Ұсынылған өзгерістер Конституцияның басым бөлігін қамтиды – Снежанна Имашева

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Конституцияға ұсынылып отырған түзетулер Негізгі заңның басым бөлігін қамтып, оның барлық бөліміне әсер етеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның бесінші отырысында мәлімдеді.

Осыған байланысты қоғамнан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстар ескеріліп, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасы әзірленген.

– Конституция преамбуласын толықтай жаңа редакцияда қабылдау көзделіп отыр. Онда жаңартылған преамбулада жалпыұлттық құндылықтар, мемлекеттің миссиясы, тарихи сабақтастық және елдің даму бағдарлары көрініс табады, - дейді депутат. 

Сонымен қатар ұсынылып отырған жоба аясында Халық кеңесіне және Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне қатысты 2 жаңа бөлім енгізіліп, тағы 4 бөлімнің атауы мен мазмұны жаңартылмақ. Конституциялық құрылымның негіздері қайта қаралып, президенттік басқару нысаны сақтала отырып, мемлекеттік билікті ұйымдастырудың жаңа тәсілдері ұсынылады.

Айта кетейік, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия алдыңғы отырысында білім мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипатта болатыны туралы хабарлаған едік.