1984 жылдың 12 шілдесінде құрылған Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы Қазақстанның оңтүстік-батысындағы шөлді аймақтардың табиғи кешендерін сақтауға бағытталған ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып саналады.
Қорықтың негізгі міндеті — табиғи процестерді, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, сондай-ақ бірегей экожүйелерді табиғи қалпында сақтау, зерттеу және қалпына келтіру. Сонымен қатар мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, экологиялық мониторинг ұйымдастырылады және халық арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ағарту жұмыстары жүргізіледі.
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы Маңғыстау облысының Қарақия ауданында орналасқан. Жалпы аумағы 223 мың гектардан асады. Қорық Үстірт жонының батыс бөлігі мен Кендірлі сорын, Қарынжарық ойпатының шығыс бөлігін және Қарамая тауын қамтиды.
Қорықтың табиғаты алуан түрлі. Бүгінде мұнда өсімдіктердің 403 түрі, сүтқоректілердің 33 түрі, құстардың 174 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 15 түрі және қосмекенділердің бір түрі тіркелген.
Олардың ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген көптеген сирек түрлер бар. Атап айтқанда, арқар, қарақұйрық, қарақұлақ, шағыл мысығы, Оңтүстік-Батыс Азия қабыланы, шұбар күзен, сондай-ақ бүркіт, лашын, ителгі, қоқиқаз, сақалтай, жекдуадақ секілді сирек құстар қорғалады. Сондай-ақ қорық аумағында Қызыл кітапқа енгізілген сирек өсімдіктер де өседі.
Қорықтың әкімшілік ғимараты Жаңаөзен қаласында орналасқан. Оған Жаңаөзен қаласы арқылы Қызылсай және Құланды бағыттары бойынша жетуге болады. Қорыққа ең жақын елді мекен — Аққұдық ауылы.
Бұған дейін Катонқарағай ұлттық паркі туралы жазғанбыз.