СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаскөйдің әрекетінен Қазақстанның бірнеше өңірінің тұрғындары зардап шеккен, оның ішінде үш петропавлдық та бар.
Алаяқ сүрілуі тиіс ескі үйлердің иелерімен байланысқа шығып, оларға жаңа салынып жатқан үйлерден пәтер алуға көмектесуге уәде берген. Ол үшін бастапқы жарна салу қажеттігін және «қол ұшын бергеніне» сыйақы беретіндіктерін айтқан. Осылайша, петропавлдықтардың бірі 5 млн теңгеге жуық ақшасынан айырылды.
Күдікті Нұр-Сұлтан қаласының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Оны астаналық полицейлер қолға түсірді. Петропавлдық тәртіп сақшылары тіркелген эпизодтар бойынша материалдарды әріптестеріне табыс етті.
«Қазіргі уақытта алаяқтар интернет арқылы өз ойларын жүзеге асырады. Олар алдап алған мәлімет арқылы қашықтан банк шотындағы ақшаны олжалайды. Көбінесе, тұрғын үйді тиімді сату-сатып алуға, қажетті құжаттарды жасауға «көмектесуге» немесе ақшаны айналымға жіберуге уәде береді. Алаяқтар өз құрбандарының сеніміне кіріп, қызмет алуды тездету үшін ақша талап етеді. Адамдарды аса сақ болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, бөгде біреулерге ақша аудармас бұрын мұқият тексеруге шақырамыз», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
Жалпы жыл басынан СҚО полицейлері 189 алаяқтықты ашты.