары «қара кемпірдің ұрпағы», тоқалдан туғандар «ақ кемпірдің немесе Анаргүл кемпірдің балалары» деп бөлінуші еді. Нығмет біткендер тумысынан іскеш, сақау тілді келетін. Мамыт солардың қолында жалшылық етті де. інісі байдың қозысын бақты. Нығметтерді мен біздің жайлауға көшіп келген жаздан бастап білемін. Ел басына ауыртпалық түсіп, арып-ашқан кезде нығметтіктер ауылға жоламай, алшақ жүруші еді. Енді еңсеміз көтеріле бастағанда, қайтадан іргелес бола бастапты. Байдың малы егінге, шабындыққа қырғидай тиіп, берекемізді ала берді. А л айда баяғыдай бай тізесі батып қалған кедейлер бұл басынуға бас көтере алған жоқ. Сырттай жек көріп, алыстан айбат шегумен шектеліп жүрді. Әсіресе байдың шалық мінез, есуастау кемпірі Анаргүл шайпау еді. Ол етек-жеңі елбе- делбе болып, өрістегі мал соңынан қалмайтын. Балаларынан бастап көрінген кісінің бәрін қарғап-сілеп шаңытып бара жатқаны. Өзім ортасында жүрмесем малымды біреулер талап алады деп табаны жерге тимейтін. Кеш батса, түні бойы көз ілмей қиқулап қораны айналып жүріп алады. Өз басым ол кісінің жайласып отырғанын көрмеппін. Әрдайым желе жорытып бара жатады. Ауыл адамдары Анаргүлден аулақ жүруге тырысушы еді. Егер абайсызда ұшырасып қалсаң, бір балағат сөз естімей құтылмайсың. Елді басынғаны сонша, ол қора-қора қойларды егіндіктің үстінен айдап өтуден де тайынбайтын. Балалары оған қой деп, тоқтау айтып көрген емес. Осыған орай өздері де шетінен сараң, құнамақор. Қыруар айран ашып, күбі-күбі қымыз қыжынап кетсе де, не өздеріне қимай, не жұртқа қимай отыра беретін. Ауыл адамдары байдың басынған қылығына ашық қарсы шыға алмайтын. Сондықтан алыстан жамандық шақырып, ырымшыл байдың кеудесіне үрей ұялатуға тырысатын. «Ай қисайды», «Жұлдыз орнынан ауытқыды», «бұлт керуені бүлінді», - демек бір жамандық жақын дейтін олар кемпірге. Сондықтан малға жұт келе ме, әлде топалаң тие ме, әйтеуір бір опат болатыны хақ дегенді айтатын. Кемпірдің суқаны қашып, әркімнен амал сұрап, бәледен құтылуға тырысатын. - Құдай-ай, сұмдығыңды сақтай гөр. Бұған не амал табамын,- дейтін. Сонда өзгелер: - Мұның бәрі диқан атаның қарғысына ұшырағаннан. Егінді таптап, шөпті рәсуа еткен малға Алла Тағала жаппай жамандық әкеледі.

 Бұдан аман құтылу үшін егінді таптаған қой мен сиырдың екі сауын сүтін елге таратып берген жөн. Сөйтіп сауабын алмаса, ел қарғысы атады,-деп шошытады екен.Сараң кемпір бұған көнсін бе. Сондықтан жұрт өзге бір оқиға ойлап табуға кірісетін. Әйткенмен есі-дерті байлығынан айрылып қалмауға ауған кемпір екі-үш күн егіндікке жоламай, малды ойқастай қайырып жүруші еді. Сонан соң баяғы таз қалпына қайта түседі. 82 Ауылдың Жамақ деген адамы бар еді. Қылжақпас, жұртты әзілмен жазалауға жақын жүретін кісі болатын. Жас ет аңсап, қалайда тіске басар табу керек деп ойлапты да, ол бір күні қулық істепті. Асқабақтан бүркеншек бас киім жасапты да, көзі көретін, дем алатын, тілі шығатын тесік ойыпты. Сонан соң ескі тонды теріс айналдырып киеді де, әр жеріне сылдырмақ қоңырау іледі. Сөйтіп осынау албастыдай кейпімен бейіт арасына барып жасырынып жатады. Мезгіл бесін кезі болса керек. Анаргүлдің ұлы Дәулет түйе мініп диірменнен келе жатады. Дәулет бейіт маңынан өте бергенде, Жамақ жалбыр тонын сүйретіп, қоңырауын жаңғыртып, даусын дарылдатып шыққан екен. Дәулеттің қорыққаны сонша, ес-түссіз түйеден құлап түсіпті. Жамақ жанына келеді де, жағасынан алып бірнеше peт сілкілейді. Дәулет есін жия бастағанда, күңгірлек үнмен зекіп сөйлейді. - Мен де тілеулеріңді тілеп, әулеттеріңнің әулетті болуына ақ батамды арнап жүрген әруақтарыңның бірі едім. Бірақ сендер байыған сайын бізді ұмытып барасыңдар. Әруаққа атайтын жанды құдайыларың кеміді, біз ашығудамыз. Бүйтіп сараңдана берсеңдер, сендерді әруақ атады. Біз сендерді қарғаймыз - малдарыңды арбаймыз, жандарыңды жалмаймыз. Төбелеріңе құйын ойнатып, шаңырақтарыңды жерге түсіреміз. Ауыздарыңды асқа жеткізбей, көздеріңді жастан кеткізбей қаңғыртып жібереміз. Осыдан үйіңе барған соң, анау пірінен безген ата-анаң мен ағайындарыңа айт. Әруаққа атап бес мал құдайы берсін. Құран оқытып, ауылдың тайлы-тұяғына дейін тегіс шақырып етін таратсын. Әйтпесе ажалдарың да бізден, азаптарың да бізден... Осыны айтып Жамақ зып беріп кетіп қалады да, Дәулет күн батқанда сүйегін әрең сүйретіп үйіне келеді. Өңі құп-қу, қан-сөлсіз қалжырап түр. Тісі-тісіне тимей қалшылдайды. Жағы қарысқандай жарытып сөз де айта алар емес. Ақыры бейіт арасынан әруаққа кездескенін әрең жеткізіпті. Жаман соз жатсын ба, ауылдың өсекші әйелдері естігендеріне май құйып маздатып, елге жая береді. Содан құдайыға мал сойылып, талай күн ел жиылып ет  жесіседі. Әрине, орталарында Жамақ та жүреді.

Бір күні ол мас болып отырып өзін-өзі әшкерелеп алыпты. Кейін Жамақтың әке-шешесі дүние салған соң, балалары байға жақпай жалшы болып еді. Анаргүлдің сол балаларға көрсеткен бір қорлығы, әсіресе, әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Жарылқасын жалшы балалардың ішіндегі ең кішісі болатын. Қозы соңында тірсектері соғылып, кеудесін әрең сүйретіп жүруші еді. Жарытып тамақ ішпей, жайғасып ұйықтамай зар қағып жүрген бала қайсыбір оңушы еді. Әйтеуір соны көргенде аяныштан жүрегің сыздап кететін. Мойылдай қара көзі жайнап тұрады. Қасына келсең, иісі көк татып, еріндері жапырақ түстес жасылданып жүретін. Бірде ойын балалары Анаргүлдің сұмдық қатыгездігіне тап болдық. Ол өзге қозылардан қалып қойған бір қозыны көтеріп алып, Жарылқасынды қарғап-сілеп барады екен. Жарылқасынға жетісімен таяқпен сабай бастады. -Қу жетімек, көзіңе шел бітті ме? Осы қозымен ұшықтап жіберейін бе. Өлігі сұраусыз сүмелек? - деп бажылдайды. Байғұс бала құтылмақ боп тырманып жатыр. Бірақ Анаргүлжібермейді. Баланың тақыр басына таяқпен ұрған сайын ісіп шығады. Осылайша бас терісі түгелдей буылтықтанып, Жарылқасын шыр-шыр етіп жалбарынады. - Апатай! Айналайын, апажан! Аяңызшы! Өлдім-ау, - дейді үні әлсіреп. Бірақ құтырынып алған долы кемпір баланы тұлақша сүйретіп ескі құдыққа алып келді. - Сен жүгермекті құдық ішіндегі құрт-құмырсқаның жемі етейін, - дейді Анаргүл шабаланып. Жарылқасынның қорыққаны сонша, тіптен үні өшіп қалды. Кемпір қаршадай баланың сирағынан ұстады да, құдық аузынан төмен салбыратып тұр. Біз де шыр көбелек айналып дәрменсіз жүрміз. Жарылқасын қыр-қыр етіп тырманып жан дәрмен далбасамен құдықтың қабырғаларынан таяныш іздейді. Тырналай-тырналай алақаны мен тырнағынан  қан ағыпты. Кемпір сонда да рақымы түсер емес. Біресе көтеріп, біресе құдыққа қайта сүңгітіп баланы әлі сілкілеп тұр. Жарылқасын болса енді қармануға да шамасы келмей есінен тана бастады. Былқ-сылқ етіп, оқта-текте қорқыраған дауысы шығады. Біз шыдай алмай шұрқырап жылай беріппіз. Кемпір онымызды елеген де жоқ. Қимылсыз салбырап қалған баланы көтеріп алды да, жерге зірк еткізіп тастай салды. Өзі жемтікке төнген құзғындай торуылдап баланың қимылын бағып отыр. Әлден соң барып Жарылқасын есі кіргенде, кемпір оны дедектетіп ауылға қарай сүйрей жөнелді. Біз жасымызды тыя алмай соңдарынан қарадық та тұрдық. Ойынымыз жайына қалды. Көз алдымыздан Жарылқасынның боп-боз боп талып жатқан кейпі кетер емес. Кешке бұл көргенімізді әкеме айттым. Әкем түнерген күйі үнсіз киінді де, Нығметтің үйіне бет алды. Әкем барғанда, Жарылқасын үйдің іргесінде сандырақтап жатыр екен. Алақанына салып көтеріп әкелді. Аузына сүт тамызып еді, Жарылқасын құса берді. Әкемнің түсі түтеп кетіпті.

 Баланы төсекке жатқызды да, іргенің киізін түріп қойды. «Байғұс баланы мазаламаңдар», - деді де өзі тысқа шығып кетті. Жарылқасын қыбырсыз жатыр. Қинала дем алғаны сонша, кеудесі қыр-қыр етеді. Кейде әлденені айтып, қатты бақырып жібереді. Еріндері қансыз бозарып, еміс-еміс жыбырлайды. Біз демімізді ішке тартып, орын-орнымызда отырған күйі Жарылқасыннан көз алар емеспіз... Әкем даладан дәрі шөп теріп әкепті. Сол шөптерді қайнатып, суын тұндырып алды да, суыған соң баланың аузына қасықтап құйды. Әпкелерім Жарылқасынның маңдайына су шүберек таңып қойды. Оның қызуы көтерілгені сонша, шекесіне таңған орамал кебе берді. Түні бойы кірпік қақпай, әл үстіндегі Жарылқасынды күзетіп отырдық. Тек таң алдында ғана бала көзін ашып, төңірегіне қарады. Қайда жатқанын аңғара алмай баж ете түсті. Әкем маңдайынан сипап еркелете тіл қатты. Жұбатып отыр. - Қорықпа, қарағым, қорықпа, - дейді өзі теріс айнала беріп кемпірге сырттай кіжіне ашуланды. - Алжыған қақпастың айуандығын қарашы. Әкем Жарылқасынды алдына отырғызып, дәрі шөптің, суынан ішкізді. Сонан соң жуындырып алды. Жарылқасын қайтадан безгек тигендей қалшылдап кеткен соң сүт беріп, төсекке қайта жатқызды. Бұл кезде күн шығып қалған еді. Жарылқасын тынышталып ұйықтап кетті. Бәріміз де қуанып, көз шырымын алуға қисая-қисая кетіппіз. Осылайша Жарылқасын бір жұма төсекте жатып айыға бастады. Алайда шошынғаны сонша, тіптен есі ауған жандай елермеленіп жүрді. Біз қолымыздан келген бар жақсылығымызды аямаушы едік.Анаргүл бүкіл ауылда әкемнен ғана именетін. Әкемнің молдалығы бар, құран біледі деп қорқады екен. Тіптен жас кезінде «оқыған бала» деп атын тергейтін болыпты. Содан ба, әйтеуір ол Жарылқасынды іздеп келмеді. Бір күндері Анаргүлдің баласы Сайлаубай келді. Әкемнің бетіне қарай алмай, міңгірлеп кешірім сұрады да, Жарылқасынды алып кетпек болды. Сонда әкем қатты ашуланып, былай деп еді: - Мұның әкесі сенен де бай, сенен де басалқалы еді. Сенің де Жарылқасынның әкесі сияқты жұтқа кездеспесіңді қайдан білдің. Жарылқасын сияқты сенің балаларың да панасыз қалмасын қайдан білдің. Сенің есуас шешеңнің таяғынан өліп кетсе, бүкіл Шегір ел болып келіп, ер құнын даулар еді. Сонда күнің бір уыс болмас па, Сайлаубай? - Әкем тағы да көптеген аталы сөз айтты да, сөз соңын Анаргүлге бұрды. - Ал сенің шешеңмен өзім көзбе-көз сөйлесемін. Бишара Жарылқасын үйден шығып бара жатып бізге жалтақтай берді. Сайлаубай оны дарға апара жатқандай амалсыз ілесті. Анаргүлмен әкем айтқандай-ақ жеке сөйлесті. Содан біршама уақыт кемпір тыныш жүрді де, қайтадан баяғы таз қалпына түсті.  Менің Үбиан әпкем сол Жарылқасынның ағасымен атастырылған екен. Өзінің болашақ өмірлік жолдасын ауылда алғаш көргеннен-ақ Үбиан жақтырмапты. Екеуі бір-бірінен қалау таппай алшақтай беріпті. Әкем ертеде берген уәдесін бұзбай, алысқан батадан аттағысы келмей, көпке дейін қызының қарсылығын құлағына да ілген жоқ. Осылай үш жыл жүрді. Алайда әжем немересінің күн сайын солғындап, уайымшыл болып бара жатқанын көріп, әкемді алғашқы шешімінен қайтарды. Бұл туралы Мамытқа ескертіп, әкем бұрынғы алған қалыңмалын қайтармақ болды.

* * *

 Байтана руындағы ең сыйлы адамның бірі, атақты да қадірменді, ықпалы мол, әл-ауқаты мығым Нұрбай деген кісінің Зәпира атты сұлу қызының ауылымызға алғаш келгенін ұмыта алмаспын. Оның үй-ішінің бәрі таңдап тапқандай бір-біріне сақадай сай, бірінен- бірі өткен жақсы адамдар екен. Бес ұлының бәрі де сұңғақ бойлы, сымбатты да көрікті, аздап ақсиған алдыңғы күрек тістері өздеріне жарасымды әдемі жігіттер болатын. Жұрт іші мін тапқыш, сын айтқыш, ат қойғыш келеді ғой. Оларға да ол лезде «күрек тістер» деп ат қойып алды. Нұрбайдың жалғыз қызы Зәпира да ағалары сияқты сымбатты, сұңғақ бойлы, толықсыған қыз еді. Оның ауылымызға келін боп келіп, алғаш аттан түскені, басын тік ұстаған күйі маңғаз басып үйге кіргені әлі есімде. Ол Нығмет байдың.Анаргүл деген есуас әйелінен туған бесінші ұлы - реңсіз, мыртық, кекеш Дәулетке екінші әйел боп келді. Алғашқы әйелінің қайтыс болғанына да көп уақыт өткен жоқ еді. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» немесе «құрығы ұзын қуып жүріп алады, құрығы қысқа құры қол қалады» дегендей, айдын көлдің аққуын қалыңмал Дәулетке аяқ-қолын байлап берді... Осынау теңсіздік құрығында бұлқынған қайғылы неке күні: ...Мал бергені барады алып кетіп, Қолымды кедейшілік кесіп отыр, - деп бір сабаз сүйгенінен айрылып, құсадан күйіп-жанып, қараша үйде қан құсқандай, өз тағдырына  тағылық заңына лағынет айтып, Зәпирасын жоқтап күңіренген де болар.Зәпира келбетті келген жан еді. Талдырмаш сұңғақ бойына әркім-ақ сұқтана қарайтын. Оның атжақты жүзі, қыр мұрыны, үлбіреген беті шығыстың сұлуларын елестететін. Жайнаған мөлдір көзі, қарлығаштың қанатындай қияқ қасы, шоқтай қызыл қалыңдау ерні өзгеше бір сұлулықтың нышанын аңғартып тұрушы еді. Өзі де айналасындағы күйкі көріністі мойындағысы келмей, өзін қоршаған сұрықсыз тірлікті көзіне де ілмей, батыл да еркін жүретін. Жас келіннің мінезіндегі мұншалық еркіндік ел ішінде күңкіл де туғызды. «Әдепті білмейтін, тәрбие көрмеген» деген сөздер де айтыла бастады. «Әйтпесе қазақтың қай келіні босағаны аттай салып тайраңдап еді». «Жусаннан аласа, бетегеден биік» бон иіліп жүрмеуші ме еді. Зәпира осынау қалыптасқан қараңғы дағдыға бірден қарсы тұрды. Ол енесі Анаргүлге де, қайнағалары мен абысындарына да орынсыз бас иіп төмендемеді. Оның көзқарасынан, қимылы мен ісінен, үні мен мінезінен жәрбиген жаман күйеуіне деген, күйеуінің ағайын- туғанына деген өшпенділік оты ұшқындап тұратын. Енесі Анаргүл мен өзінің күйеуі ерке келінді көнбіс етіп алуға, иін жұмсартып, айтқандарына көндіруге талай-талай әрекет те жасады. Бірақ қайсар да жігерлі Зәпира ұшқын атқан бір көзқарасымен ғана олардың аузына құм құйып, үндерін өшіруші еді. «Жалғыз қатынға шамаң келмесе, бай болғаның құрысын» деп Дәулетті шешесі де, ағалары да тұқырта беруші еді. Осындайда жәрбеңдеп келіп, қоқыраңдай қыр көрсетіп тиісе беретін Дәулет кербез келіншектің жүзінен жасқанып күңкілдеп қала беретін. Соның бәріне де, өзінің тағдырына да Зәпира құлақ аспай, кекесін кейіппен жүре беретін. Қара жұмысқа қол тигізбей, қолы көсеу, шашы сыпыртқыға айналмай, қыз күнінің еркелігін жоғалтқысы келмеді. Қасақана ақсаусаққа айналғандай, еркіндік атаулыға ерік беріп еді.

Нығмет әулетінің өзге түңлігіне, біздің үйге Зәпира ерекше ізет көрсетіп, барынша биязы болатын. Келін боп келген алғашқы жылдары осылай еді ол. Біздің үйге жиі келетін. Кім білсін, бәлкім, өзі сыйыспаған ортасынан аз болса да аулақ кеткенді аңсайтын шығар. Оның басын шалқайта ұстап, маржандай тізілген ақ тістерін көрсете бұралып отырғаны әлі есімде. Ақторғын кимешектің сыртынан әсем ораған күндігі ерекше жарасып тұрушы еді. Мен одан көз алмай қарайтынмын. Бұрын өзім аңғармаған әлдебір сезім жанымды жайлап алатын. Әлі толық ояна қоймаған ынтығу мен іштей аяныш ізін менің балғын жүзімнен оқи ма, әйтеуір Зәпира маған ерекше елжірейтін. Күз түсісімен, Нығмет әулеті Ақкөл жақтағы қыстауына көшіп, бүкіл қысты Нұрбай ауылының маңында өткізетін. Бұл кезде Зәпира перзент көріп үлгеріп еді. Тұңғыш қызы Дәулеттен аумай қалыпты. Жайын ауыз, шегір көз біреу әйтеуір. Мұны көрген Зәпираның жаны түршігіп еді... Айналасынан зәбір көріп, кеудесін қарыған қайғыға іштей ысталып құса боп келген Зәпира күйеуін отаудан қуып шығып, ағайындарын аластап әкесінің үйіне кете барады. Нығмет әулетінің бірде-біреуі шұрқ етіп, оның жолына тұра алмады. Келінін қайтару үшін соңынан барғандарға Зәпира мен Нұрбай ырық бермепті. Сондықтан Нығмет әулеті менің әкем мен бүкіл Үсен әулетіне хабар жіберіпті. Алыста жүріп мұқатылғанын, келіні кетіп, күлкі боп отырғанын, бұл тек ер ағына мін емес, бүкіл руға түскен сын, ақсаулы ақау екенін айтыпты. Ру намысына таңба түсірмей кек алуға, болмаса бітістіруге келсін депті. Өзге үсендіктер Нығмет әулетімен тату болмаса да, мына хабар оларға қозғау салып еді. Ру намысын әрқайсымыздың арымыздай қорғаймыз деп жиырма шақты жігіт атқа қонды. Оларды менің әкем басқарып, Нығметтерге жүріп кетті.Бұл бүкіл аймақтағы үлкен бір дау болып еді. Анау-мынау кикілжіңге қарағанда, бұл жанжал екі рудың қақтығысқан қара күшіндей еді. Бірін-бірі ақырына дейін тұқыртып кетпей тынбайтын тірескен шақ болатын. Әрқайсысы ата намысына, ауыл намысына арқа сүйеп, алыспай беріспейтін кезеңге таянған сәт сияқты.

Нұрбай қайраты мол, айтқанынан қайтпайтын, айналасына ықпалды адам еді. Оны ырыққа көндіру де оңайға түспейтін жай болатын. Би кесімі бойынша мұндайда кейде келісіп, кейде керісіп, кейде қорқытып, кейде қол күшімен үкім айтылады. Келін дауы екі рудың арасында қыс бойы созылды. Бірақ бітер болмады. Байланған түйін шиелене берді, шиелене берді. Ұзақ дауға шыдамай, біздің жақтың жігіттері бірі ауылға оралып, оның орнына бірі қайтып бара жатты. Бүкіл ауылдың құлағы түріліп, осы даудың шешімін тағатсыз күтумен болды. Дүрліккен жұрт дүбірге елеңдеп, екі арада барып-келіп жүрген жігіттерден мән-жайды сұрастырып сыр тартады. Оралғандар келісім қай ауылда, кімнің үйінде жүріп жатқанын, кімдердің қалай сөйлеп, кімнің адуыны қаншалықты екенін әңгімелейді. Хабаршылардың айтуынша, менің әкем билердің айтысында асқан шешендік көрсетіп, өзін салауатты ұстай біліпті. Үсендіктердің үлкені ретінде бүтін бір рудың атынан сөйлеп, пәтуа сұрапты, тұрысар жерді нұсқапты. Алайда, қайсар Нұрбай дегенінен қайтпапты. Қызын қайтарудан бас тартып, сөз дарытпапты. Қызымды қайтара алмаймын, малға келіселік деп отырып алған көрінеді. Нұрбайдың мұнысына біздің жақтың даушылары көнбепті. Мал-мүлік емес, адам керек екенін айтып бұлар болмайды. Ол кезде қай қазақ шаруасын мандытқан дейсің. Көктем шықса, алақандай жерді жырту - екі-үш күннің тірлігі. Бұл да әдетке сіңіп кете қоймаған жай. Елдің бәрі жер жыртып егін салмайды. Сондықтан шаруашылыққа керекті азын-аулақ мардымсыз құрал- жабдықты да кезінде бүтіндеп алады. Бұл ретте қыс мезгілі еріккеннің ермек іздейтін шағы сияқты. Бүкіл аймақтың еркек кіндігі кеш болса қыдырып боза ішіп, таң атса, туысқан аралайтын әдеті еді. Осындай ұрынарға қара таппай жүргендер аз ғана қақтығыстың өзіне желігіп шыға келетіні де сондықтан. Сыбыс шыққан ауылға сойыл сүйретіп жетіп баруға әзір тұратыны да сондықтан. Ауыл арасын шандатып, атой салып өткенге мәз мұндайда. Құрысқан арқалары жазылардай құлшына кірісетіні де сондықтан. Оның үстіне әлекке түскен Нығмет әулеті Үсен әулетіне ат шаптырып, адам жіберіп отырғанда қарап қалсын ба?

Ағайынға ара түскен боп, даурықпалы сапар шексе, сараң байдың соғымын төрінде шіреніп жатып жеп қайтса, еріккен жігіттердің несі кетіп барады. Бай ауылының хабарына тез құлақ түргені де осыдан болса керек. Күн сайын жиырма-отыз адам жамбастап жатып, жақ-жақ боп айтысады да, егескен жаққа арадағы ағайын ақыл беріп, дау төресі - билер шешімін айтады. Жанжал иелеріне шешімнің әділдігін ойлануға бір-екі күн мұрсат береді де, өздері жамағайын, жегжат- жұрағаттарын аралауға кіріседі. Қайта жиналып бітіспес дауды жалғастырады. Осылайша бұл тартые бір-екі айға созылады. Әркімнің аузына бір-бір жалтақтап, күйеу баладан да күй кетіп еді. Онсыз да тумысынан тұрқы келіспеген Дәулет бүріскен үстіне бүрісіп, жарғанатша жәпірейіп бітті. Жақсылық келсе, сен жақтан болар дегендей, Үсен ауылының адамдары мініп келген аттардың айналасынан шықпайтынды шығарды. Күйбеңдеп әр аттың жалын сипап, күбірлеумен жүргені. Амал не, Дәулет тілеуін бермей-ақ қойды тәңір. Нұрбай айтқанынан қайтпай отырып алды. Зәпира болса жаны сүймеген жарына, қаны сүймеген жұртына қайта барғысыкелмеді. Жалғыз қызының тағдырына пышақ салып, өзі отқа итергендей болған Нұрбайдың қанында әкелік сезім қайта қайнап шыға беріп еді. Қалайда қайғы тырнағынан босатып алу үшін аянып қалған әке жоқ. Құда жақтың сан түрлі ұсынысына құлақ аспай мүлдем қатайып алды, қайралған пышақтай бірте-бірте сөзі де алғырланып барады. Перзентінің алдындағы айыбын, мейірімсіз қаталдығын біржола сәуір жаңбырындай жуып өтпек жайы бар сияқты. Біз жақтың қуғыншылары да талабынан танбапты. Ат сабылтып арын ту етіп келгенде, арқасын жерге тигізіп қалай қайтсын. Қадалып отырып, қалайда дегеніне көндіруге түйініп алған бәрі де. Талайдан бергі тартыс, іштей толқу мен сапырылысқан ой ұстамды деген Нұрбайдың өзін сарсаңға салып әбден болдыртып, ақыры дау иесі Дәулетті сайысқа шақырып еді. Күні кеше өзінің сүйікті қызының ері болған мынау сұрықсыз Дәулет бес ұлының қалағанымен  жекпе-жекке шығып, жеңе алса Зәпираны әкете берсін. Ал жеңіліп қалса, Зәпира деп аузын ашпасын, ат-шапан айыбын төлеп ауылына аттансын дейді Нұрбай. Біздің жақ қарсы алдында қаңбақша қалтырап тұрған бір шөкім кекеш Дәулеттің кейпінен шошып, Нұрбайдың ұсынысына келіспейді. Нұрбай екінші ұсыныс айтты. - Ау, халайық, ауылымда ат ойнатып жатқаныңа аз болған жоқ. Сен иісі Үсен әулетінің намысын жыртып аттана шапқанда, мен үкіше үлбіреткен жалғыз қызымның жанына сая бола алмасам, несіне тірі жүргенім. Сен руыңды қорғасаң, мен бауыр еті баламды қорғаймын. Сен ата намысын айдар тұтсаң, мен баламның көз жасына тұншығудамын. Сен сағым сынбасын деп күрессең, мен құса мен күйіктің лаулаған ошағына өзім тастап, жанып жатқан жас өмірге жайбарақат қарап тұра алмадым. Ендігі өмірімде сол өртке қарлығашша су тасып сөндіріп, қызымды қанатыма қайта аламын. Аянып қалар халім жоқ. Айбат шексең, алдыңа қаймықпай кеуде тосам. Бес белестей биігім деп жүрген бес ұлым да алақанында аялаған жалғыз қарындасының қарғысына қала алмайды. Ендеше бес мың қолдай бел тұтқан бес ұлымды атқа қондырып, алтыншы боп өзім де айқасқа шығамын.

 Нығметтің намысын жамылғам азамат арасынан алтауың қарсы шығыңдар. Әділ күресте бағымызды сынайық. Дәулеттің дәрменсіздігінен жер шұқылап, қор болып отырған даушылар бұл жолы Нұрбайдың ұсынысынан бұрыла алмады. Ақыры Нығмет әулетінің алты жігіті Нұрбай тобына қарсы шығады. Қалған жұрт екі жаққа бөлініп, тілеулес боп тұрады. Әр көңілде күдік ұялаған, жанарда жас ұялаған жабырқау сәт еді бұл. Нұрбай аулының жанындағы қырқаға жиналған жұрт екі рудың намысын көкпарша тартып, таласқа еніп еді. Бір ру мен бір үйдің таласы, ер намысы мен ана арының айқасы басталған сияқты. Сайысқа шыққандар білегіне қамшы іліп, тақымына шоқпар басып, қойнына тығып бір-біріне өшіге шүйлігіп еді. Оңтайға келсе шоқпармен соғып, жақындаса қамшымен жасқап, алшақ кетсе таспен атқылап аямас, аянбас айқас бастады. Сілкілесіп-жұлқыласып, тіктесіп-тістеніп, беттесіп- белдесіп бір сойқанның әр пұшпағынан ұстасқан жайы бар. Үш қайтара қақтығысқанда, Нұрбайдың балалары Нығмет тұқымының қорбаңдаған қолапайсыз үш жігітін шоқпармен қаңбақша қағып түсіріп еді. Алғашқы жеңіске желіккен Нұрбай туыстарының бір баласы қуанғаннан қырдам қиқу сала көтеріліп, айқас ортасына жетінші боп шауып кірді. Бұл сайыс шартын толық бұзғандық еді. Онсыз да шыбын жанын шүберекке түйіп тұрған Нығметтің руластары өре тұрды. Менің қызу қанды ағайым Момынқұл өзінің жаман байталынан қарғып түсіп, әкемнің астындағыатқа келіп жармасты. Ат шылауын ұстап әкемді ер үстінен түсіреді де, өзі қарғып мініп, қарсы шабады. Ұзын бақанды қолға алып, Нұрбай тобына сыпыра тиіп, қуып жүріп үшеуін құлатады. Жеңіле бастаған әулетінің намысын жердей қайта көтеріп алады. Тағы бір айнала соққанда ағам төртінші етіп Нұрбайдың өзін сұлатып кетіп еді. Есінен танған Нұрбай қарт қара жерді құшып қала берді. Айқас аяғы айқындалып қалып еді. Ағам ер үстіндегі Нұрбайдың ендігі екі баласын ауылына дейін қуалап, тоз-тозын шығарады. Әкем сұлап жатқан Нұрбай шалға жүгіреді. Басын сүйеп, көтереді. Есін жиған Нұрбай кемсеңдеп: - Сенбісің Момыш, - дейді қалтыраған үнмен. - Қайтейін, осыны қалаған өзің ғой, амалым не, ақсақал, бейбіт сөзге келмедің ғой, - дейді әкем оған. Нұрбай күдер үзген бәсең үнмен: - Ендігісін өзің білесің, Момыш. Би де, билік те сенде. Әлгі есерсоқ болмағанда бұл күйге ұшырамас едім-ау, Қайдан ғана келе қалды, сол найсап. Уәде бұзылған соң, үміт те үзілді ғой, - деп сұлқ түседі.

Әкем айқасты тоқтатуға белгі береді. Ат айылын босатып, дауласқандар екі күн ойлануға мұрсат алады. Үшінші күні Нұрбай ауылынан шабарман келді. Біздің адамдар қайта кетті. «Ата жолын аттап өтіп, баба салтын бұзғаны» үшін әкем Нұрбайға азын-аулақ ат-шапан айыбын төлетіпті. Ал байғұс Зәпира лажсыз сағы сынып, тұншыға қайтып келді. Ағайым өмір бойы мақтанатын. Жалғыз Дәулет пен Нығмет әулетінің намысын ғана емес, бүтін аз ғана Үсен руының да арын сақтап қалдым деп көрінген жерде күпінетін. Әкем оның бұл қылығын жақтырмаушы еді. Қарт Нұрбайға қол көтергенін кешірмейтін. - Ұрғаныңа ұлдары да жететін еді ғой, - дейтін жем кейісті үнмен. Ат астында аунап жатқан Нұрбайдың аянышты жүзі жүрегінде ұмытылмас бір түйткіл қалдырған-ау, шамасы. Зәпираның сол бір қайғылы оқиғасынан кейін, мен оны екі жылдан соң көрдім. Баяғы батылдықтан, еркіндік пен өжеттіктен жұрнақ та қалмапты. Қатты шөгіп, ауым-сауым халге түсіпті. Шамасы, бұрынғыдай бой түзеп, таранып, жинақты жүруді де ұмытқан-ау. Басындағы ақ жаулығы да бозарып бітіпті. Жүрісіндегі өзіне тән ерке қимыл суға түскен кесектей еріп кеткен сияқты. Жәудіреген мөлдір жанары бұрынғыдай нұр шашпай, жасаурап, солғындап кеткен. Айналадағының бәріне өшіге, жанымен жек көре қарайтын сияқты. Жұрт енді ол безілдеген Анаргүлдің жыбыр-жыбырына көніп болған, тіптен күйеуі дауыс шығарып, қол көтеретін де болыпты деп жүрді. Осылайша қалыңмалдың қара күші, ескі әдет, тырнағы у боп жабысқан ру қатынасының ұзын қолы асау Зәпираның алқымына да бұғауын мықтап салып бұрап тастаған еді. Жанындағы жарқын нұрды өшіріп, үлкен сезімнің тамырын қиып біткен болатын. Енді жайнап тұрған гүл емес, күздің күлгін жапырағындай күн сайын солып барады екен. Зәпира да әйел басына түскен езгіні үнсіз көтеріп жүре берді... 1943 жылы ауылға демалысқа келгенде, қайтыс болған бір ағайынымның үйіне көңіл айтуға кірдім. Сырттан елдің ең соңы болып белі бүкшиген, кір орамалы көзіне дейін түсіп кеткен бір әйел келді. Алғашында кім екенін танымай қалып, сәлем беруге орнымнан тұра 94 бергенімде, әлгі әйел асқан бір жылы мейіріммен құшып, еркелете сөйледі.Киізге кайта жайғасқанымызда, менің хал-жайымды, денсаулығымды, мынау «қағынған соғыс кезіндегі» амандығымды сұрай бастады. Өзінің ерте келіп сәлем бере алмағанына кешірім сұрап жатыр. Сонда барып майшамның алакөлеңкесінде әйелдің Зәпира екенін әрең танып едім. Әбден қажып бітіпті. Шүйкедей боп шөгіп, бүріскен күйі отыра берді.

Шамның күңгірт жарығы әжімдерін адырайта айқындап, тіссіз қушиған иегін де әйгілеп тұр. Мен шыдай алмадым. - Жеңеше-ау, қартайып кеткенің қалай? Зәпира алғашында бұл сөзімді естімегендей бейжай қалпы ауыр бір күрсінді. Сонан соң мұңлы жанарын маған қадап, жай ғана үн қатты: - Е, шырағым-ай, жеңешең не көрмеп еді? Тобыңа сегіз күшік асырап қосқанда, жалғыз жанымның несі қалды дейсің? Әйтеуір аман жүргеніме шүкірлік еткейсің, шырағым! Бұл сөзді ол толғанып, қайғылы үнмен айтып еді. Ошақбай қарт мына сөзді ұнатпай, бас шайқай берді: - Асылық етпе, келін. Ауыл әйелдерінің бақыттысы өзің емессің бе Зәпира?! Есігіңді соғыс сойқаны қаққан жоқ, байың да алдыңда, сегіз балаң да алдында. Бұдан артық не демексің Аллаға.... - Бөрік кигеннің бәрі азамат атын жоғары ұстап халқын қорғауға аттанғанда, Дәулет оған да жарамады ғой, - деп ызалы сөйледі Зәпира. - Анасы сол үшін туғандай менің қорушым боп жәрбиіп отырған жоқ па. Оның үнінен мен сол баяғы қарсылық кегінің, зорлық көргісі келмеген бұлқыныстың, қалыңмалға деген қарғысының ұшқыны әлі өшпегенін аңғарып едім.

* * *

 Енді әпкемнің бой жетіп, жар тандап, ұзатылған кезін баяндайын. Мамыттан қол үзгенімізді естіген жұрт тұс-тұстан қыз айттырып, жаушы жіберуді көбейтті. - Мамыттан кейін бар қалауды қыздың өзіне бергенбіз. Барар жерін, бақытын сеніп тапсырар азаматын өзі қаласын! - деуші еді әжеміз. Әпкем әбден толысып. ауылдың бұрала басқан бойжеткені болды. Содан ба, оның қолын қара жұмысқа тигізбей, тек өрнек тігуге отырғызатын еді. Әпкем кестенің не түрін, алаша тоқудың сырын, кілемнің өрнегін салуды үйреніп алды. Енді ол мойны мен кеудесін алқаға толтырып, шашына шолпы тағатынды шығарды. Үкілі кәмшат бөркінің жиегіне де шетірмек тігуші еді. Саусақтары жүзікке толы. Ауылдың еркесі атанып, жиын-тойдың, айтыстың көркіне айналды. Өзі де еркін жүріп, ән-күйдің ортасында өсіп, жасының жиырмаға шығып бара жатқанын аңғармай да қалып еді. Кейбіреулер әпкеме «кәрі қыз боп отырып қалады» деген кінәрат та таға бастады. «Айттырып келгендерді алдаусыратып сыпайы сөзбен сырғытып жібере беруші еді. Міне, жиырмаға да келіпті. Мұның артын оңғарсын» - дейтіндер де табылды. Бір күні ауылымызға екі салт атты келді. Бірі Батырбек әулетінен шыққан Балтабай деген кісі де, екіншісі мұрты енді тебіндей бастаған жиырма бестер шамасындағы бейтаныс жігіт екен. Әкем үйде жоқ. Жолаушыларға самауыр қайнатып, дастарқан жайылды. Жасжігіт басын сәл иіп үнсіз отыр. Кеседегі шайын баппен ұрттайды. Әпкеме айтқан екі-үш ауыз сөзі үйлеспеді. Олар кеткен соң, біз ортаншы әпкеміз екеуміз әлгі жігіттің сызданған түрі мен сызылған қылығын салып, сөйлеген оралымсыз сөзін қайталап мәз болыстық. Алғашында үлкен әпкем қосыла күліп еді, кенет лезде ашуланды. Біз одан сайын мазақтап күлдік. Осылай көпке дейін үлкен әпкемнің мазасын алып қоймаған соң, ақыры шапалақ жеп тындық. Кешке әкем үйге келгенде, біз бүгінгі қонақтар жайын айттық. Үбиан үйден шығып кеткенде, ортаншы әпкем екеуміз әлгілердің қылығын жүріс-тұрысын, сөздерін салып мазақтадық. Сонан соң: «Жігіт Үбианға ұнап қалса керек, біз күліп едік, қатты ашуланды», - дедік.

 Әкем бізді тыңдап алды да, жымиып күлді. Сөйтті де бұл оқиғаны екіншілей еске алмауды ескертті. Сөйтіп өзі бізге нақыл болар бір жайды айтып берді. - Баяғыда байдың ерке өскен баласы ел-елден қыз айттырған екен. Бармаған жері, көрмеген қызы қалмапты. Қасы-көзінен нұр тамған небір сұлуларды көріпті, ақылына адам бойламас әдептілерін де көріпті. Бірақ біреуін де ұнатпапты. Енді ол алыс сапарға аттанып, жеті күншілік жердегі бөтен елге келген екен. Жүздеген ауыл аралап, тағы да ешбір қызды ұнатпапты. Осылай ел аралап жүріп ол бір алты қанат ақ үйге кезігеді. Алдынан толықсыған ару шығып «аттан түсіп, сусын ішіңіз» депті. Жігіт атын желіге байлап үйге кіреді. Төрде отырып қыздан көз ала алмапты. Қыз мұны елемегендей жайбарақат мейманға дастарқан әзірлей бастайды. Шай қайнапты. Қыз лезде дастарқан жайып, жігітті әдеппен асқа шақырады. «Жігіт мен іздеген сұлу осындай-ақ болар. Көркіне тоқтадым. Ал ақылы соған сай ма екен, байқап көрейін» деп ойлапты ішінен. Түрулі есіктен сыртта жатқан томарлар көрініп тұр екен. Жігіт сынар жерім осы шығар депті де оқыстан сұрақ қойыпты. - Құдаша, айып көрмесеңіз айта отырыңызшы, көлік ат анау томардың қаншауын тартар екен? Жігіт қызды сүрінтер сұрақ бердім деп ішінен масаттанып отырады. Сол сәтте қыз сәл жымиып күліп жауап қатыпты: - Жақсы ат болса бір-бірден тартар, жаманы болса екеуден артар. Жігіт мырс етіп күліп жіберіпті. Мұнысы мұқатқаным дегені еді. Өзі іштей «бәсе ақыл мен көрік сай келуші ме еді. Мынау қыз ақылы кемдеу біреу болды» депті. «Әйтпесе жаманы екеуден артар, жақсысы біреуден тартар дер ме еді. Жоқ, бұл менің теңім емес. Жар болып жарытпас». Осылайша жігіт ешкімге көңіл тоқтатпай аттанып кетеді. Үйге келіп әкесіне бар жайды айтқан екен. - Жеті күн жол жүріп, қияндағы елдерді араладым. Өзіме тең таппадым. Бір көрікті қыз кездесіп еді, өкінішке орай ақылы шамалылау боп шықты. Сынай сұрақ беріп едім «жақсы ат бір-бірлеп тартар, жаманы екеуден артар» деп жауап қайырды. Ұлының сөзін естігенде әкесі күйіп кетіпті.- О, сормаңдайым-ай есуастың үлкені сен екенсің ғой, балам. Қыз сөзінің байыбына бара алмаған көкми сен болдың. Шамасы сен қомағай дастарқандағы бауырсақты қос- қосынан бұралақтап аузыңа тыққансың ғой. Қыз соныңды мінеген. Ол ақылды ғана емес, дана қыз екен. Сонда жігіт бармағын шайнапты.

 Естеріңде жүрсін, балаларым,-деп күліп еді әкем.- Бәлкім біздің үйге келген жігіт әдеп сақтап тартынған шығар. Шайды сыздықтатып ұрттады дейсіңдер ме? - Иә. - Е-е, онда мен сендерге тағы бір әңгіме айтып берейін, - деп әкем сөзін қайта жалғастырды. - Баяғыда қыз айттырған бір жігіт шаршап-шалдығып, шөлдеп бір ауылға әрең жетіпті. Қызы бар үйге бас сұғып демін алған екен. Алдына дастарқан жайылып, шай келіпті. Шөлдеп ерні кезеріп отырған жігіт қыз ұсынған шыныаяқты ала салып ұрттап жіберіпті. Абайсызда аузы күйіп шайды әрең жұтады. Көзі жасаурап, қызға сездіргісі келмей аспанға қарай беріпті. Енді тіл қатпаса жеңілетінін біліп жігіт шаңырақтың ағашына көзі түсіп: - Мынау, қандай жердің ағашы болды екен? - депті. Сонда қыз күлімдеп: - Бұл саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің жазасы, - деген екен. Жігіт өзге тілге келмей аттанып кетіпті. Біздің үйге келген жігіт әлгі айтқандай қолайсыз жайға ұшырап қалудан сақтанған шығар. Әкемнің бұл сөздері бізді ойлантып тастады. Кейін байқасам, қыз айттырған жігіт қыз сынаймын деп отырғанда, оны ауылдың кәрі-жасы түгел барлайды екен ғой. Арада екі апта өткен соң Балтабай қайта соқты. Әкем екеуі оңаша әңгімелесті де, қайтып кетті. Біз сияқты балаларға мұндай кеңестің жөнін айтпақ түгілі үй маңына жолатпай жіберді. Бірде әкем екеуміз қыстауға барғамыз. Әкем жоңышқа шапты. Кешке ауылға жиналып жатқанбыз. Ойда жоқта Балтабай келді. Әкем мені қайраққа жұмсап жіберді. Іздеп-іздеп таба алмадым. Кенет атын жетектеген жігітті көрдім. Жүзі таныс сияқты. Ол мені қасына шақырып алып, атымды сұрады. Тәтті беріп, мақтап жатыр. Ішім әлденеге сезіктенгендей болды да, бағдарлай зер салдым. Алпамса денелі, ебедейсіздеу, шықшыты томпайған құс тұмсық, қоңыр жігіт екен. Саусақтары шектен тыс үлкендеу көрінді. Тәтті ұсынғанда алақанының мүйізденіп қатып кеткенін байқап қалдым. Қағазға ораған үгітпе темекіні сорып тұр. Киімі әжептеуір екен, бірақ белтек-салтақ болып өзіне қонымсыздау көрінді. Әкемнің қасына қайтып келгенімде, Балтабай қоштаса бастады. - Асып жатқан атағы болмаса да, адал жігіт. Табан ақы, маңдай теріне сүйенген еңбекқор ер. Қарапайым болғанмен, жаны кең. Жақында ғана әскерден оралды, - деді Балтабай. - Жарар-жарар, Балтабай. Ақылдасалық. Қабырғамызбен кеңеселік. Аздап мұрсат бер, - деді әкем. Сөйтсем Балтабай жігітке қыз көрсетіп, қыз ұнаған соң, екі ел арасында жаушылыққа жүрген кісі екен. Сол жаушылық парызымен Балтабай ауылға талай келді. Қалыңмал мен кәде жайына дейін әңгімелесіпті. Сөйтсем әпкем мен Аюбай жиын-тойларда, жастардың сауық кештерінде бірнеше рет «кездейсоқ» кездесіп те үлгеріпті. Енді екі жақ берікшешімге келер алдында әпкемнің ойын білуге сұрау салды. Әпкем бұл сұраққа жауап беруден жалтарып, көзін тайдыра беретін. Бар айтқаны «мен бір байлаулы бұзау емеспін бе. Әжем мен әкем кімге жетектетем десе еркінде» деген сөз болды. Бұл сөздің  келісім сөз екенін сол кездің өзінде қаршадай басыммен мен де сезгем.

Екі аптадан соң Балтабай Аюбайдың ауылынан жеті кісі ертіп келді. Ел жақсылары арнайы құда түсіп, бата алысуға келген екен. Қалыңмал жайы сөз болды. Келісім немен біткенін қайдам, әйтеуір әкем қыз ұзату тойы ең жақын дегенде бір жарым-екі жылдан кейін өтетінін айтып отырып алды. Кұдалар жағы оған көнгісі келмеді. Қазір ойласам, әкемнің сондағы той мерзімін ұзартуға күш салып отырғанының түрлі себептері бар екен ғой. Біріншіден, әкем дәулеті шалқып отырған бай емес еді. Сондықтан қалыңдықтың жасауын қолма-қол әзірлей қоюға шамасы жоқ болатын. Ал бір жарым-екі жылдың ішінде әкем шәрі аралап, базар барып жүріп, қыз жасауын атына сай етіп әзірлеп үлгеретініне сенген сияқты. Екіншіден, болашақ отау тігетін екі жас бірін-бірі толығырақ білсін, қалыңдық дәуренін қызықпен өткізсін дегені екен. Үбиан әпкем ренжімей аттансын, бойжеткен шағында көрер тамашасын қысқартпай-ақ қояйын деген қамқор көңілден шыққан шешім екен. Құдалар жағы болса келіндерін ертерек қолына алуға асығады. Кім біледі, қайтадан айнып кетіп, қыз өзге біреуді қаласа масқара ғой. Сонан соң даурығып, дауласып жүргенің. Ондайда кейде өткізген малың түгел өнбей, жырымдалып кететіні бар. Жігіт жағы соны да ойлап қыпылдаған сияқты. Өйткені қалыңмалы төленіп, енді-енді келін боп түседі деп жүрген кейбір қыздар Октябрь берген жаңа заманды арқа тұтқанына, сөйтіп өзінің сүйгеніне қашып кеткенін естіп те, көріп те жүр еді олар. Дегенмен құда түсіп, бата алысқан бұғауды көп ару бұза алмай, көнбіс әдетінен кетіп жатқан. Базар күні еді, Аюбайдың ауылынан жиырма шақты адам келді. Сөз бастары, жөн бастар, жол сілтері Аюбайдың немере ағасы Онғарбай деген ақсақал екен. Қонақтардың құрметіне мал сойылды. Бүкіл ауыл барын құдалардың алдына тосып, аяғынан тік тұрып күтіп жүр. Барлық сый-сияпаттан соң, екі ауылдың игі жақсылары тізе қосып отырып бата алысты. Қонақтар ат-шапан алып, көңілді аттанды. Бір жұмадан соң бізді Аюбайдың ауылы шақырыпты. Құдалар қалыңмалдың бір бөлігін бермек екен. Әкем бұл жолы барған жоқ. Он шақты ауыл жігіттерін қасына ертіп көкем кеткен. Ертеңіне олар бес жылқы, екі өгіз, отыз қойды алдарына салып келді. Оның үстіне әрқайсысына жекелей сый-сияпат көрсетіпті. Үбиан мұңайып жүрді. Кім білсін, атастырған қыздың аяғына тұсау түскендей болатыным сезіп қынжылатын шығар. Көз алдында елі енші бөліскендей алыс-беріске түскені де қинай ма, әйтеуір әпкем сынық мінез боп алды. Meн әпкемнің қас-қабағын андып, бала көңіліммен шын қиналдым. Сөйтсем әпкемнің мұнысы сырт көзге көрсеткен мінезі екен. Әйел баласының айлалы қылығын алғаш осылай сезгенімде, мұзға отырғандай болдым. Өйткені әпкем маған бауыр ғана емес, шешем сияқты еді. Жастайымнан көре алмай қалған ана мейірімін мен әпкемнен тапқандай болғам. Сондықтан да оны ешкімге қимайтынмын, жан біткеннен қызғанып шиыршық атушы ем.

Менің ойымша, әпкем өмір бойы осылай қыз қалпында қасымнан ұзамай қамқор боп жүре беретін сияқты көрінген. Жоқ олай емес екен. Көкемдер алып келген мал лезде сатылды. Көкем базаршы болып, жан-жақтан әпкеме жасау әкеле бастады. Үбиан енді жібек киіп, жүріс-тұрысы өзгеріп, кесте тігуден басқа жұмысқа қол созбайтын болды. Үйіміз ою ойып, өрнек салатын, киім пішіп, кілем тоқитын шеберханаға ұқсайды.Әжем «табақ-аяқ, көрпе-төсек, жасау-жабдығыңды түгелдеп, ине- жіпке дейін қалдырмаймын» деп отыратын. Алты айдан соң Аюбай күйеу жолдасы Оңдас екеуі іңір қараңғысын жамылып елге келіпті. Бұл болашақ жармен жүздесудің басы екен. Күйеу бала ауыл шетіндегі топ талдың түбінде бой тасалап қалыпты да, жолдасы екі қоржын арқалап жалғыз келіпті. Ондағы ойлары қызбен көрісіп, қалыңдық түнін бірге өткізбек екен. Мол сыйлықты көргенде, жеңгейлер көңілденіп, көздері жайнап шыға келді. Оңаша отау әзірлеп күйеуді құрметпен қарсы алудың қамына кірісіп кетті. Сол кезде күтпеген жерден әпкем тулап шыға келді. Күйеу баламен көрісуден бас тартып, бұлқан-талқан боп жүр.  Оны жеңгелері, құрбылары қоршап алып, ақыл айтып жатыр. Бірақ бұның бәрі ем болмады. Әпкемнің өңі құқыл тартып, дауысы қалтырап, ентігіп отырып тіл қатты: - Сұмдық-ай, не деген ұят еді. Бұл қай басынғаны. Сонша асығып жау қуып бара ма екен. Алдымызда әлі жыл жатыр ғой. Неге соны ойламаған. Мұндай жеңілтектігі үшін жек көріп кететінімді ескертіңіз. Мұнысы несі, менімен санаспай тосыннан-тосын тосырлатып жетіп келгеніне қорланып отырмын. - О не дегенің, жарқыным. Ата жолы сол емес пе? Енді сен қалыңдықсың. Қалыңдыққа күйеу бала келер болар, - деп бір жеңгесі жұбата бастап еді, Үбиан тыйып тастады. - Өз үйімнің оң босағасында отырғанда, сонша басынатын мен оның әйелі емеспін әлі. Егер ендігәрі қылжақтап осылай қылтиып келе берсе, қалыңдығы болуға қарсымын. Солай айтыңдар, - деп Үбиан бетін басып отырып қалды. Үнемі салмақты, үні қатты шықпайтын байсал мінез әпкемнің дауыс көтере алатынын, қарсылық көрсете алатынын, бұлтартпай бұйыра алатынын мен тұңғыш рет сонда сездім. Әпкем әлдебіреу күшпен жетелей жөнелетіндей тартынып, сандыққа сүйеніп тұр. Оның шырайлы өңі сұрланып, жұқа еріндері дір-дір етеді. Бұл қақтығысқа үлкендердің араласпайтыны қандай жақсы еді. Қыз ықыласын ала алмай, ауылына қайтып бара алмай, Аюбай ағаш түбінде түн жарымына дейін тұрыпты. Оңдас әкелген қоржындарын қалдырмақ еді, Үбиан бұған да қарсы шықты.-Жо-жоқ айыпқа бұйырмаңыз. Басын әуреге салып, базарлығын алып қалар жөніміз қайсы. Қоржын болса келе жатар, он күн болса көре жатар. Үбианның бұл мінезінен құдалар жағы секем алғандай болған екен. Аюбайдың ауылынан әйелдер келгіштеп кетті. Әпкемнің жай-күйін сұрап, алыстан сыр тартатынды шығарды.

Үйге келгендері жеңгелерімізбен, Үбианның өзімен сөйлесетін. Не айтқандарын біле алмай сыртта қала берем. Ақыл айтып, қыздың алды-артын орап алатын жеңгетайлар көбейді. Сөйтіп жүргенде тағы да алты ай өтіпті. Ауылымыз енді асыға бастады. Киіз басылып, киім- кешек жиі тігілді, кестелі бұйымдар молайды. Қолының ебі бар өнерлі әйелдер бар ниетін салып аянар емес. Алынған жиһаздарды, тігілген бұйымдарды қайта-қайта ашып көріп, нақ бір көрмеде жүргендей-ақ масайрап мәз болысады. Осындай сәттерде әркім ойын ортаға салып, жиһаздардың кем-кетігі мен олпы-солпы жерлерін түзетіседі. Қолда бар мал сынапша сусып кетіп жатты. Базар сайын сатылып, ақшасына жасау әкеледі.IАюбай өзінің хабаршылары арқылы әпкемнен жақсы лебіз естісе керек. Бір күні кешке Оңдас қоржын көтеріп тағы келді. Бұл жолы жеңгейлер күйеу бала мен күйеу жолдасты қолпаштай күліп, жайраңдап қарсы алды. Қалжыңмен қағытып, әзілге қарық болысып жатыр. Оңаша отау тігіліп, Оңдасты базарлығымен қоса сонда алып кірді. Отаудың ішін жиһазға жайнатып қойған екен. Екі жас алғаш рет осында жүздеспек. Аюбайды бір-екі жеңгей ішке алып кірді. Екі жігітті құрметті орынға отырғызып, жеңгейлер жүгірісіп жүр. Сол кезде ауыл жастары жинала бастады. Қыз-келіншектер қызыл-жасыл киініп құлпырып алыпты. Бәрі де күйеу баламен жүздесіп, жақын таныспақ. Мұндайда әрқайсысы өткір сөзбен, оңтайлы әзілмен, ойнақы қылықпен, жарқын күлкімен көрінгісі келеді ғой. Күйеу баланы жан-жақты сынап, биігін білгісі келгендер жағалай ұтымды сөз айтуға тырысады. Кейбіреулер жұмбақтай сөйлеп, астарлы пікірдің жауабын күтеді. - Ай қай жақтан туар екен? - деп күлген бір жеңгесіне Аюбайдың тура жауап бергені бар: - Кеш батқалы қашан, ендігі ай да шыққан шығар. Аюбайдың аңғал айтылған адал шындығына біраз келіншектер шиқылдасып күлісіп алды. - Шолпанның тұрағы қайсы екен, ай мекені қайда екен? - деді енді біреуі. Аюбайдың жауабы тағы да қарабайыр болды. Тағы да көңілдегі шындығын айтып салды. - Ай мен Шолпанның тұрағын үйде отырып қалай ажыратайын.

 Келіншектер қайтадан күлісті. Аюбай қызарақтап, күйеу жолдасына қарай береді. Қысылғанда көмек сұраған сыңайы бар. - Жетіқарақшы жұлдызы қоныстасыңыз емес пе еді, - деп бір келіншек енді Аюбайдың қалжыңға олақ қарадүрсін екенін қағыта сөйледі. Шошынған болып дауысын әдейі құбылтып тұр. - Япырай, жарық жұлдызды жақын қондырғанымыз қалай болар екен. Қолды боп жүрмегей. Келіншектердің мысы әу бастан басып алған Аюбай енді шын мәнінде қысылып жер шұқылай берді. Әлгі қалжыңға берген жауабы тіптен ебедейсіз шықты. Үні де араз болған баланың үніндей біртүрлі естілді: - Жетіқарақшыңыздың мекенін аңғармаған едім. Бірақ әйтеуір ұры болған жайым жоқ. Келіншектер тағы ду күлісті. - Айдың жүзі толар кез қашан екен? - деді бір қу тілді жеңгей. Аюбай тағы ұтылды. - Жеңгей ол жағын білмедім. Ай мен жұлдыз сырына үңілген ғұлама емес едім. Ауылымызда ондай тәуіп болған жоқ. Күйеу баланың бұл жауабына елдің бәрі күлгені сонша, үй теңселе жаздады. Енді Аюбай тіптен жер болғандай күреңітіп еді. Осы кезде арашаға күйеу жолдас түсіп, жеңгелеріне ұтымды қалжың айта бастады. Оңдас тіс қаққан қу екен, келіншектерге шалдырар емес.Дастарқан жайылып, алдымен шай келді. Әзіл-күлкімен шай ішіліп болғанда, ыстық ас әкелінді. Аюбайдың бүгінгі күні тұзы  жеңіл тарта берді. Әбіржіп, қызарақтап, қиналып әрең отыр. Маңдайы тершіп, мазасын қоса алыпты. Терін сүртем деп қайта-қайта орамалына жармасады. Дастарқан жиналып. ойын-сауық басталды. Мұндайда алдымен айтыс жүретін әдет қой. Қыз-келіншектер жағынан екеуі қосылып сызылта ән шырқады. Күйеулер жағына салмақ тастап, жауап айтып отыр. Алайда жігіттер жағы жуық арада ән айта қоймады. Аюбайдың мойны салбырап иіліп, бас көтерер емес. Аспан ашық, ай жарық күн жылыда, Қол созыпсың аспанның жұлдызына. Күйеу жолы жіңішке деген сөз бар Ізет көрсет ауылдың ұл-қызына. Оңдас шыдай алмады білем, Аюбайды түртпектеп отырып әнге жетеледі. Оңдастың әдемі ашық дауысы бар екен. Аюбай соның берекесін кетірді. Әдетте қолма-қол қиыстырып жауап қайтару шарт. Аюбай Ондастың өлеңіне үйлесе алмай, дауысы барлығып мүдіре берді. Екеуінің сөзі екі түрлі шығып, тоқайласпай-ақ қойғаны. Қыз-келіншектердің мерейі тағы да үстем болды. Түн жарымы болып қалғанын аңғармаппыз. Осы кештің ұйытқысы болып жүрген үлкен жеңгеміз бәрімізді үйге қайтарды да, бір-екі келіншек пен әпкемнің қимас құрбыларынан екі-үш қызды қалдырды. Мен бұдан кейінгі оқиғалардан бейхабар едім. Өйткені мені енді ол отауға маңайлатпады. Бәрін кейін естідім.

Үлкен үйде оңаша қалған Үбиан әпкем бүкіл кештің барысынан хабардар болып отырыпты. Аюбайдың момындығын, жасықтығын, қалжыңға қарымтасы жоқ екенін де біліп алыпты. Енді ел тарап, екі жасты жүздестірер сәт туғанда, әпкем қасарысып отырып алады. Жеңгелерінің айтқанына да, құрбыларының тілегіне де көнбейді. -Япыр-ау, бикеш-ай, бізді масқара етпекпісің шынымен. Өз ықтиярың болған соң келмеді ме ол екеуі. Енді көргенсіз ел атанбайық, -деседі жеңгелері. Үбиан сол ызаға булығып қасарысқан қалпынан қайтпапты. - Немене, ерке қыз дегенге, шолжаң болғың келе ме сонша. Ел рәсімінен, бұрынғының жолынан аттап қайда бармақсың. Бүйтіп бізді қорлама. Есті қыз өйтпес болар. Біз де өзіңдей қыз болғамыз, - десіп енді жеңгелері ашуға көшеді. Ақыры таң алдында Үбиан күйеу бала отырған отауға баруға келісіпті. Бұл кезде кеш бойы сөзден жығылып, терлеп-тепшіп қысылған екеуі әбден қалжырап, оның үстіне қалындықтың соншама кешігіп, көңілдері қобалжып отыр екен. Осындай толқу үстінде тоқырап отырғанда, Үбиандар кіріп келіпті. Адамның берекесі бір кетсе, аяғы тайғанай беретін әдеті емес пе. Аюбайлар тағы жаңылыс басады. Қалыңдық кіргенде, күйеу жағы ізет көрсетіп, орнынан тұрып қызды аялап қарсы алатын салтымыз ғой. Аюбайлар абыржып оны да ұмытқан көрінеді. Әпкемдер кіріп келгенде, орнынан тұрып қарсы ала алмапты. Оң босағада отырған қызға бұдан артық қорлық болсын ба, онсыз да ызаға булығып келген әпкем лезде тәкаппарланып кеткен екен. Жігітке қол ұсынбақ түгілі мінін бетке басады.- Жатыстарыңызға береке берсін. Жау қайтарғандай қалжырап қалған екенсіз, мазаларыңды алмайық. Қызға сөз салардан бұрын, сөз мәнісін түсінер болар еді. Сөз қадірін ұқпаған, өз қадіріне қалай жетпек. Кешіріңіздер, - деп бұрылып жүре береді. Енді Аюбай намыстанып, ашулы аттанбақ болады. Жеңгейлер мән-жайдың тігісін жатқызып, жігіттің шымбайына батыра ақыл айтып, ашуын тоқтатып аттандырады. Оңдас кешірім сұрап, бұл оқиғаның елге жайылып кетпеуін өтініпті. Салт бойынша күйеу жағы таң атпай, ел көзіне ілікпей ауылдан аттануы тиіс. Екеуі лезде жүріп кетеді. Ертеңіне Үбиан әпкем тігілген киім-кешектерін лақтырып, жасауларын шашып қатты ашуланды. Сонан соң мұңайып бір түрлі тұңғиыққа түскендей жүреді. Үй-іші басу да айтқан жоқ, ашу да айтқан жоқ. Екі-үш күннен соң Үбиан Аюбайға бармаймын деп қиғылық салып еді, бұл жолы әкем айбаттанып кетті: - Екінші рет бата бұзып, есектің миын жеді деймісің мені. Елге қайта-қайта қарабет болар жайым жоқ. Бұл кезде Аюбай да ауылына барып біраз талқыдан өткен соң ашылып, сөз қадіріне жеткендей болса керек. Екі айдан соң, ол қайтадан бағын сынап, елге ұрын келеді. Бұл жолы ауылдың қыз-келіншектері еріндерін тістеп, еркін қалжыңға ерік берген жоқ. Сөйтіп Аюбайдың үйренген сөздері, ақыл-кеңесі бұл жолы кәдеге аспады.

 Уақыт өте берді. Күйеу бала енді ауылға апта сайын келетінді шығарды. Үбиан әпкем бұрынғыдай емес, «пешенеге жазылған осы шығар» деді де, бәрін үнсіз мойындады. Қалыңмал қанша көбейсе де, қарамызға тұяқ қосылмай азая берді. Бәрі жасау-жабдыққа жаратылып жатыр еді. Ұзату тойы қоңыр күзге қарай, жиын-терін біткен соң басталмақ. Тойға әзірлік кезінде де басымыздан тақыр кетпеді. Ауылдық, болыстық әкімдер сұраққа шақырып әңгір-таяқ ойнатуды шығарды. «Қалыңмал алғаныңды қағазға түсіреміз, уәкіл шақырып айдатамыз» дегенді де айтты. Алайда әкем бұған сескене қоймады. Өйткені «жығылып жатып сүрінгенге күледі» дегендей, олардың өздері де қолдарымен қоқыс шеңгелдегендер еді. Көрінгеннен пара алып, көрінгенге көз салып, алдынан өткенге алақан жайып, әбден алакөзденіп алғандар болатын. Әкем соны біліп сескенуден аулақ жүр. Тіптен беттеріне тіке айтып салыпты: - Бұл аймақта көзге сүйелдей көрініп отырған жалғыз мен емес. Ел істеген тірлікті мен де істедім. Сендердің де құлқындарың мәлім. Жемсауларың бүлкілдеп отырғанын да білем. Ал егер біреуіңнің тамағыңды тығындасам, екіншің ауыз ашқалы дайын тұрсыңдар. Пара үшін жиған малым жоқ. Сендерге пара берем деп жалаңаш қалар жайым да жоқ. Өз қотырымызды өзіміз қасып, тыныш жүрейік те. Бәріміз де оңып тұрған жоқпыз. Мен қызымның көңілі үшін күнәһар атансам, сендердің күнәларың онан да асып жатыр. Сондықтан қорқа қояр, жаси қояр жайым жоқ. Онан да әрқайсың күн сайын дікектей бергенше, үлкен бастыққа хабарлаңдар. Не де болса, соның алдында жауап берейін, - деп әкем белсенділерді беттетпеді. Ұзамай үлкен бастық да келді. (Шамасы біздің болысқа қарайтын милиция бөлімінің бастығы болса керек) Келуін келді-ау? Бірақ сорақысы енді басталды. Не болды дейсіздер ғой. Тергеуге келген бастығымыз Үбианды көргенде, ақыл есінен адасқандай телмірді де қалды. Көрген жерден көңілі кетіпті. Енді ол бастықша сөйлеуден қалып, басқаша сайрай бастады. Сұмдығы сол - ол әпкемді тоқалдыққа алуға бел байлапты. Бұл жолда қыруар қалыңмал шашып, қара басын саудаға салудан тайынбайтынын айтып кетті. Ендіесігіміздің алдынан әлгі бастықтың көлігі кетпейтін болды. Келген сайын сөз салып өзеуреп отырады да қояды.

Алғашында қатты айтуға әдеп сақтап, жаймен түсіндіріп жүрген әкем, бір күні морт кетті. - Шырағым, оттап жүргенің не осы? Ел сенімінен садаға кеткір езбесің ғой өзің. Қатын үсті ететін, сен сияқты ақымаққа кететін қызым жоқ. Сендер әділет жолын тұтынып жүрмін дейсіңдер ме. Қой терісін жамылған қорқау неме. Сенің де зауалың табылар, - деп бетіне тіке айтты. Бастық мұндай жауап күтпесе керек, орнынан атып тұрып есікке беттеді. Аттанып бара жатып әкемді қорқыта бастады. Көп ұзамай әкем айтқандай-ақ, әлгі бастық кішірейіп, бөлімшемізден ауысты. Көршілес қырғыз ауылдарына кетіпті. Ол жерде сәрсенбі сайын базар болатын. Бір базарда әлгі бастықтың әкіреңіне шыдамаған бір топ қырғыз жігіттері дедектетіп жүріп сабапты. Әділдікті сақтай алмаған, ел сенімін ақтай алмаған шолақ белсендіні өкіметіміз орнынан алып, мұндай қызметтен мүлдем аластады. Әкем бұл туралы тіс жарған емес. Шамасы, сондай солақайдың кетуіне себепкердің бірі әкем болса керек. Жасау жағы біткен соң, әкем енді қызын күзде Аюбайға ұзататынын жариялай бастады. Той болатын күн белгіленіп, шақырылатын жегжаттарға хабаршы жіберілді. Тойға екі апта қалғанда Үбиан ағайын-туған, жегжат-жұрағаттармен танысуға аттанды. Әпкемнің қасына екі жігіт, үш келіншек ерді. Байқап отырсам, осынау дәстүрдің үлкен мәні бар екен ғой. Аулынан аттанып, қызықты дәуренімен қоштасар алдындағы қыздың ең соңғы рет емін- еркін салтанат құруы сияқты екен бұл. Бұдан кейін өз бетінше отау тігіп, өз түтінін түтететін кез туады. Танысқан қыз әкесінің үрім-бұтағын түгел қалдырмай аралап, қайта қауышқандай, қайта табысқандай боп аттанады. Біздің де араласқан адамымыз, тараған бұтағымыз мол еді...Әкемнің төрт әпкесі,әжемнің екі інісі, нағашыларым, әкемнің нағашылары, өгей шешеміздің туысқандары, аталас ағайындарымыз алыс-берісі бар жегжаттары - міне, осының бәрі Үбианның серуендеп қайтар өрісі болатын. Аттанар алдында әжем ауылдың қыз-келіншектерін, бар әйелдерді шақырып, қыз жасауын қызықтауға шақырды. Күн ашық еді. Ауылдағы бар әйел біздің үйге ағылып келіп жатты. Тегіс жиналған соң өзара шай үстінде ақылдасып, жасау жияр отауды ауыл шетіндегі көк шалғын аланда тігуге келісті. Үй тігілген соң әйелдер біртіндеп жасауларды апарып көгалға жағалай жая бастады. Алдымен әжемнен келе жатқан үлкен кілем жайылды. Кілемнің өрнектері күн көзіне мың құбылып айналаға әр бергендей. Оның қасына кішірек кілем жайылды. Бұл шешемнен қалған кілем еді. Отаудың өзі арнайы тігілгендіктен бе, ішіңдегі басқұр, уық, бауына дейін көз тартады. Алты қанат ақ отау ашық күнде ерекше әсем көрінеді екен. Жасау-жабдық түгелденіп болған соң, әпкемді ертіп келді.

 Ауылдың үлкен жеңгесі алдынан қарсы алып, қолтықтады да, отауға қарай беттеді. Осы сәттегі әйелдердің толқуында шек жоқ еді. Бәрі қыбырсыз тына қалды. Демдерін іштеріне тартып салтанатты сәт күткендей, кейбіреуі көзіне жас алып жатыр. Әлгі үлкен жеңгеміз босағаға жақындағанда Үбианға тіл қатты: - Отауыңа оң сәт тілеп, есігін аштырғалы тұрмыз, еркежан. Отауың бақытқа толсын, иелері қайғысыз болсын. Даусы біртүрлі қалтырап шықты.Әпкем босағадан бірінші аттады. Қалғандары соңынан еріп, ішке енген соң әпкемді құшақтап, игі тілектерін білдірді. Байқасам, әпкем жылап тұр екен. Бұл елден кетерін сезген қыздың қимас көңілінен шыққан жас па, әлде ағайынның ықыласына деген ризашылық жасы ма, ол жағын аңғара алған жоқ едім... Сәлден соң әйелдер үйге үлкен екі сандық алып кірді. Іші толған асыл бұйымдар мен қымбат киімдер екен. Төрдің бір бұрышына апарып сол көйлектерді шығарып ілді. Іргеге әшекейлі ағаш төсек құрылды. Оған мамық салынып, үстін майда жібекпен көмкерді. Жерге киіз, кілем төселді. Енді зер салып қараған кісіге бұл отаудың мұнтаздай жаңа, мол жиһазды үй екенін бірден білер еді. Жаңа отауда алғаш рет мол дастарқан жайылып, көл-көсір шай ішілді. Ер атаулыдан біз сияқты ерме балалар ғана қатысқан еді. Шай үстінде жасаудың кем-кетігі жайлы келелі әңгіме де қозғалды. Енді немен толтыру керек екені сөз болды. Сонан соң жеңгейлер Үбианға түрлі бұйымдар қоса бастады. - Жақсы көретін қайын сіңлім едің, бикеш. Көзімдей көріп жүрерсің,-деп әрқайсысы кесе-табақ, білезік-сақина, алқа-моншақтар сыйласты. - Құдайға шүкір, бикешжан. Мұндай жасауға әркімнің қолы жете бермейді. Әжем мен қайынағаға ризамыз. Бүтіндей бір үйдің ине-жібіне дейін түгендеп, іргеңді берік қондырғалы отыр. Мұндай жасаумен барған жеріңде де мерейің үстем болады. Осылайша шын тілектерін, адал көңілдерін білдіріп әйелдер тараса бастады. Мен дастарқан қызығына беріліп. өрік-мейізбен алданып отырғанымда, тыстағы жақсылықтан құр қала жаздаппын. - Апа! Қыздың нөкер-серіктері келіп тұр, - деген көкемнің дауысын естігенде, тысқа атып шықтым. Төгілте киім киген қос келіншек, бұралған бір жас қыз және екі жігіт жол жүруге сайланып тұр екен. Әжем оларды үйге шақырды. Екі жігіт тыста қалды да, өзгелері кірді. Өйткені жаңа отауға ерлер бас сұқпауы тиіс екен. Қайшагүл келіп, Үбианды бауырына басып тұрып бақыт тіледі: - Бақытты бол, бикеш. Сол бақыт жолының бастамасын өзіңе серік боп жүріп көргелі кеп тұрмыз,- деді ол! Мұнан соң Үбианды киіндіре бастады. Раушан түстес бүрме етек көйлекті кигенде әпкемді танымай қалдым. Керемет жарасымды екен. Көйлек сыртынан қынама бел көк барқыт бешпет киді. Құндыз бөркінің төбесінде үкі желбірейді. Қос бұрымының ұшынан күміс тамшы төгілгендей, арқасында әсем шолпы сылдырайды. Аяғында биік өкше оюлы етік. Мойны моншаққа толы, кеудесін алқа көмкеріп тұр. Аппақ білегінде қос-қостан күміс білезік. Саусақтары сақинамен безенген. Тырнағына аздап сүрме жаққандай көрінді. Әжем күміс сапты қамшыны немересінің қолына ұстатты да, оң сапар тіледі. Бәрі тысқа шықты. Көкем қарагер жорғаны көлденең тартып тұр екен. Бұған Үбиан мінбек. Сондықтан ба, ер- әбзелі ерекше. Ауыздықтан бастап сағалдырығына дейін күміспен күптелген жүген. Тоқымы мен тебінгісі барқытпен тысталыпты.

 Ер үстіне барқыт көпшік төселген. Өмілдірігі төгіліп тұр.Көкем мен жігіттер әпкемдерді қолтығынан демеп атқа отырғызды. Осы кезде топ ортасына әкем келді. Аз үнсіз тұрды да, алақанын жайды. Жиналғандар тегіс алақандарын жайысты. Әкемнің оң батасын алғаннан соң, серуен тобы жолға шықты. Бүкіл ауыл тысқа шығып, Үбиандар көкжиекпен астасқан алыс қырқадан асып кеткенше көз жазбай қызықтап қарап тұрды. Сонда әшекей бұйымдар қайдан табылды дей көрмеңіздер. Әкемнің зергерлік өнері бар еді деп айтқан едім ғой. Сол өнерін қызынан аямапты. Әкеме күн сайын көкем де көмектесіп жүрді. Үбиандар кеткен соң, ауыл енді бүтіндей той қамына кірісті. Көкем базардан базар қалдырмай аралап, қоржын толтырып қайтады. Ауыл жігіттері білек сыбанып қолғабыс көрсетіп жүр. Әкем зергерлік ісіне біржола беріліп алды. Мен қасында тұрып,айтқандарын қалт жібермей зыр жүгіріп орындаймын. Әкенің тапсырмасын орындағаннан артық не ғанибет бар дейсің, шіркін. Әкем ең алдымен балшықтан өзіне қажетті ыдыс жасайтын. Оған күміс теңгелерді салады. Оның үстіне жаңқа үйеді де, тұтатады. Біртіндеп шоқтанып бара жатқан ыдысқа қарап тұрған қандай рахат. Әкем көсеумен көмірлерді аударыстырады. Мен ешкі терісінен жасалған қол көрікті басамын. Бір кезде ыдыс бетін көгілдір жалын шарпиды. Сол кезде еріген күміс сынапша толқып шыға келеді. Әкем оны аздап суытады да, алау түстес ерітіндіні суық суға салып жібереді. Су быж етіп қайнап шыға келеді. Сонан соң балқыманы қолына алып, әкем білезік соға бастайды. Өрнегін қаламмен сызып алады да, ұстараның жүзімен кертіп қондырады. Мұндай кезде үй-іші қыбыр етпейтін. Бәріміз демімізді тартып, әкемнің тесіле қараған жанарына, аздап дірілдеген саусақтарына зер салушы ек. Өрнекті қондырып болған соң әкем енді білезікті құммен жұмырлап ысқылайды да, түтілген жүнмен тазалайды. Сонан соң үстіне ақ мүсәтір ұнтағын себеді де, аздап отқа ұстайды. Ұнтақ тұтанған кезде білезікті оттан тартып ала қояды да, тізесіне ысқылап жібереді. Сол кезде білезік жарқырап шыға келеді. Өз өнеріне деген сүйіспеншілігі шығар. әйтеуір әкем әңгіме айтқанда әшекей, өрнек жайлы, оның нақыстары жайлы көбірек сөз ететін. Әкемнің өнері өзге ауылға да белгілі еді. Алайда өзі үшін болмаса, өзгелерден ақы алып ер-әбзел, зергер бұйымдарын жасаған емес. Әкемнің кейін қолдан мылтық жасағаны есімде. Мылтықты әшекейлеп, өрнекті шүріппе жасады. Бірақ сынап көргенде мылтық атпады. Сонан соң әкем ызаланды ма, әйтеуір ұңғысына дәрі толтырып біздің көзімізше мылтықты талқандап тынып еді.

Роман Әдеби KZ порталынан түсірілді.

Жалғасы бар