АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің 7-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы Новак Джокович АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына шықты.
Сербиялық спортшы ширек финалда әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Тейлор Фрицтан айласын асырды — 6:3, 7:5, 3:6, 6:4.
Opta статистикалық операторының мәліметіне қарағанда, Новак бір маусым барысында барлық төрт «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына өткен ең жасы үлкен теннисші атанды. Новак Джоковичтің жасы 38-ден асқан еді.
Биыл ол Аустралия ашық чемпионаты, Ролан Гаррос және Уимблдонда жартылай финалдан аса алмаған еді.
Новак Джокович АҚШ чемпионатының финалына шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен таласады.
— Матчсыз өтетін алда екі күнім бар. Бұл маған жәрдемдеседі. Қазір тап аса тың емеспін. Бірақ екі күннен кейін бәрі ойдағыдай болады деп үміттенемін, — деді Новак Джокович.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің Уимблдонда рекорд орнатқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).