Ұшқыш әйел 1942 жылғы ұшақпен 23 елдің үстінен өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Британиялық ұшқыш әйел Трейси Кертис-Тейлор 1942 жылы құрастырылған бипланмен 20 мың шақырымды жалғыз ұшып өтті, деп жазады ВВС агенттігі.

Қазан айында 53 жастағы Тейлор ағылшынның Хэмпшир графтығының Фарнборо қаласынан ұшып шыққан. Ол әуе саяхатын Австралия астанасында аяқтады. Үш айдан астам уақытта Тейлор 23 елдің әуе кеңістігінен өтіп, жағармай құйдыру үшін жерге 50 рет қонған.

«Бұл - үлкен сапар болды. Мені қолдағандардың бәріне алғыс айтамын!», - деп жазды Тейлор Твитттердегі жеке парақшасында.

Тейлордың әуе саяхаты Еуропа мен Жерорта теңізі, Иордания, Пәкістан, Үндістан және Оңтүстік-шығыс Азия, тағы бірқатар елдердің үстінен ұшып өтті.