Ұялы байланыс сапасын «Халықтық бақылау» бағдарламасы қадағалайтын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Халықтық бақылау» мобильді қосымшасын құру жоспарлары туралы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінде (ҚР ИДМ БАА) өткен байланыс операторларының отырысында қаралды, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсеновтің төрағалығымен өткен отырысқа «ҰАТ» АҚ, «Kcell» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС, «Кар-Тел» ЖШС, «АЛТЕЛ» АҚ және «Қазақтелеком» өкілдері қатысты.

«Бүгін аймақтарда ғана емес, сонымен қатар Астана қаласында да ұялы байланыс сапасы біздің талаптарға сай келмейтін жерлер бар. Оның себептерін анықтап, оларды міндетті түрде жою керек. Бұндай жұмысты үнемі жүргізіп отыру қажет», - деді вице-министр. «Халықтық бақылау» бағдарламасын әзірлеушілердің айтуынша, ол ұялы үкіметтің қосымшасы ретінде жұмыс істеп, байланыс сапасына қатысты шағымдар мен суреттерді қабылдайтын болады.

Жіберілген ақпарат Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне және мамандандырылған өлшеу жабдықтың көмегімен байланыс сапасына мониторинг және тексеру өткізетін «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК тікелей жеткізілетін болады.

Ұсынылатын қызметтер сапасының төмендеуіне қатысты мәселелерді шешу мақсатында, мониторинг нәтижелері байланыс операторларына жіберілетін болады. Операторлар байланыс сапасын жақсарту үшін қажетті шара қолданбаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылатын болады.

Бұл әрекеттер ұялы байланыс желілерінің жұмысын тексеру барысының ашықтығын және тиімділігін арттыруға, операторлардың шығындарын азайтуға және абоненттермен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Операторлар мен ұялы байланыс абоненттері «Халықтық бақылау» мобильді қосымшасын тегін пайдалана алады.