ҚР ушу қауымдастығынан мәлім еткендей, үш күн бойы Астанада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300-ге жуық спортшы чемпион атану және ушудан әлем біріншілігінде Қазақстан атынан өнер көрсету құқығы үшін бақ таластырды.
Атап айтқанда, ушу-саньдадан Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының өкілдері жеңімпаз атанды.
Әйелдер арасында Жамбыл облысындағы ушу мектебінің тәрбиеленушілері Айман Қаршыға мен Ділназ Сализова, алматылықтар Аян Тұрсын, Меруерт Мұхамеджанова, оңтүстікқазақстандық Балнұр Әмірбек биік тұғырдан көрінді.
«Ендігіде жастарға шеберліктерін бірден үш бағыт бойынша шыңдауға тура келеді: дене даярлығы, жауынгерлік қаруды үйрену және ішкі энергетиканы қоса отырып, техникалық әдіс-тәсілдерді меңгеру», - деді Қазақстандағы ҚХР елшісінің кеңесшісі Лю Цзянь Пин.
Еске салайық, ушудан ҚР құрамасы биылғы жылдың қыркүйегінде Ресейдің Қазан қаласында өтетін әлем чемпионатына аттанады.