Үштілділік идеясы жүзеге асырылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілер арасында тіл саясатын жүзеге асырудағы озық тәжірибелерді жинақтауға және танысуға арналған «Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік және шет тілдерін меңгеруіне ықпал етуші экстралингвистикалық факторлар» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті, деп хабарлады осы оқу орнының баспасөз қызметі.

Ғалым-лингвистер, педагогтер және қоғам қайраткерлері диалогінің өзегі - Елбасының «Қазақстан үшін үштілділік қалыпты құбылыс болуы керек» деген идеясымен астарлас болуы даусыз.

Бұл іс-шараны өткізудегі кездесу орны да кездейсоқ емес. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстан Республикасының барлық өңіріне кадр даярлайтын оқу орны болып табылады. Академияда «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Сот төрелігі», «Халықаралық қатынастар», «Саясаттану», «Менеджмент» және «Экономика» мамандықтары бойынша мемлекеттік қызметшілерді даярлайды, қайта даярлайды және біліктіліктерін арттырады. Оқу пәндері ағылшын, мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады. Академияның Мемлекеттік және шет тілдері кафедрасы «Ресми-іскерлік қазақ тілі», «Ағылшын тілі бойынша тілдік портфолио» жаңа курстарын әзірледі. Бірнеше шет тілін қатар үйрену жаңа әдістемесіне апробация жасалды, оннан астам оқу құралы мен сөздіктер жарыққа шықты.

Дөңгелек үстелге қатысқан астаналық жоғарғы оқу орындарының жетекші профессорлары және тілші-практиктер тіл құрылымының әр түрлі қырларын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, АҚШ Елшілігінің өкілдері, Еуропа Одақ жобасының аға сараптамашысы - «Қазақстан үкіметі мемлекеттік қызметінің реформасы және модернизациясы», Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығының және Мемлекеттік тілді дамыту қорының жетекшілері ұлттық тәжірибе бойынша хабарламамен сөз сөйлеп, дискуссияға қатысты. Дөңгелек үстелдің аудиториясы Назарбаев университетінің профессоры, әлемдік социолингвистиканың танымал маманы Тимати Рейганның Қазақстанда жұмыс істеген кезінде жинаған тәжірибесі мен кеңестеріне, жаңашыл-педагогтардың пікірлеріне ерекше көңіл аударды.

Іс-шара соңында практикалық ұсынымдар қабылданды.