Үстел теннисінен ел чемпионатында батысқазақстандықтар жеті жүлде олжалады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында үстел теннисінен 1995 жылғы және одан кіші жастар арасында мәреге жеткен ел чемпионатында БҚО құрамасы табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, батысқазақстандықтар 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медальді жеңіп алды. Атап айтқанда, жастар арасында жекелей сында Дастан Кенжеғұлов ел чемпионы атанса, Гауһар Алмағамбетова күміс, Айдос Кенжеғұлов қола жүлдені иеленді. Жұптық сында Алсу Сапарова мен Гауһар Алмағамбетова қарсылас шақ келтірген жоқ. Сондай-ақ ағайынды Дастан мен Айдос Кенжеғұловтар жұптық сында екінші орынға көтерілді. Аралас сында Айдос Кенжеғұлов пен Алсу Сапарова тағы бір қола жүлдені еншіледі. Сонымен қатар бозбалалар арасындағы командалық сында БҚО құрамасы күміс медальді қанжығаға байлады.