Ұстаз – ұлы есім: Өскемендіктер мұғалімдерге алғыстарын жеткізді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Көктеммен қатар келген Алғыс айту күнінде Өскемен қаласы Меновное кентінің тұрғындары балаларын білім нәрімен сусындатып жатқан ұстаздарға өз ризашылықтарын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алтынгүл Байтемірованың екі ұлы бар. Олар Меновное орта мектебінің 6 және 7 сыныптарында оқиды. Парасат пен Жігер есімді балаларының сабақ үлгерімі жақсы, оқуға деген құлшыныстары зор. Алтынгүлдің айтуынша, бұл – мұғалімдерінің ерен еңбектерінің арқасы.

«Мінекей, шуақты көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күні де келіп жетті. Осы ретте, мектебіміздің ұстаздар қауымын шын жүректен құттықтағым келеді. Ерекше алғысымды сынып жетекшілеріміз Гүлзат Қамзинқызы мен Салтанат Оралханқызына жеткіземін. Сондай-ақ бастауыш сыныптарда балаларымыздың санасына білім дәнін сәпкен Әлия Нұрсайынқызына ризашылығымыз шексіз. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер!», - деді ол.

Өскемен қаласының тұрғыны өз сөзінде педагогтардың бала тәрбиесіндегі рөлінің қаншалықты маңызды екендігін жеткізді.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай айтқандай, мұғалімдердің ел болашағын ту еткен балаларды оқытып қана қоймай, үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие беруі – өлшеусіз, бағасыз. Балапандарымызға екінші ана бола білген сіздерге басымды иемін. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз әрдайым ашық болсын», - деді Алтынгүл Байтемірова.

Осы білім ордасында 6-сыныпта оқитын Жәнібек Әлидің анасы да мұғалімдерге өз алғысын жеткізді. Оның ішінде орыс тілінен сабақ беретін Салтанат Оралханқызының бауыр еті баласының сабаққа деген қызығушылығын оятқанын айтты.

«Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім» деп бекер айтпаған. Оқушыларға білім беріп, көрген-білгендерін үйретіп, әрдайым қолдау көрсететін жан – ұстаз. Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Отбасыларыңызға береке, жұмыстарыңызға табыс тілеймін!», - деді Ләззат Қайдарова.