Ұшу кезінде смартфон қолдануға рұқсат берілді

БРЮССЕЛЬ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Еуропаның әуе қауіпсіздігі агенттігі (EASA) әуелеп ұшуды және қонуды қоса алғанда, ұшудың барлық деңгейінде смартфонды, планшеттер мен электронды кітаптарды қолдануға рұқсат етіп, ұшақ бортында электронды құрылғыларды қолдану жөніндегі өз нұсқауын жаңартты.

Бұл туралы Еурокомиссия баспасөз қызметінен хабарлайды.

Бүгінгі күннен бастап Еуроодақта барлық жолаушылар ұшудың барлық деңгейінде, соның ішінде әуелеп ұшу және қону кезінде электрониканы қолдана алады. Осы уақытқа дейін мұндай аспаптарды қолдануға ұшақтың жерде қозғалуы, әуелеп ұшуы және қонуы кезінде рұқсат етілмеген болатын. Сонымен қатар, осы үш кезеңде ноутбукті қолдануға бұрынғыша тыйым салынады.

Әуе жолаушыларына ұялы ғаламторды қолдануға мүмкіндік жасау келесі қадам болуы тиіс. Осыған байланысты Еурокомиссия борттағы хабар тарататын құрылғыларды қауіпсіз қолдану мәселесін қарастыруды жеделдету туралы EASA-ға өтініш тастады. Бортта ұялы ғаламторды қолдану жөніндегі нұсқау жақын айларда шығарылады деп күтілуде.