Ұстаздарға қандай сыйлық жасауға болады
«Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында ата-аналардың арасында баламның мұғаліміне не сыйласам деген сұрақ жиі туындайтыны рас. «Ақша жинауға қарсымыз» акциясын жалғастыра отырып, ата-аналардың назарын бағалы сыйлық емес, одан да маңызды болып саналатын құндылықтарға аударғым келеді», - дейді Әнуар Жанғозин өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Білім басқармасының басшысы атап өткендей, ұстаздарға ең жақсы сыйлық - ата-аналар мен шәкірттердің мұғалім еңбегін бағалап, оған лайықты құрмет көрсету болып табылады.
«Халықтың жалпы пікірін білу үшін Астана қаласының Білім басқармасы «Ұстазға ең жақсы сыйлық» акциясын бастап отыр. Осы жазбада аталған әріптестерімді шағын бейне құттықтауда өз ойларымен бөлісіп, біздің бастамамызды әрі қарай жалғастыруға шақырамын», - дейді ол.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 7 ақпанынан бастап Астана қаласында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Астана қаласы әкімдігінің жемқорлыққа қарсы бірлескен жобасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты - ішкі сыбайлас жемқорлықты жою және елорданың мемлекеттік мекемелеріне келген азаматтарға қолайлы жағдай жасау.