«Біз байланыс сапасын бақылаймыз. Ұялы байланыс операторларының операциялық қызметтеріне араласпаймыз. Олар жабдықтарды қанша ақшаға сатып алады, қаншауын орнатып, қаншалықты дер уақытында жаңартады – бұл ұялы байланыс операторларының жауапкершілігі. Біз байланыс сапасына бақылаудың болуына жауап береміз. Ғимаратта саланы интернеттің бар-жоғын өлшейміз. Егер болмаса, онда айыппұл жазып береміз. Операторлар қызметтеріне дербес жауап береді. Бізде нарықтық орта. Дегенмен, соңғы уақытта халық тарапынан шағымдардың болуына байланысты министрлік ретінде мұны қолға алдық және жаңғырту жоспарлары екі аптада бір рет қаралады. Яғни, олар қанша базалық станса орнатқанын, қанша тұрғын үй кешенінмен келісімшарт жасасқанын бақылауда ұстап отырмын», - деді Бағдат Мусин Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның атап өтуінше, ұялы байланыс операторлары клиенттер үшін күресуі тиіс.
«Ал ол үшін сапалы байланыс ұсыну қажет. Іс жүзінде осынау проблеманың бәрі нарықтағы бәсекелестіктің жеткіліксіздігінен болып отыр. Нарығымызда үш оператор бар. Бірақ, қалай болғанда да байланыс сапасы ақсап тұр. Сондықтан бір операторды жекеге беру туралы мәселені көтердім. Бізде бірдей жағдайда бір-бірімен бәсекелесетін үш ұялы байланыс операторы болса, онда бәсекелестік әділ сапаны, әділ тарифті белгілейді», - дейді министр.
Оның дерегінше, жыл сайын елімізге 3,5 мың базалық станса жеткізіліп, қалаларда орнатылады. Дегенмен, қазіргі уақытта олардың санын арттыру қажет.
Айта кетейік, министр осыған дейін Қазақстанда YouTube Premium қашан қолжетімді болатынын айтқан еді.