***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисимен кездесті. Қазақстан мен Мысыр арасында сауда-экономикалық байланыс бекіп, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, ғарыш, инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық артатын болды.
Мысыр Араб Республикасының Президенті Ә.Ас-Сисидің Қазақстанға сапары аясында осы мәселелер кеңінен талқыланып, келісімдерге қол қойылды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, келіссөздерден соң Мысыр Араб Республикасы Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Қазақстанға ресми сапары аясында мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
Сондай-ақ, бірқатар құжаттарға, атап айтқанда, Мысыр Араб Республикасының Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу шартына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының жарғысына қол қойылды. Қол қою рәсімінен соң Қазақстан Президенті мен Мысыр Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.
Қазақстан Президенті өз кезегінде Ә.Ас-Сисидің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде келуінің мәні зор екеніне назар аударды. «Мысыр біздің егемендігімізді араб елдерінің арасынан бірінші болып таныды. Бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты. Біз де араб мемлекеттеріндегі алғашқы елшілігімізді Каирде ашқанбыз. Мысыр - сан ғасыр бойы ғылым мен білім орталығы, өркениеттер бесігі болған қасиетті жер. Азия, Африка және Еуропаны түйістірген Перғауындар елі араб-мұсылман әлеміндегі жетекші мемлекеттердің бірі. Кейінгі қиындықтарға қарамастан, Сіз билікке келгелі жағдай тұрақтала бастағанын байқап отырмыз.
Біз Мысыр елінің ішкі тұрақтылығы берік, экономикасы қуатты мемлекет болуына тілектеспіз», - деді Мемлекет басшысы.
Мақала «Қазақстан-Мысыр: Экономикалық ынтымақтастықтағы елдер» деген тақырыппен берілген.
Кеше елордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтіп, онда үш мәселе қаралды. Күн тәртібінде Ассамблеяның «Үлкен ел үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының іске асырылуы барысы тыңдалып, Парламент Мәжілісінің V шақырылымындағы ҚХА депутаттық тобының жұмысы қорытындыланды. Сондай-ақ, Кеңес депутаттыққа кандидаттар тізімін мақұлдады. Дәл осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Достық дәстүрлері дамытылады» деген тақырыппен берілген. Г.Әбдіқалықова барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысына «Мәңгілік Ел» идеясының, сондай-ақ, Қазақстан халқының форумында және биылғы сәуірде өтетін ҚХА-ның XXIV сессиясында ұсынылатын Қазақстандық бірегейлік пен біртектілікті нығайту және дамыту тұжырымдамасының іске асырылуы жөнінде есеп беруге кірісіп кеткенін қаперге салды. Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлы өз сөзінде министрлік 19 нормативтік-құқықтық акт мен жобаларды іске асыруда екенін, оларды әзірлеу барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттары мен мүше елдер тәжірибелері ескерілгенін жеткізді. Сондай-ақ, еліміздегі бірегейлік пен біртектілікті нығайту үшін «Үлкен ел үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының аясында көптеген іс-шаралар атқарылғанына назар аударды.
***
Ұялы телефон бедеуліктің де басты себебі екен. Бұл жайында «Экспресс К» газетіндегі «Мобила до импотенции довпедет» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, Израиль ғалымдарының дәлелдеуінше, қолынан ұялы телефон түспей ер-азаматтардың аталық ұрықтарының саны кеміп, қозғалу белсенділі баяулайды екен.
«Ұялы телефонды пйдаланудың белгілі бір аспектілері аталық ұрық концентрациясына кері әсерін тигізуі мүмкін», - дейді израильдық ғалымдар.
***
«Отандық бизнесмендер Шу алқабында жайқалып тұрған сорадан арқан, мата, дәрі-дәрмек, киім-кешек, жалпы көптеген заттар шығаруды армандағаны белгілі. Енді бұл заттардың қатарын кәдімгі қағаз толтырып отыр», - деп жазады «Экспресс К» газеті «Князья Шуские» деген тақырыптағы мақаласында. «Бұл импорталмастыру саясаты аясында өте жақсы болар еді. Өйткені, бізде кеңсе қағаздарының импортына жылына 100 млн. доллар шығындалады», - дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Батырбек Әубәкіров.
Басылымның атап өтуінше, ондай қағазды шығару үшін техникалық сора қажет. Дегенмен, дәл осы сәтте проблема туындайды. Өйткені, заңға сәйкес марихуананың барлық сорты есірткі саналады.