АСТАНА. ҚазАқпарат – Тунисте үстел теннисінен жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Алан Құрманғалиев жүлдегерлер қатарына қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағандылық А.Құрманғалиев (бапкері Эльмира Алиева) мысырлық Хана Годамен бірге аралас жұпта жартылай финалға шықты.
Осылайша, қазақстандық-мысырлық жұп кемінде қола жүлдеге ие болады. Олар 1/8 финалда пуэрторикалық Энрике Риос – бразилиялық Сенага Ширайды тізе бүктірді. Ал ширек финалда франциялықтар Натан Лам – Гаэтана Блэдадан айласын асырды.
Сөйтіп, А.Құрманғалиев Қазақстан үстел теннисі тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері қатарынан табылып отыр.
Жартылай финалдық бәсеке желтоқсанның 8-інен 9-ына қараған түні өтеді. Сонымен қатар А.Құрманғалиев жекелей сында да бақ сынайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).