UWW президенті: Астанадағы турнирде нағыз күресті көрсетуіміз керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем күрестері бірлестігінің (UWW) президенті Ненад Лалович ертең Астанада өтетін азиялық лицензиялау турнирінің қатысушыларын таза және әділ күреске шақырды.

«Техникалық делегаттар, жарыс төрешілері жұмыстарына қатысты нұсқаулықтар алды. Бірінші орында нағыз және таза күрес болу керек. Бір-бірінің саусақтарын сындыратын тәсілдерді ұмытуларыңыз қажет. Палуандар әлемге әділ күресті көрсетеді деп үміттенемін», - деді Н.Лалович түрлі делегациялардың өкілдеріне.

Астанада күрес түрлері бойынша Азиялық лицензиялау турнирі 18 - 20 наурыз аралығында өтеді. Жарыстарға 20-дан астам елдің спортшылары қатысады. Солардың ішінде Иран, Қытай, Жапония, Моңғолия, Оңтүстік Корея және Үндістан құрамалары бар.

Онда Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға 36 жолдама сарапқа салынады.