ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласында үстел теннисінен ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан ел чемпионатында командалық сында жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстанның ерлер командасы финалда қарағандылықтарды жеңіп, чемпион атанды. Шығысқазақстандықтар мен шымкенттіктер үздік үштікке ілікті.
Осылайша ерлер құрамасы облыс тарихында алғаш рет жеңімпаз атанып отыр.
БҚО командасы сапында Айдос Кенжеғұлов, Дастан Кенжеғұлов, Санжар Жұбанов, Дамир Мэлсов және Болат Ниетқалиев өнер көрсетті.
Ал әйелдер арасында командалық бәсекеде қарағандылықтар үздік шықса, батысқазақстандықтар күміс жүлдеге ие болды. Нұр-Сұлтан мен Шымкент қаласының өкілдері үшінші орынды бөлісті.
БҚО намысын Гауһар Әлмағамбетова, Гүлчехра Хусейнова, Алсу Сапарова, Аружан Бекіш және Аружан Ілияс қорғады.
Батысқазақстандықтарды Сарвар Назарова мен Владислав Кузьмин жаттықтырады.
Қазақстан біріншілігі 14 қаңтар күні жекелей сында жалғасып, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).