Үй, көлік, ипотека: ажырасқанда ортақ мүлік қалай бөлінеді

АСТАНА. KAZINFORM – Үйленгенде ортақ өмірмен бірге ортақ дүние де көбейеді. Баспана алынады, көлік сатып алынады, ипотека рәсімделеді, депозитке ақша жиналады. Неке бұзылған жағдайда осы мүліктің кімге тиесілі болатыны дау туғызуы мүмкін. Мұндай мәселелерді алдын ала реттеудің бір жолы – неке шартын жасау. Бұл туралы заңгер Ақтөре Оразаева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында түсіндірді.

Фото: zamin.uz

Заңгердің айтуынша, неке шарты – ерлі-зайыптылардың некеге дейін немесе неке кезінде жасайтын келісімі. Онда ортақ мүліктің және ерлі-зайыптылардың жеке мүлкінің кейінгі тағдырын алдын ала айқындауға болады.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Неке шарты некеге дейін де, неке кезінде де жасалады. Егер шарт некеге дейін жасалса, ол неке қиылғаннан кейін күшіне енеді. Ал некеде жүрген кезде үй немесе көлік сатып алынса, оны қолданыстағы неке шартына қосуға немесе жаңа шарт жасауға болады, – деді Ақтөре Оразаева.

Оның айтуынша, неке шартын жасау әсіресе некеге дейін мүлкі бар адамдар үшін маңызды. 

– Некеге дейін өзіңіздің мүлкіңіз болса, оның болашақтағы тағдырын қазірден ойлаған дұрыс. Оны ата-анаңыз сыйлауы немесе өзіңіз некеге дейін сатып алуыңыз мүмкін. Кейін дау туындаған жағдайда сол мүліктің өзіңізде қалуы үшін оны алдын ала реттеуге болады. Мысалы, үй бір жұбайда, көлік екіншісінде қалатынын немесе мүліктің тең бөлінетінін екі тарап келісіп, неке шартында көрсете алады. Бұл – сақтық шарасы, – деді заңгер.

Ипотека да ортақ мүлікке жата ма?

Неке кезінде алынған үй, көлік, депозит және басқа да мүлік, әдетте, ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып саналады. Бұл ретте мүліктің кімнің атына рәсімделгені жалғыз өзі шешуші мәнге ие емес.

Сондықтан некеде алынған ипотекалық баспана да ортақ мүлік ретінде қаралады. Ажырасу кезінде тараптар оны өзара келісіммен бөле алады немесе мәселе сот арқылы шешіледі.

– Егер ипотека некеде алынған болса, ол да ортақ болады. Практикада ерлі-зайыптылар үйді сатып, түскен қаржының бір бөлігіне ипотеканы жабады да, қалған соманы өзара бөліп алуы мүмкін. Кей жағдайда жұбайлардың бірі үйді екінші тарапқа және балаларына қалдырып, сотқа жеткізбей келіседі. Мұндай мәселені өзара келісіммен шешуге болады, – деді Ақтөре Оразаева.

Ал некеге дейін алынған үй, негізінен, оны сатып алған адамның жеке меншігі болып қалады. Дегенмен бұл мүлікке екінші жұбай да қаржы салған болса, жағдай күрделенуі мүмкін.

– Егер үй некеге дейін алынған болса, ол бөліске жатпайды және жеке меншік болып қалады. Бірақ кейін оған ортақ қаражат жұмсалғанын дәлелдейтін жағдай болса, дау туындауы мүмкін. Мысалы қолда чек, банк төлемдері немесе басқа да дәлелдер болса, сотқа жүгінуге болады. Мұндай жағдайда мүліктегі үлес мәселесі қаралуы мүмкін, – деді заңгер.

Бір жұбай жұмыс істемесе, ортақ мүліктен үлесі бола ма?

Заңгердің айтуынша, ерлі-зайыптылардың бірінің декреттік демалыста отыруы немесе уақытша жұмыс істемеуі оның некеде алынған мүлікке құқығын жоймайды.

Демек жұбайлардың бірі жұмыс істеп, екіншісі бала тәрбиесімен айналысқан жағдайда, некеде сатып алынған мүлік бәрібір ортақ мүлік ретінде қаралады.

Жұбайының жасырын алған несиесі үшін жауап бере ме?

Несиенің де құқықтық мәртебесі оның қандай мақсатта алынғанына байланысты. Сондықтан бір жұбайдың қарызын екіншісі автоматты түрде төлеуге міндетті деп айтуға болмайды. Бұл ретте қарыздың отбасының ортақ қажетіне жұмсалған-жұмсалмағаны маңызды.

Мүлікті ажырасар алдында басқа адамға рәсімдеп қойса ше?

Заңгер ажырасу алдында ортақ мүлікті бөліске түсірмеу үшін оны басқа адамның атына рәсімдеп қою әрекеті дауға себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірі көлігін үшінші адамға өте төмен бағаға сатып жіберсе, мұндай мәміленің шынайылығы сотта тексерілуі мүмкін. 

– Кейде ажырасуға аз уақыт қалғанда мүлікті басқа адамның атына рәсімдеп қояды. Мысалы көлікті мың теңгеге сатып жібергендей мәміле жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сот төлемнің қалай жүргізілгенін, қандай сома төленгенін, көлікті сатып алған адамның оны жүргізуге құқығы бар-жоғын, салықты соңғы рет кім төлегенін анықтай алады. Егер мәміленің шынайы болғаны дәлелденбесе, сот оны жалған мәміле ретінде танып, мүлікті қайтадан ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіне қайтаруы мүмкін, – деді Ақтөре Оразаева.

Оның айтуынша, неке шартының да шегі бар. Оған балалардың құқықтары мен тағдырына қатысты талаптарды енгізуге болмайды. Неке шарты ең алдымен ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарын реттеуге арналған.

Айта кетейік, бұған дейін, елімізде жас жұбайларға арналған некеге дейін кеңес беру орталықтары жұмыс істейтінін жазған едік.