«Өкінішке орай Айнұр деген қыз айтыпты. Оның тест нұсқасын қазір сіздерге көрсете аламын. Онда ондай сұрақ жоқ. Болған емес. Неге олай айтқанын түсінбей отырмын. Ата-аналар дайындық барысында көрдік дейді. Ол болуы мүмкін. Өйткені алдыңғы жылы мұндай сұрақ болған еді», - деді Қ.Әбдиев БАҚ өкілдерінің ҰБТ-дағы «Алматыдағы сыра зауыты қашан ашылды?» деген сауалдың орынды-орынсыздығына қатысты сауалына.
Оның атап өтуінше, апелляциялық комиссия бұл сауалдың ҰБТ-да орынды қойылғандығын мәлім етіп отыр.
«Себебі Қазақстан тарихы пәнінде Верный қаласының дамуы жөнінде, ондағы кәсіпорындардың ашылуы, соның нәтижесінде эконмикасының көтерілгендігі туралы арнайы тақырыптар бар. Оның ішінде Верный қаласында 19 ғасырдың 2-ші жартысында екі бірінші ашылған кәсіпорын - Сыра зауыты туралы да бар. Сыра деген ұятты сөз емес қой», - деді Қ.Әбдиев.
«Біз қазір Айнұр деген қыздан кешірім сұрауды талап етеміз. Болмаса, ары қарай түсіндіріп көруге тырысамыз. Телеарнада неге олай айтқаны түсініксіз», - деп қосты ол.