Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің Мемлекеттік тізілімі қалыптастырылады

None
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Аталған заң жобасының мақсаты Беларусь, Ресей және Қазақстан арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістік құру шеңберіндегі монополияға қарсы заңнаманы қолданыстағы құжаттармен үндестіру болып табылады. Бұдан бөлек, нарық субъектілеріне арналған әкімшілік кедергілерді азайту қарастырылады. Сонымен қатар, монополияға қарсы заңнаманы бұзғандығы үшін нарық субъектілерінің жауапкершіліктері де осы құжатта қарастырылады.

«Атап айтқанда, нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерінің кез келген нысанына әкеп соқтырған нарық субъектілерінің экономикалық қызметін жеке және заңды тұлғалардың үйлестіргені үшін, сондай-ақ монополияға қарсы органға экономикалық шоғырлану жасалғаны туралы хабарламаны бермегені үшін жауаптылық белгіленеді», - дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев.

Министрдің айтуына қарағанда, заң жобасымен үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің Мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу рәсімдері бекітіледі.