Ұстаз білім берумен, дәрігер емдеумен айналысуы керек - Мемлекет басшысы

АСТАНА.  28 қараша. ҚазАқпарат -  Ұстаз білім берумен, дәрігер емдеумен  айналысуы керек.

Бұл туралы бүгін Ақордада барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өтіп жатқан кеңейтілген мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Егерде ұстаз жұмысының үштен бір уақытын қағаз толтыруға жұмсайтын болса, онда қандай сапа туралы айтуға болады. Мұндай ахуал дәрігерлерде де қалыптасқан»,-деді Елбасы.

Мемлекет басшысының алға тартқан деректеріне қарағанда, тек Білім және ғылым министрлігінің бір департаментіне ғана өңірлер есеп-қисаптың 300 түрін толтырады екен. Ал, бір облыстың мектептері мен бала-бақшаларын осы есеп-қисап бойынша дайындау үшін 100 мың құжат қажет.

«Міне, жұмыстарыңның барлығы осы. Қағаз жазып отырасыздар. Жұмыс жоқ. Мұғалімдер оқытудың орнына қағаз жазады. Дәрігерлер емдеудің орнына қағаз толтырады»,-деді.

ҚР Президентінің атап өтуінше, аталған құжаттарды дайындауға біржарым, екі ай уақыт кетеді.