WTT ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Қазақстан құрамасының спортшылары Сарвиноз Миркадирова 19 жасқа дейінгілер арасында топ жарса, Жанерке Кошкумбаева күміспен күптелді. Ал, Абдулла Мамай мен Сарвиноз Миркадирова аралас жұптық сында Беларусь өкілдерін 3:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Сондай-ақ Арнур Оралханов ерлер арасында жекелей сында үшінші орынан көрінді.
Қыздар арасында 15 жасқа дейінгілер санатында қазақстандық Мария Лукьянова өзбекстандық Әсел Еркебаеваға есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты. Тағы бір қазақстандық спортшы Ноила Ханиязова үшінші орын алды. Алайда, Мария Лукьянова 13 жасқа дейінгілер арасында топ жарып, ел қоржыны төртінші алтынмен толықты.
Ұлдар арасында 11 жасқа дейінгілер санатындағы жекелей сында Абай Жұмағұл өзбекстандық Әмір Шириевты 3:1 есебімен қапы қалдырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Қыздар арасында жекелей сында Жания Бекмухамбетова топ жарды. Сондай-ақ Назерке Болатбек және Олег Яковлев қола жүлдені қанжығалады.