Ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қоқыс полигондары қай өңірлерде бар

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Абай, Атырау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында әуежай маңындағы қоқыс полигондарына қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім етті.

Фото: Орал әкімдігі

Ведомство мәліметінше, әуежайларға жақын орналасқан тұрмыстық қалдықтар полигондары құстардың көптеп шоғырлануына себеп болуы мүмкін. Бұл әуе кемелерінің құстармен соқтығысу қаупін арттырады.

– Осыған байланысты елімізде әуеайлақтың бақылау нүктесінен 13 шақырым радиуста орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын жою және жаңа нысандарды аталған аумақтан тыс жерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында Орал қаласының әуежайына жақын орналасқан қоқыс полигоны жойылды. Ал Абай, Атырау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында полигондарды салу және көшіру шаралары жүзеге асырылып жатыр, - делінген жауапта.

Бұдан бөлек, Балқаш қаласында жаңа қоқыс полигонының құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта оны пайдалануға беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Дегенмен қолданыстағы полигондарды толық жою, олардың аумағын рекультивациялау және жаңа нысандарды іске қосуға қатысты жекелеген мәселелер әлі бақылауда, - делінген ведомство жауабында.

Авиациялық әкімшіліктің хабарлауынша, бұл жұмыстар жергілікті әкімдіктердің құзыретіне жатады.

Елімізде ұшақтар көбінесе қандай құстармен соқтығысатынын жазған едік.

Әуежайлардағы құстарды үркіту үшін қандай әдістер қолданылатыны белгілі болды.