Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік статистикасының дамуы, 2011 жылдың қорытындылары және 2012 жылғы жоспарларына өткен Үкімет сағатында депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.
«Бізге белгілі болғандай, Агенттік республиканың бүкіл аумағында орташа статистикалық үй шаруашылығында тұтынылатын тауарлар мен қызметтер көрсету жиынтығының 508 позициясы бойынша зерттеу жүргізуде. Бұл ретте тауарлар сату бойынша таңдау көлемі - 39 пайызды, ал ақылы қызметтер көрсету бойынша бар болғаны 11 пайызды құрайды», - дейді депутат. Оның айтуынша, үй шаруашылығының тұтыну шығыстарын зерттеуді қамту үлкен проблемалық мәселе болып отыр.
«Бүгінгі таңда бізде бар 4 млн. 300 мың шаруашылықтың 12 мың шаруашылығында ғана зерттеу жүргізілуде, яғни зерттеу тек қана 0,28 пайызды қамтиды. Сондықтан, бізде барлық осы көрсеткіштерді есептеу әдістемесін жақсарту туралы Агенттікке тілегіміз бар. Сондай-ақ, есептелетін баға индексінің статистикалық дәлдігі ұсынылатын ақпараттың сапасына едәуір дәрежеде байланысты болады», - дейді С. Әйімбетов.