«Үшқоңыр» резиденциясы маңындағы 50 мың гектар жер телімі аукционға шығарылды

Фото: e-qazyna

АСТАНА. KAZINFORM – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматы облысының аумағындағы жалпы құны 1 млрд 575 млн 778 мың 934 теңге болатын бірнеше жер телімін аукционға шығарды. Оның ішінде әйгілі Шамалған ауылына жақын жатқан 50 мың гектар телім де бар.

Бұл телімнің аукциондағы бастапқы бағасы 43,8 млн теңге деп көрсетілген.

- Бағалауға берілген нысанның орналасқан орны жақсы (әлеуметтік инфрақұрылымы бар, көлік жететін жерде, экологиялық жағдайы орнықты) деп сипатталады. Жер телімі Іле Алатауы ұлттық паркінің күзетілетін аумағында, «Үшқоңыр» резиденциясына баратын жолда, күзет бекетінен кейін, Шамалған ауылынан 16 шақырым жерде жатыр, - деп жазылған нысанды бағалау туралы есепте.

Фото: e-qazyna.kz

Құжатта нысанға көлікпен кіру өте ыңғайлы екені айтылған.

Фото: e-qazyna.kz

Бұған дейін 2025 жылдың басынан бері аукциондар арқылы 32 қайтарылған актив сатылғанын жазған едік.