Үйде кранды тамшылатып, суды ысырап етпеңіз: тұрғындар нені білуі керек

АСТАНА. KAZINFORM - Су – жер бетіндегі тіршіліктің негізі және ең құнды табиғи ресурстардың бірі. Ғаламшарымыз су қорына бай болғанымен, пайдалануға жарамды тұщы су көлемі шектеулі. Сондықтан суды ұтымды пайдалану қазіргі заманның маңызды экологиялық міндеттерінің бірі.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Көптеген адам тұрмыстағы судың аздаған ысырабына мән бере бермейді. Алайда қарапайым ғана тамшылап тұрған кранның өзі айтарлықтай су шығынына әкелуі мүмкін. Мамандардың бағалауынша, ақаулы кран арқылы тәулігіне ондаған литр су босқа ағуы ықтимал. Бұл бірнеше адамның күнделікті тұрмыстық қажеттілігіне жететін көлем.

Егер мұндай су шығыны ұзақ уақыт бойы жалғасатын болса, ай сайын мыңдаған литр су рәсуа болады. Ал мұндай жағдай көпқабатты тұрғын үйлерде, елді мекендерде немесе тұтас өңір көлемінде болса, су ресурстарына түсетін жүктеме едәуір артады.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі суды үнемдеу тек табиғи ресурстарды сақтау үшін ғана маңызды емес екенін атап өтті. Суды тұтынушыларға жеткізу үшін су тазарту құрылыстары, сорғы станциялары және инженерлік желілер үздіксіз жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде электр энергиясын қажет етеді және қоршаған ортаға қосымша әсер етеді. Сондықтан суды ұқыпты пайдалану табиғи ресурстарды сақтаумен қатар, энергия тұтынуды азайтуға да мүмкіндік береді.

Әрбір азамат су ресурстарын сақтауға өз үлесін қоса алады. Ол үшін қарапайым қағидаларды ұстану жеткілікті:

• сантехникалық құралдардағы ақауларды уақытылы жөндеу;
• тіс тазалау немесе қол сабындау кезінде кранды жауып қою;
• тұрмыстық техниканы толық жүктемемен пайдалану;
• үй жағдайында су шығынын бақылау;
• балаларға табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мәдениетін үйрету.

Суды ұтымды пайдалану – бұл тек үнемдеу ғана емес, сонымен қатар экологиялық жауапкершіліктің көрінісі. Су ресурстарын қорғау – болашақ ұрпақ үшін қолайлы қоршаған ортаны сақтауға бағытталған маңызды қадам.

Айта кетейік, Астанада оқушыларға арналған су үнемдеу зертханасы таныстырылды.

Су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға арналған жаңа білім беру ресурсы әзірленіп жатыр.