Үйі тарлық еткен қызылордалық көпбалалы ана сотта жеңіп шықты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты көпбалалы ананың тұрғын үй құқығын қорғады.

Фото: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

2024 жылы Қызылорда қаласының тұрғынына жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша есепте тұрғаны үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілген.

— Талап қоюшы жалғызбасты ана ретінде кәмелетке толмаған 4 баласымен бірге сол үйге қоныстанған. Алайда, берілген тұрғын үйдің нақты алаңы бес адамнан тұратын отбасы үшін Тұрғын үй қатынастары туралы заң нормаларына сәйкес келмейтіні анықталған. Осыған байланысты талап қоюшы уәкілетті органға белгіленген норма бойынша басқа тұрғын үй беру туралы өтінішпен жүгінген. Алайда оның өтініші қанағаттандырылмаған. Талап қоюшы уәкілетті органдардың шешімдерін заңсыз деп тануды талап еткен. Сот көпбалалы отбасыға берілген тұрғын үйдің заңнамада белгіленген нормаларға сәйкес келмейтінін анықтады. Сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, уәкілетті органдардың талап қоюшыға қатысты шешімі мен қаулысының күші жойылды, — делінген сот хабарламасында.

Уәкілетті органдар талап қоюшының бұзылған құқығын қалпына келтіруге міндеттелді.

Бұған дейін біз Қызылорда облыстық прокуратурасы алимент төлеуден қасақана жалтарған борышкерлерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабымен 32 қылмыстық істі тіркегенін жаздық.