Бұл туралы бүгін елордалық «Бәйтерек» медиа-орталығында өткен баспасөз мәслихатында қалалық Білім беру басқармасы Балаларды мемлекеттік қолдау бөлімінің бастығы Қарлығаш Саркенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдан бастап 1 мен 4 сыныпқа дейінгі елордалық мектеп оқушылары түгелдей ыстық тамақпен қамтылатынын ағымдағы ақпан айының 4-і күні өзінің халықпен кездесуінде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтқан болатын.
Қ.Саркенованың айтуынша, бұл мәселеге дайындық бүгіннен бастап жүргізілуде. Мәселен, орта білім беру мекемелеріндегі тамақтану орындарының балаларды қабылдауға әзірлік деңгейлері тексеріліп, олардың бірқатарына тіпті күрделі жөндеу жүргізу де көзделген. «Бастауыш сыныптарда оқитын 30 мыңға жуық оқушыны тегін ыстық тамақпен қамту үшін 440 миллион теңге қаражат қажет. Бұл бағыттарда бүгін іс-шаралар жоспары бекітілді», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, қазіргі күні Астанада жұмыс істеп тұрған 78 жалпы орта білім беру мекемесінің 64-інде ыстық тамақ ұйымдастырылған. Ыстық тамақпен 67 мыңнан астам оқушының 40 мың 614-і немесе 60 пайызы қамтылған. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жататын 4 мыңнан астам бала тамақты тегін алады. Ал 1 мен 4-ші сыныптар аралығында білім алатын 26 мың 471 баланың әлеуметтік жағдайларына байланысты тегін тамақпен қамтылғаны - 1794. Бір баланы ыстық аспен ауқаттандыруға бюджеттен бөлінетін сома 2010 жылдың қаңтарында 197 теңгені құрады ( 2009 жылғы 184 теңге).