«Қарасора — 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ақсу ауданының полиция қызметкерлері ҰҚК-нің аудандық бөлімшесімен бірлесіп, жеке тұрғын үйде есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру және сақтау фактісінің жолын кесті.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында Жансүгіров ауылындағы үйлердің бірінде тінту жүргізіліп, есірткі құрамды өсімдіктерді өсіруге арнайы жабдықталған бірнеше бөлме анықталды.
Бөлмелерде өсімдіктер отырғызылған құмыралар, сондай-ақ жасанды жарықтандыру жүйесі орнатылған, шағын жылыжай ретінде жабдықталған арнайы шатыр болған.
— Тінту барысында жалпы салмағы 5 келіден асатын 28 түп каннабис, 720 грамм жаңадан жиналған және 762 грамм кептірілген марихуана тәркіленді. Тергеу барысында Ақсу ауданының 60 және 64 жастағы екі тұрғыны анықталды. Қазір екеуі де қамауда отыр, — делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша өсіруге тыйым салынған, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.
Бұған дейін Шымкентте есірткі сайттарын жарнамалаған күдікті ұсталғанын жазғанбыз.