Ұстаз Ордалы Қосай: Әрбір шәкірт – жеке тұлға

АҚТАУ. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат тілшісіне маңғыстаулық ардагер ұстаз Ордалы Қосай білім саласына қатысты ойлары мен пікірлері туралы әңгімелеп берді.

- Ордалы аға, 30 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп, қарапайым мұғалімнен мектеп директорына дейін көтерілдіңіз. Сіз тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына дегенді жиі айтасыз. Бүгінде білім саласын жаңғырту қалай жүзеге асып жатыр?

- Бүгінде ел жаңарып, қайта жаңғыру басталып жатыр. Материалдық игілік дамып, тұрмыс түзелді. Енді сана жаңғыруы керек.

Отандастарға, әсіресе, әріптестеріме айтарым, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын оқып үйренуіміз керек. Адамды ұлтымен, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі, табиғаты мен тарихы байланыстырады. Сондықтан білім беру жүйесі өздігінен бөлек жаңғыра алмайды. Бүкіл мұғалім атына кір келтіруден аулақ болуға шақырамын. Алайда санада сілкініс болмай, құлшылық ету жалғасып барады. Соның бір көрінісі – білім жүйесіндегі тоталитарлық басқарудың сарқыншақтары. Экономика нарыққа көшкелі әкімшіл-әміршіл басқарудың күні өткені дәлелденді. Жоғарыдан команда жоқ. Бәрін нарық басқарады, реттейді. Ал, білім беру саласы әлі де болса ескіліктен құтыла алмай келеді. Бұйрықпен есеп шықпайды, шығарма жазылмайды, тәжірибе жасалмайды, сөйлем талданбайды. Еркін болмаса, мұғалімдердің шығармашылық ынтасы жоғалады, бейтарап күй кешеді. Әрбір шәкірт – жеке тұлға. Әрқайсысына әртүрлі жол керек. Осыны есте ұстау қажет.


- Ендеше, мектептегі білім жүйесін жаңғыртуға байланысты қандай ұсыныстарыңыз бар?

- Біріншіден, мектеп жұмысының алға басуы тек бір ғана лауазым иесі – мектеп директорына байланысты. Сондықтан мектеп директорын таңдау – ең басты шаруа. Таңдау және ұсыныс білдіру тек қана пәндердің қоғамдық бірлестігі арқылы жүзеге асырылуы керек. Өйткені үміткер өз пәнінің үздік маманы және жаны педагог болуы керек.

Екіншіден, ұлт тамырына оралуға шындап кірісу үшін, мектептің барлық сыныптарында «Ұлт әдебі» пәні енгізілуі тиіс. Ұлттық салт-дәстүрді сіңірумен қатар, отбасының өзекті мәселелері «Ата-ана болуға дайындал» тарауынан басталуы керек.

Үшіншіден, мектептегі оқу-тәрбие үрдісімен жұртшылық таныс емес. Жергілікті телеарналар мектептегі оқу-тәрбие жұмысының барысын елге жеткізу үшін аптасына бір «45» минутын қиюы тиіс.

Төртіншіден, әр мұғалімнің тұлғалық жауапкершілігін қалыптастыру. Барлық жалпы білім беретін мектептерде математика пәнін оқытудың Назарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейіне жеткізу.

Бесіншіден, мұғалімдер білімін жетілдірудің дистанциялық жүйесін дамыту.

- Ардагер ұстаз ретінде соңғы кезде білім саласында болып жатқан оң өзгерістер жайлы пікіріңіз қандай?

- Білім беру жүйесі соңғы кездері Кембридж әдісімен оқытылып, мұғалімдерге алақұлалық жасалды. Үш ай оқыған мұғалімге екі есе артық төленді. Ал, оқушылардың білімі сол кезде төмендеп кетті. Қазір Асхат Аймағамбетов салаға тың өзгерістер әкеліп жатыр. Президент тапсырмасын жүзеге асырып, мұғалім мәртебесі айқындалды. Ұстаздарды қағазбастылықтан құтқарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы жастарға қолдау білдіріп отырады. Сондықтан жұмыс істеймін деген жастарға мүмкінідік беруіміз керек.

- Уақыт бөліп сұқбаттасқаныңызға рақмет!