Депутаттың айтуынша, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі ірі сауда желілерімен жұмыс істеуді ыңғайлы көреді. Алайда бұл нарықтың ерекшеліктерін ескермейді. Қазақстан халқының шамамен 40 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Мұндай елді мекендер мен шағын қалаларда ірі дүкендер жоқ.
— Оларға 40 мың «үй жанындағы» дүкен қызмет көрсетеді. Жеңілдікті миллиардтарды тек ірі сауда желілеріне бағыттау арқылы Үкімет іс жүзінде мегаполис тұрғындарының бір бөлігіне ғана жасалған сатып алуларды субсидиялап, ел халқының едәуір бөлігін қолдаусыз қалдырып отыр. Сонымен қатар «үй жанындағы» дүкендер халықты азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Олар пандемия және төтенше жағдайлар кезінде де, ең күрделі кезеңдерде жұмысын тоқтатқан жоқ, — деді Руслан Идрисов.
Депутаттың айтуынша, ірі сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) 31 түріне бағаны жеңілдікті кредиттер есебінен тұрақтандыра отырып, қалған 10 мыңға жуық тауардың үстемеақысын арттырады. Соның салдарынан жалпы азық-түлік себетінің құны жоғары деңгейде қалып отыр.
Ал ауылдарда дүкен иелері азық-түлікті пайызсыз қарызға береді. Мұндай берешектің көлемі дүкеннің барлық айналым қаражатының 50 пайызынан асуы мүмкін.
Депутат басқа да мынадай проблеманы атады:
— жеңілдікті мемлекеттік бағдарламаларға қолжетімділіктің болмауы және жылдық мөлшерлемесі 45–48 пайыз болатын коммерциялық кредиттер;
— салықтық және әкімшілік жүктеменің жоғары болуы — міндетті төлемдер операциялық пайданың 30–40 пайызына дейін жетеді.
— 2020 жылы Қазақстан Ұлттық банкі әлеуметтік маңызы бар салаларда — дәріхана, білім беру және медицинада — банкаралық комиссияларды (интерчейндж) 1,5 пайызға дейін шектеу тетігін сәтті қолданды. Бұл тәсілді «үй жанындағы» дүкендер форматындағы азық-түлік бөлшек саудасына да қолдану қажет. Дүкеннің таза маржасы 8–12 пайыз болған жағдайда, банк эквайрингіне төленетін 1,5–2,5 пайыздық комиссия дүкеннің таза пайдасының төрттен біріне дейін жетуі мүмкін, — деді ол.
Депутат сондай-ақ мынадай ұсыныстар берді:
— шағын азық-түлік саудасы субъектілері үшін бүкіл ел бойынша оңайлатылған декларация негізіндегі жаңа бірыңғай арнайы салық режимі аясында міндетті түрде сақталуға тиіс үстемеақының жоғарғы шегін белгілеу (2%-дан аспауы керек);
— отандық өндірушілердің өнімдерін сатып алу талабын енгізе отырып, жеңілдікті айналым қаражатын қаржыландыру бағдарламаларын «үй жанындағы» дүкендерге де тарату;
— «үй жанындағы» шағын дүкендерге ӘМАТ-тың көтерме партияларын жеңілдікті бағамен сатып алуға қолжетімділік берілгенге дейін, үстемеақы үшін салынатын нақты айыппұлдарға мораторий енгізу;
— «үй жанындағы» дүкендерде ӘМАТ пен негізгі азық-түлік өнімдерін сату кезінде банк эквайрингі үшін алынатын комиссияның шекті мөлшерін 0,5%-дан асырмау мәселесін пысықтау.
Осыған дейін Қызылордада 181 дүкен алкоголь сату талабын бұзғанын жазғанбыз.