Ұяты бар ұрылар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстамбұлда мүгедек әйелдің пәтеріне басып кірген қылмыскерлер ұрлық жасалғаннан кейін бір айдан соң қолды болған мүліктің бір бөлігін қайтарып беріп, оның алдында кешірім сұрады, деп хабарлады РИА «Новости».

Бір ай бұрын ұрылар Ыстамбұлдың Малтепе ауданында тұратын 50 жастағы мемлекеттік қызметкер Эмри Селедбидің үйіне түсіп, оның компьютері, камерасы мен видеомагнитофонын ұрлап әкеткен. Жергілікті БАҚ хабарлағандай, өткен аптаның соңында әйел адам үйге кіреберіс есіктің алдынан ұрланған компьютер, камера мен аты-жөні көрсетілмеген белгісіз хатты тапқан.

«Біз - ұрылармыз, бірақ біздің ар-ұятымыз бар. Біз шынымен де өкінеміз. Біз сіздің мүгедек екеніңізді білмедік. Өтінеміз, кешіріңіз бізді», - делінген хатта.

Бұған таңғалған әйел осы оқиғаны журналистерге мәлімдеді.

«Олар әзірге видеомагнитафонды қайтармады. Жақында олар оны қайтарып береді деп үміттенемін», - деді ол.

Бұл ұрылардың тарапынан болған мұндай бірінші жағдай емес. Өткен жылы тамыз айында британиялық басылымдарда жүзуден екі дүркін олимпиада чемпионы британиялық Ребекка Эдлингтонның ұрлық жасалғаннан кейін бірнеше сағаттан соң ұрланған медальдары қайтарылған еді. Ал оның досының автокөлігі сол күйі ұрыларда кеткен.