- Болатбек, сіз шалғай жатқан жерде өмір сүріп жатырсыз. Бұл жерде сіз қандай қызмет атқарасыз?
- Мен - «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Қосбастау кардонының инспекторымын. Осы жерде маған жүктелген жұмыс өте ауқымды. Қарамағыма тиесілі 20 мың гектар жер бар. Сол жерді күзетіп, бақылап отырамын.
- Түсінгенім, сіз осы жерде отбасыңызбен бірге тұрасыз ба?
- Иә, бала-шағам өзіммен бірге. Үш балам және жарыммен осы жерде тұрып жатқанымызға үш жыл болды.
- Бұл жер ен далада орналасқан ғой. Балаларыңыз мектепке қайда барады?
- Қазір демалыс уақыты болғандықтан, балаларымыз өзімізбен бірге. Ал оқу мауысымы басталғанда Нұрым ауылындағы ата-әжесінің үйінде тұрып білім алады.
- Байқағаным, бұл жерде телефон, теледидар жоқ екен. Мұндай өмір сіз үшін қаншалықты қызықты?
- Иә, ұялы телефон, теледидар бұл жерде жоқ. Біз өзіміздің басшылығымызбен арнайы рация арқылы байланысқа шығамыз. Жаңалықтарды туыстарымыздан естіп отырамыз. Ал азық-түлігімізді 20 шақырымдай жерде орналасқан ауылдан жеткіземіз.
- Жолдасыңыз жұмыс істей ме?
- Жолдасым осы жерде кардонның көгалдандырушысы.
- Сіз үшін парк инспекторы болу қаншалықты қызықты?
- Менің әкем, Абылқас Ақбаев, «Алтынемел» паркі құрылған уақыттан бері қызмет етті. 18 жылдан астам тер төкті. Осы жерден зейнетке шықты. Мен - сол әкемнің ізін жалғастырушымын. Жұмысым өзіме ұнайды. Бұл жердің табиғаты керемет.
- Осы кардонға келушілер бар ма?
- Әрине, әсіресе, туристер көп келеді. Осы жерде 700 жылдық тарихы бар тал өсіп жатыр. Соны көруге келеді. Демалады. Таза ауа, бұлақ суы, аң-құс керемет емес пе?! Дәл осы жерде екі бұлақ бар. Сондықтан біздің кардон «Қосбастау» деп аталады.
- Балаларыңыз үшін бұл жердегі өмір қаншалықты қызықты?
- Балаларым жаз бойы бақшаға қарап, анасына көмектесіп, еңбекке араласады. Бір күні бос өтпейді. Маған да қолғанат. Бірге аумақты қараймыз. Табиғат ананы қорғауға өз үлестерін қосады.
***
Болатбектің жолдасы Әсем Омышова да өзіне осындай өмір жайлы екенін айтады. Күнделікті күйбең тірліктен тіпті уақыт та жетпей жатады дейді.
Жалпы «Алтынемел» ұлттық паркінде негізгі үш телім бар. Үшінші телімнің басшысы Жанат Несіпбай парк аумағында өте шалғай кардондар орналасқанын айтады. Мәселен, парк кеңсесі орналасқан Басши ауылынан 150 шақырым жерде, таулы аймақта өмір сүріп жатқан инспекторлар бар. Олар үшін де теледидар, ұялы телефон деген қызық емес. Жалпы Алтынемел паркінде 31 кардон бар.
Айта кетейік, биылғы жылдың 12-15 маусым аралығында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Адам және биосфера» бағдарламасы халықаралық үйлестіру кеңесінің кезекті сессиясы өтіп, онда еліміздің «Алтынемел» мен Қаратау қорығы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік тізіміне енді.