Үйі суға кеткен тұрғынды сотқа берген БҚО әкімдігі арызын қайтып алды

Фото: А.Сабырдың Facebook парақшасынан

ОРАЛ. KAZINFORM – Бұдан бұрын хабарланғанындай, Орал қаласының тұрғыны, мұғалім Айнұр Сабыр өткен жылы үйі суға кеткенде берілген баспананы әкімдік қайтып алмақ болып жатқанын айтып, шағымданған еді.

Айнұр Сабырдың мәлім еткеніндей, БҚО әкімдігі талап арызын қайтып алған.

- 3 желтоқсанға белгіленген сот отырысының өтпейтіндігін кеше сот хатшысы хабарлады, - дейді ол.

Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО әкімдігіне арнайы сауал жолдады.

Әкімдік талап арыздың қайтарылғанын растады.

- Талап арыз облыс әкімдігімен мүдделі тараптармен конструктивті диалог мәселесі бойынша жұмысты жалғастыру үшін кері қайтарылды. Шешім тұрақтылықты қамтамасыз ету және оңтайлы шешімді іздестіру мақсатында қабылданды, - делінген ресми жауапта. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал тұрғыны үйі суға кеткенде берілген пәтерді әкімдік қайтарып алмақшы екендігін жазған болатынбыз.