Үстіміздегі жылы «Астана-Минск» тікелей әуе бағыты ашылады деп жоспарлануда
19:00, 24 Қаңтар 2011
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ағымдағы жылы Астана мен Минск қалаларының арасында тұрақты түрде ұшақтар қатынай бастайды. Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшілеріне берген сұхбатында Беларус Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Валерий Брылев мәлім етті.
«Осы жылғы маусым айының соңынан бастап Астана мен Минск арасында тұрақты әуе қатынасын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе Беларустың Авиация комитетімен және әуе тасымалдаушылармен пысықталып жатыр», - деді ол.
Елшінің атап көрсеткендей, қазір екі қала арасында тікелей ұшақтар жазғы маусымда ғана қатынайды. Оның пікірінше, тұрақты әуе тасымалдаулар екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі ықпалдастыруға септігін тигізетін болады.
Айта кетейік, бүгінгі күні ТМД елдері арасында визасыз режім орнатылған.