Ұсталған ҚАЖ комитетінің қызметкері заттай айғақтарды жойып үлгерген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысынан Ақмола облысындағы түзеу мекемесіне сотталған адамды ауыстыруға ашқа сұрады деген күдікпен Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкері ұсталды. Бұл туралы Астанада өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының елордалық департаментімен жасырын тергеу әрекеттері нәтижесімен, ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Арнайы есеп бөлімшесінің басшысы қызметтік бабын пайдалана отырып, алаяқтық жасауда әшкереленді. Ол елордадағы бір дәмхана жанында өзінің автокөлігінде делдал арқылы сотталған адамды Ақтөбе облысындағы түзеу мекемесінен Ақмола облысындағы түзеу мекемесіне ауыстыру үшін 2 800 АҚШ долларын (бұл 1 млн тенгеге жуық-авт.) алған. Талап етілген ақшаның жалпы сомасы 6800 АҚШ долларын құраған. Күдікті ұстау барысында Ұлттық бюро қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен, қылмыс орнынан бой тасалауға әрекет жасаған және ақша түріндегі заттай айғақтардың жартысын жойған», - деді Ж. Бастарова.

Ресми өкілдің айтуынша,  қазіргі кезде фактілердің бұлтартпастығын ескере отырып, ол толығымен өз кәнісін мойындады, тергеумен әрекеттесуге ынта білдірді. Сот санкциясымен күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі шара қолданылды.

«Лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу тәртібімен аяқталды және Астана қаласының прокуратурасына айыптау актісімен жолданды», - деп нақтылады ол.