Ашық НҚА порталында «Жол жүрісі қағидаларымен реттелмеген бөлігінде Алматы қаласында жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» жоба ұсынылды. Әзірлеуші мемлекеттік орган — Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы.
Құжатта коммуналдық және жекеменшік тұрақтарды қоса алғанда, тұрақ орындарын ұйымдастыру және олардың жұмыс істеу тәртібін белгілейтіні көрсетілген. Маңызды тұсы — алматылықтарға тұрғылықты жерінен 500 метр радиуста автотұрақтар орны тегін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ құжат тұрақ орындары бойынша төлем жасау, жеңілдік берілетін санаттар мәселелерін реттейді.
Одан бөлек аталған жоба міндеттері:
— Көлік құралдарын жеткізу (эвакуациялау), оларды уақытша сақтау және қайтару тәртібі айқындалып, арнаулы тұрақтарға қойылатын талаптар енгізіледі.
— Самокаттарды орналастыру және пайдалану мәселелеріне, оның ішінде олардың тұраққа қойылу тәртібі мен операторлармен өзара іс-қимыл жасау тәртібіне ерекше назар аударылған.
— Шлагбаумдарды орнату мәселелерін, автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізуді және жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға әрі қаланың көлік инфрақұрылымын басқару тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған зияткерлік көлік жүйесін дамытуды реттейді.
Жобада оны қабылдау әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де теріс салдарларға әкеп соқпайтыны, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейтіні жазылған.
— Жобаның мақсаты — қолданыстағы Жол жүрісі қағидаларымен реттелмеген бөлігінде Алматы қаласында жол қозғалысын ұйымдастыруды кешенді құқықтық реттеуді қамтамасыз ету, оның ішінде тұрақ орындарының кеңістігін ретке келтіру, тұрақтардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, көлік құралдары мен жеке мобильділік құралдарына арналған инфрақұрылымды дамыту, жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ басқару тиімділігін арттыру және көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту, — делінген құжатта.
Жоба 10 маусым талқылауға шығарылған және талқылау 25 маусымға дейін жалғасады.
Еске салайық, бұған дейін әр алматылық жүргізушіге тегін тұрақ орны берілуі мүмкін екенін жазғанбыз.