Үй жануарларын чиптеу иелерінің жауапкершілігі мәселесін шешпейді – депутат

Фото: Фото: parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин қаңғыбас үй жануарларының көбею себептерін атады.

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

«2023 жылдың 1 қыркүйегінен үй жануарларын чиптеу керек болды, яғни иелерінің жауапкершілік жүктеу үшін, соңында не болды? Статистика бойынша 28 мыңға жуық итті тіркеген, бір жылдан кейін олардың саны 4 мыңға дейін қысқарды, ал қазір 900-ге жуық. Демек иелері үй жануарларын көшеге лақтыра салады деген сөз», - деді Еділ Жаңбыршин «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне арналған дөңгелек үстел барысында. 

Депутаттың айтуынша, елімізде қаңғыбас иттердің саны артып келеді. 

«Біз иелерінен жауапкершілікті талап ете бастағанда, олар иттер мен мысықтарды сыртқа лақтыра бастады, ал олардың саны артып келеді. Сондықтан мұнда кемшін тұстар бар. Біз жауапкершілікті күшейтеміз және арттырамыз деп отырмыз, ал иелері оларды лақтырады, мұны статистика көрсетіп отыр. Сондықтан үй жануарларын чиптеу арқылы біз жауапкершілік мәселесін шеше алмаймыз», - деп толықтырды депутат. 

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин қаңғыбас иттерді бір мезетте аулап, зарарсыздандыруға 15 млрд теңгедей қаржы қажеттігін айтқан еді. 

Еске сала кетсек, жыл басында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елді мекендерде бұралқы иттердің көбеюі тұрғындарға қауіп төндіріп отырғанын айтқан еді.