Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жәнібек Сейтжаппаровтың айтуынша, қылмыстық іс 1534 томнан тұрады.
«Қылмысты іс 27 маусым күні сотқа келіп түсті. 28 маусым күні судья Әбсаттар Шайхидиновқа тапсырылды. Қазір судья іспен танысып жатыр. Айыпталушылар санының көп болуына байланысты сот отырысы арнайы ғимаратта өтетін болады. Соттың нақты қай күні өтетіні әзірге белгісіз»,- дейді Жәнібек Сейтжаппаров.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың шілде айында облыстық ІІД әкімшілік полициясының тіркеу-емтихан бөлімінде арнайы операция жүргізіліп, нәтижесінде басшысынан бастап 38 қызметкер ұсталған болатын. Ұсталғандарға ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік етті, пара алды және берді, қызмет бабын асыра пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген айыптар тағылып отыр. Сондай-ақ, бұрынғы полиция қызметкерлеріне қазақстандық және ресейлік жалған нөмірлер мен мөрлер жасады, оны пайдаланды және жәбірленушілерге миллиардтаған шығын келтірді деген кінә тағылуда. Бүгінгі таңда осы қылмыстардың арқасында мемлекетке баж салығын төлемеген мыңға жуық көлік анықталып, 4,4 млрд теңге шығын келгені белгілі болды.