Өз саламызда табысты еңбек ету арқылы еліміздің дамуына үлес қосамыз – ұстаз
Kazinform тілшісі мереке қарсаңында «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты математика пәнінің мұғалімі Серік Қазихановпен сұхбаттасты.
– Серік Меңдібайұлы, әңгімеңіздің әлқиссасын басты мерекелеріміздің бірі – Республика күніне орай халқыңызға тілек айтудан бастасаңыз.
– Ұлық мерекемізді атап өтіп жатқанымыз – тәуелсіздігіміздің, ел бірлігінің арқасы. Біз өз саламызда табысты еңбек ету арқылы еліміздің дамуына үлес қосамыз. Сондықтан еңбек жемісті, еліміз өрісті болсын. Саналы да тәрбиелі ұрпақ ісімізді жалғастыра бергей.
– 30 жылдан астам уақыт бойы Оралдағы қарашаңырақ, келер жылы ғасырлық тойы өтетін Сәкен Сейфуллин атындағы мектепте еңбек етіп келесіз. Әу баста мұғалім боламын деп ойладыңыз ба?
– Осыдан 100 жыл уақыт бұрын Сәкен Сейфуллин Орал өңіріне келген сапарында облыс орталығында қазақ мектебінің жоқтығына қынжылып, арнайы тапсырма беріп кеткен болатын. Соның нәтижесінде мектеп ашылып, қазақтың қарагөз ұл-қыздарының бағы жанды. Осы алтын ұяда қаншама білікті ұстаздар еңбек етті. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова, жазушы Қайыр Бектұрғанов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев, самбодан әлем чемпионы Асқар Шайхиевтей түлектер қанаттанып ұшты. Сондай тарихы бай оқу орнында жұмыс істеп, аға буынның ісін жалғастыру біз үшін үлкен мәртебе.
Ұстаздық жолды таңдауыма ең бірінші математика пәніне деген құштарлық пен қызығушылығым түрткі болды. Бойымдағы қабілеттің көзін ашып, осы пәнге ынта-ықыласымды оятқан анам Айман Қуанышқалиқызы еді. «Білім беру ісінің үздігі» атанған ол математика пәнінің мұғалімі ретінде маған сабақ бере жүріп, қосымша математикалық әдебиетті оқытып, ондағы күрделі есептерді шығаруға үйретті. Ал 8-сыныптан бастап сабақ берген Мұрат Әліпов ағайымыз олимпиадалық есептердің кілтін таба білуге жетеледі.
1980 жылы аудандық, облыстық олимпиадаларда жүлдегер атануым Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебіне жолдама алуыма себепкер болды. Осы мектепте терең білім бере отырып, математика пәніне баулып, оның барлық қыр-сырын танытқан ұстазым Ғалия Шарафиқызы Қалдыбаева менің болашақ мамандығымды айқындап берді. Шаруашылық басқара жүріп, сөз тапқырлығымен ерекшеленіп, бала тәрбиесін де ұмытпаған әкем: «Қорықсаң, есеп шықпайды, есеп сенен қорқуы керек» деп айтатын. Осы сөзін есімнен шығармай, үнемі жадымда ұстап келемін.
– Өмірлік ұстанымыңыз, шәкірт тәрбиелеудегі басты қағидаңыз қандай?
– «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дегендей, әкем мен анамнан, аталған ұстаздарымнан жастайымнан үлгі алдым. Сол абзал да аяулы жандардың жол сілтеуімен өмір бойы іздену, білім алу керектігін ұқтым. Қазіргідей техника тез қарқынмен дамыған кезде өзіңді үнемі жетілдірмейінше, тәжірибе жинақтап, оны жүзеге асырмайынша, заман ағымына ілесу мүмкін емес.
Менің түсінігімше, сапалы білім болу үшін шынайы оқытумен бірге терең тәрбие бере білмейінше, мақсатқа жету қиын. Шәкірттің ішкі жан-дүниесін сезіне отырып, оқушылардың әлемі мүлде бөлек екенін ескеру қажет. Олардың ойы мен түсінік-көзқарастарын байқатпай тура жолға бағыттап, тіл табыса алғанда ғана нәтиже шығатынына көзім жетті. Қысқа қайырғанда, ұстазға шәкірт тілін таба білуден асқан бақыт жоқ.
– Оқушыларға математиканы ұғындырудың әдіс-тәсілдерін де бөлісіңізші.
– Математиканың қыр-сырын меңгертуде ең алдымен дағдыға көп көңіл бөлу керек. Есеп шығару, оның әдіс-тәсілдерін жан-жақты қарастыру, іздеу дағдыға айналса, мұның өзі тәрбиемен ұштасады. Осы тәрбие, саналылық оқушыны өз бетімен үнемі ізденуге ынталандырып, сапалы білімге жол ашады. Ұғындырудың тағы бір тәсілі – баланы таңғалдыру. Оны қызығушылықпен ұштастыра білсең, ұтылмайсың. Қайта оқушыны ізденімпаздыққа, еңбекқорлыққа жетелейсің.
– Жарыңыз Гүлмира да білікті ұстаз екенін білеміз. Бір отбасында екі мұғалім бір-біріңізбен ақылдасып отырасыздар ма? Жолыңызды қуған шәкірттеріңіз, ұрпақтарыңыз бар ма?
– Өмірдің бар қиындық-қызығын бірге бөлісіп келе жатқан жарым Гүлмира да осы мектепте 30 жыл бойы математика пәні бойынша сабақ беріп келеді. 2019 жылы республикалық конкурстың жеңімпазы болып, «Үздік педагог» атанды. Түлектері Қазақстанда, алыс-жақын шетелдерде мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүр. Мамандығымыз бір, үйде де, жұмыста да айтар әңгімеміз ортақ. Шәкірттеріміз де екеумізбен бірдей араласып, хабарласып тұрады.
Бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Балаларымыз ұстаздықты таңдамаса да, кәсіптері математикамен тығыз байланысты. Қызым – экономист, ұлдарым – IT саласында. Қай салада жұмыс істесе де, оқушыларымыз үшін қуанып отырамыз. Біраз түлегіміздің мұғалім мамандығын таңдап, соның ішінде математика пәні мұғалімі болғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Қазіргі кезде олармен әріптестеріміз ретінде үнемі байланысып тұрамыз.
– Ұстаздар күніне орай биыл «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болдыңыз. Шын жүректен құттықтаймыз.
– Рақмет. Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы атағына ие болған сәтте ерекше толқыныспен білім-тәрбие берген ата-анамды, ұстаздарымды, осы мамандық бойынша еңбек жолымды бастағанда, қолдау көрсеткен әріптестерімді, ұжымдастар мен оқушыларымды есіме алдым. Бұл марапат маған алдағы уақытта да жемісті әрі жауапты жұмыс істеуіме септігін тигізеді деген ойдамын.
– Шынайы лебізіңізге рақмет.