Үйде емделетіндер мұқият болып, ауруды асқындырып алмау керек – дәрігер

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы кезде коронавирус жұқтырғандар көбейіп отыр. Мұның себебі неде екендігін білу үшін ҚазАқпарат тілшісі Бәйтерек ауданының жұқпалы аурулар дәрігері Елена Колпаковамен сұхбаттасқан еді.

Е.Колпакова – 27 жылдық тәжірибесі бар, коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген білікті маманның бірі. Оның осы саладағы еңбегі ескеріліп, Медицина қызметкерлерінің күніне орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

-Елена Владимировна, алдымен марапатыңыз құтты болсын, қазіргі уақытта дәрігерлерге оңай еместігі түсінікті, осы орайда әріптестеріңіздің еңбегін қалай бағалар едіңіз?

-Иә, жұмыс істеу қиындады. Сәуірде ауру белгілері онша байқалмайтын науқастар түсетін. Бәйтеректегі провизорлық стационар 1 мамырдан бастап ковидке шалдыққандарды емдейтін орынға айналды. Оған қоса Оралда іссапарда болып, 14 күн облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында еңбек етіп келдім. Бәрі көзіміздің алдында өтуде. Соңғы кезде коронавирустың айқын белгілері, интоксациясы бар аурулар көбейді. Негізінен екіжақты пневмония мен тыныс алуы қиындағандар, бірқатары оттегі маскасын қажет етеді.

Көптеген адамдар үйде өздігінен емделеді. Сөйтіп ауруын асқындырып алады. Көбі 6-8 күн өткеннен кейін түседі. Осылайша вирустың бетін қайтару үшін дәрі-дәрмек белгілеудің уақыты өтіп кетеді. Бастапқы 72 сағатта аурудың клиникалық белгілері байқалса, ауру сосын өкпеге жайылады. Бұл өте қауіпті.

-Соңғы кезде бұрын коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар жиі анықталуда, бұл немен байланысты деп ойлайсыз?

-Бұл тұрғындардың қауіпсіздік шараларын сақтамауына тікелей қатысты. Қорғаныс құралдарын қолданудан көрер көзге бас тартады. Масканы дұрыс кимейді. Өзіңіз де қараңыз, біреу иегіне іліп алады, біреу аузын ғана жабады. Құр құлағына іліп қоятындар бар. Тіпті маңдайына тағып алғанды да көрдім. Той-томалақ, жиындарда бас қосу жалғасуда. Онда ауру белгісі байқалмайтындар қорғаныс иммунитеті кем адамға оп-оңай жұқтыруы мүмкін. Әсіресе, жасы ұлғайған жандар, қант диабеті, артериалдық гипертониясы, қолқа-өкпе жүйесі патологиясы, артық салмағы, қатерлі ісігі бар адамдар үшін қауіпті.

Коронавирус жұқпасының бар екеніне мүлдем сенбей, егер адамдар қаралса, бәріне осы диагнозды қояды деп дәрігерді кінәлаушыларды көргенде, жаның ауырады. Әлеуметтік желіде отырып, жалған жала жабатын сондай «вирусологтар» мен «саясаткерлерге» инфекциялық стационарда кіші медицина қызметкері ретінде жұмыс істеп көруді ұсынар едім. Кіші медицина қызметкері болу үшін кәсіби білім талап етілмейді. Сонда, бәлкім, түсінер ме еді індеттің қаншама ауыр екендігін. Адам өзін ғана емес, жақындарын ойлауы керек қой.

-Айтыңызшы, пневмония мен ковидтің айырмашылығы қандай?

-Пневмония – өкпенің қабынуы, түрлі бактерия, вирустан туындауы мүмкін. Ал COVID-19 SARS CoV-2 вирусынан шығады, сосын күрделі қабыну кезеңі басталады, қан тамырларына зақым келіп, гипоксия дамиды, мұның бәрі микро және макротромбозға әкеледі. Алдымен қан тамырлары, өкпе, жүрек, бүйрек, асқазан-ішек жолы, жүйке жүйесі зақымданады. «Ковид – пневмония» өте күрделі нәрсе, ол жіті тыныс алу жетіспеушілігі, өкпе инфекциясының тромбоэмболиясы және басқа қатерлі асқынуларға соқтыруы мүмкін.

-Індетті жеңу үшін бәрімізге не істеу қажет деп ойлайсыз?

-Ең бастысы, санитарлық талаптарды сақтау керек. Адамдар көп жиналатын жабық орындарда маска киіп, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, қолды мұқият жуу қажет. Мүмкіндік болса, үйде қалу керек. Тұрғындардың шектеу шараларын сақтамауы індеттің өршуіне әкелді. Адамдардың өзгелердің қателерінен сабақ алмайтыны алаңдатады. Өздері қателесіп барып, түсініп жатады. Өте өкінішті. Кінәлілерді іздемей, дер кезінде өзіңді де, жақындарыңды да қорғай білгенге не жетсін!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын дәрігер Сымбат Әріпжанқызы «Егер халық шектеу шараларын сақтамаса, барлық еңбек зая кетуі мүмкін» деп сұхбат берген болатын.