Үстіміздегі жылы «ҚазАгро» Ұлттық холдингінің қолдауымен ауыл шаруашылығындағы 5 жоба іске қосылады

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үстіміздегі жылы «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компанияларының қаржыландыруымен жаңадан құс фабрикасы, тауарлы-сүт фермасы, сондай-ақ ет өңдеу және оны қайта өңдеу инвестициялық жобасы іске қосылады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚазАгро» ҰБХ»-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ұлттық экономиканы жаңарту және қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жүзеге асырылып отырған «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасы шеңберінде үстіміздегі жылы барлығы 12 жобаны қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Оның 5-уі «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның қолдауымен іске асырылмақ. «ҚазАгро» ҰБХ»-ның еншілес компаниясы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржыландырып отырған жобаларының бірі ? Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы Степняк қаласында орналасқан «ҚазГерҚұс» ЖШС. «ҚазАгроҚаржы» құс фабрикасының тиісті германдық жабдықтармен жарақтандырылуына және өндіріс алаңына құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне жалпы сомасы 2 млрд. 799 миллион теңге бөлді. Фабрика үстіміздегі жылдың ІІІ тоқсанында іске қосылғаннан кейін 60 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, жылына 146 миллион дана жұмыртқа өндіретін болады.«ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырған тағы бір жоба ? Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан «Тайынша-астық» ЖШС тауарлы-сүт фермасы. «ҚазАгроның» еншілес компаниясы мал шаруашылығы фермаларына арналған германиялық жабдықтарды жеткізіп, лизингке берді. Сондай-ақ Венгриядан голштино-фриз тұқымды 580 бас ірі қара малды жеткізді. Бөлінген инвестицияның жалпы сомасы - 1 млрд. 727 млн теңге. 2009 жылдың IV тоқсанында іске қосу жоспарланған тауарлы-сүт ферма 150 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек. Бұдан басқа, «ҚазАгроның» тағы бір еншілес компаниясы - «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ет өндіру және оны қайта өңдеу инвестициялық жобасын қаржыландырып отыр. «Жаңа бас» ЖШС-ның бордақылау және қасапқана пункттері Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданының Кеңащы ауылында орналасқан. Жобаны жүзеге асыруға барлығы 1 млрд. 380 млн. теңге инвестиция бөлінді.